Кешірші мені...

Кешірші мені...
жеке
блог

Жол... Алматыны бетке алған автобус бүгін ғана жауып, еріп үлгермеген қалың қарда тайғанақтап кетердей баяу қозғалып келеді. Терезеден сыртқа көз тастап, із тастап кетіп жатқан көліктерге қарап мен отырмын. Жолаушылардың бәрі әлдеқашан тәтті ұйқыға кеткен. Ой жетегіне алып мені талай жерге апарып тастады. Сондағы ойлайтыным бір жан. Сағынып, сарғайып, қоңырауын зарыға күтіп жүргенімді білмейтін, білсе де білгісі келмейтін бір жан. Ойланам. Біз неге бұлай болып кеттік? Кім кінәлі? Бірде бар болып, бірде жоғалатын, қайта хабарласып көңілімді көкке көтеретін ол ма, әлде тым "тәрбиелі" болып кетіп, тым ұялшақ болып кетіп оған хабарласа алмай жүрген мен бе? Мен ренжітіп, көңіліне қаяу салсам да кешіріп, қайта хабарласатын ол ма? Мен екем-ау... Қалайша бұған жол беріп қойдым? Қателеспеймін деп жүріп, қалайша қателескенімді аңғармай қалғам? 

Туған күнімде хабарласса екен деп күттім. Хабарласты, құттықтады. Артық сөйлеспедік. Мен де "Сөйлесе тұрайықшы" демедім. Дегім келмеді емес... Айта алмадым... Дауысынан көңіл-күйінің жоқтығы аңғарылды. Ал мен болсам "Жағдайың қалай?" демедім. Неге? Сұрақ көп, жауап жоқ. Өзге біреу қойып, жауап бере алмау ештеңе емес, өзің қойған сұраққа өзің жауап бере алмау деген...

Ал менің сөйлескім келіп жүр. Сағынып жүрмін...Хабарласып, кешірім сұрағым келеді бәрі үшін: маған хабарласып, жүрегіме жылынғысы келгенде жолатпағаным үшін, жан сырын айтқысы келгенде тыңдауға құлық танытпағаным үшін, керек кезінде жанынан табыла алмағаным үшін, хабарласып, халін біле алмағаным үшін, үшін, үшін, үшін...

Мен келсем, Алматыға қыс келіп қойыпты. Есіме алдым тағы да еріксіз. Біз жүріп өткен жолдар, жүрген көшелер, аялдамалар, театр, Жазушылар Одағы... бәрі, бәрі оны есіме түсіреді. Түсіреді де, көңілге мұң ұялатады... Ол тұратын, ол жүретін көшелерге тартып кеткім келіп тұрады. Алдымнан шығып қалардай елеңдеп жүрем. Шынымен осылай біте сала ма барлығы?  Шынымен де ол енді ешқашан да тәтті сөздерін арнамай ма? Шынымен қол ұстасып қыдырмаймыз ба? Шынымен біз бір-бірімізге жат адамдармыз ба?.. Жанарыма толып қалған жасты кері итеріп жібердім...

Кешірші мені, кешірші, Күнім... Сағынып кеттім сені...