Ұлттық бояу дегенде... әжем еске түседі!

Ұлттық бояу дегенде... әжем еске түседі!
жеке
блог

 

         Алдымен, алдағы төл мейрамдарыңызбен! Наурыз дегенде өзіміздің қазақ екеніміз еске түседі ғой. Неге екенін, бүгін өзімше толқып, әжемді көп ойладым. Бұрын да осы бір ұлы да ұлттық мереке қарсаңында ол кісі есіме жиі түсетін.  ...Халқыңа деген сүйіспеншілікті жанұяңмен шатастырма, бұл екі ұғым екі басқа деген пікірді жиі естимін. Алайда халық даналығында "Отан отбасын сүюден басталады" деген нақыл сөз тағы бар. Менің айтпағым, бұл екеуінен де басқа нәрсе. Яғни, ұлттық құндылықтар жайлы балалығымдағы бастау ойларды еске түсіру.

         "Баяғыда біз бүйтуші ек, қазір оның бірі жоқ", иә болмаса, "біздің кезімізде былай еді, қазір  олай емес"...Осы пікірдің жауыр болғаны соншама, кейде құлаққа түрпідей тиеді. Әрине, жайдан-жай айтылмайды, бәрі өткеннің, сол өткенмен өткен өкінішсіз күндердің садағасы шығар. Кейде ойлаймын, шешем мені осы 2012 жылы туса да, бәрібір "Қыз Жібек" фильмін көріп өсер ем, бәрібір ертегі-жыр оқып қиялдап бойжетер ем сол бұрынғыдай. Қанша уақыт өтсе де, ұлттық бояуды жоғалтпай өмір сүруге болады.

         Ұлттық бояу дегенде неге екенін білмеймін, бала күнім, әжем ойыма ооралады. Тіршілікте ол адам бізге «әйт,бүйт» деп ақыл айтып, мазасызданбады. Үйреткісі келген нәрсесі, тәрбие атаулы ол кісінің әрбір ісінен, қылығынан көрінетін.

                  Ұлттық бояу дегенде мұрныма әжем басатын киіз исі келеді. Маңай-маңайдан жиналған көрші әжейлердің мәре-сәре дауыстарының өзі үйіміздің ауласында мейрамға айналатын...Сөзі есіме түспей отыр, әуені халық әніне жақын әндерді жиі айтатын. Қазір қыста ғана төсеп, көктем шыға жиып тастайтын сол киіздерді көрсем, көзімнен тырс-тырс тамшы тамады, көңілім босап, қатты құлазим...Әжем жарықтықты қатты  сағынам!

Ұлттық бояу дегенде әжетайымның риясыз көңілі, өнер атаулыны шексіз құрмет тұтатыны еске түседі. Әжем Әбілқайыр Сыздықов пен Айнұр Тұрсынбаевалардың айтыстағы тартысын қалт жібермей тыңдап, сүбелі сөз, ұтымды ойларына өзінше баға беріп отырушы еді.

          Сол кісінің қызы болып өскесін бе, әжем есіме түсе береді. Ауылыма барған сайын үйдегі зат атаулыға қарап ол кісіні еске алам. Әсіресе, сөредегі кітаптар арасынан батырлар жыры көзіме оттай басылады. Әжеме Төрехан , Ер Қосай батырлар жайлы жырларды шаршамай оқушы едім. Елін сүйген хас батырлар жаумен шайқаста жүріп, сәл мертігіп, болмаса сәтсіздікке ұшырай қалса, пештегі таба нанды әрі-бері аударып, екі ортада қалбалақтап  жүрген менің әжем отыра қалып, жас балаша жылайтын. Мұныңыз не десем, "әрі қарай не болар екен, осы қалмағы құрығыр құртты-ау" деп ызаланып қоятын. Әжемнің сол кездегі, менің жеті жасымдағы кейпі әлі де көз алдымда, қабағы бір түйіліп, бір ашылып, бір жадырап, бір тұнжырап отырады. Жыр бітісімен иығынан ауыр жүк түскендей  орнынан лып ете көтеріліп, тірлігіне кіріседі де кетеді.

         Ұлттық бояу дегенде әжемнің әжесінің талай жылдар бойына сақталып келген жүктері, сол арқылы әжемнің өткен ғасырға деген сағынышы есіме түседі. «Жарықтық, әжем ғой,  шешемнің жүгіне арнап жасаған екен ана.а.а.ау бір жылдары , енді сол түйе жүн көрпе маған да жетір отыр, заман қиын болса да адамның сыйлы болғанынан асқан не бар, бұлар – сендердің де ырысың», - дейтін де, алдындағы көрпешені ұзақ сипап, терең күрсініп, артынша жымиятын.

 

         Осынау марғау тірлікте еске алып, ақтық сапарға шығарып тастайтын қариялардың өліміне адамдар аз қайғырады. Әжем дүниеден озғанда Алматыда, оқуда болдым. Мен үшін ол кісінің қазасы қазақтың Қадыры мен Тұманбайын жоқтағанындай әсер қалдырды. Өйткені, туған ел мен жердің қадірін шын бағалауды, халық деген үлкен нөпірдің ғасырлар бойы жоғалтпай сақтайтын шын мұрасын сондай асыл адамнан көріп өстім. Өйткені, менің балалығымдағы ұлттық құндылықтар жайлы алғашқы кірпіш те әжемнен дарыған, сол арқылы дамығам!   

         Түсімде әжемді жиі көрем. Шешем құйған сырлы кеселерден рахаттана шай ішіп, кішкентай немерелерін алдына алып «ақбас тайлақ, әй, ақбас тайлақ» деп қояды кейде... Сағынғаным-ай!