Махаббат жайлы бірер сөз

Махаббат жайлы бірер сөз
жеке
блог

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы махаббатты ауырулар қатарына қосқанына біраз уақыт болып қалды. Ең бір әдемі сезімге F63.9 деген халқаралық шифр қойып, қауіпті жүйке ауыруларының тізіміне енгізген. Бұл интернетсүйер қауымның бәріне белгілі жәйт. Бірақ мұның өтірік-шынын (ауызымыз талай күймеп пе еді?) өзім тексеріп көрейін деп, Гүлгүл-ден іздей бастадым. Ақпарат көп екен, бірақ ең дұрысы әлем дәрігерлері ұйымының ресми сайты болар деп, соған кірдім.

Рас екен. "Ауырулардың Халықаралық Классификациясының 10-қайта қаралуы" (ICD-10) дейтін тізімде махаббатты "Habit and impulse disorder, unspecified" (Әдеттер мен әуестіктердің бұзылуы, анықталмаған) деп атап, психикалық дерттер жинақталған бесінші топқа қосыпты.

Жаңа ауырудың белгілері мынандай екен: көңіл-күйдің күрт өзгеріп тұруы; басқа адам туралы беймаза ойлар; өзіңе деген аяушылық сезімі; өзіңе өзің асыра баға беру; ұйқының үзік-үзік болып бұзылуы немесе мүлде қашуы, ойланбай істелген, оқыс әрекеттер; бастың ауыруы; қан қысымының жоғары-төмен өзгеріп тұруы; беймаза, жабысқақ идеялар. Ғашықтықтың нышандарын дәл көрсетіпті қасқалар. Бірақ бет келбетінің құбылып тұруы, уақыт, мерзімді дұрыс анықтай алмауы мен көздің бұлдырауын қосуды ұмытып кетіпті^_^

Жарайды, ауру-ақ болсын. Алайда тізімдегі қасында тұрған топсастырына қараңдаршы:

F63.0 Құмар ойнауға әуестік, ойынқұмарлық;

F63.1 Пиромания (өрт қоюға әуестік);

F63.2 Клептомания (ұрлық жасауға әуестік);

F63.3 Трихотилломания (шаш жұлуға әуестік).

Әлгі бір мәтелді сәл өзгертіп "Көршіңнің кім екенін айтсаң, өзіңнің кім екеніңді айтам" деу ғана қалды.

Бірақ үлкен күдігім бар. Осы Батыстың психологтары мен психиаторларының аңқау жерлестерін не болса содан емдеп, ақша табуға деген ынталықтарымен атағы шыққан. Бұл да соның салдары ма деймін. "Махабаттан емдеу" сеанстарын өткізіп, "Ғашықтықтың бірден-бір шипасы - Антилавин" деп дәрі жазып беруілері де әбден мүмкін.

Жаратушының адамзатқа берген ерекше сыйы маххабат сезімі. Шынайы махаббат өлім секілді адамға бір-ақ рет келеді екен. Ал жақсы көру, ұнату, қызығу, ынтығу, достық, сыйластық, құрметтеу, ардақтау, бұлардың барлығы пәк махабаттың жекелеген бөлшектері ғана ма деймін. Бұларды әрбір адам өмірінде басынан өткізетіні анық. Ал шынайы маххабат құдіретін сезіну кез-келген пенденің маңдайына жазылмаған.

 

Антилавин жарнамасы