Түнгі такси

Түнгі такси
жеке
блог

         Сапырылысқан күні бойғы қала қозғалысы кеш бата тынышталды дегенде, түнгі тіршілік өз шымылдығын ашады. Үкілер оянар, қоғамдық көліктер сап тыйылар кез. Оңтайлы сәтті тосып тұрғандай, түнгі таксилер жорыққа аттанады. Түнсонарда қалталарын қалыңырақ қамдап қалам ба деген дәмемен таңға шейін көз ілмейтіндер қаншама. Жол шетінде қол көтеріп тұрған бір-бір тағдыр иелерін көңіліне қонымды теңгесіне қарай қалаған нүктесіне жеткізеді. Кімді де болса ырқына идіріп жүрген сол баяғы күн көрістің қамы. Несі бар, бұл қосымша кәсіпке ауызданғаныма көп болмаса да, жүре-жүре, көшелерді жатқа біле қаланың о шетінен бұл шетіне кептеліссіз, кедергісіз кезде ойқастайтыным бар.

         Клиент. Арнайы тапсырыспен біздей «таксистерді» шақырмағанмен, жолдан тоқтатып, сұрап, тіптен кейбіреулері көлігіңе қарай қалап алады. Құны удай қымбат көздің жауын алған көліктердің де бізбен көкпарға түсіп, көп клиеттеріңді қағып кеткенде, «осыларға не жетпейді екен?» деп қаласын. Бәлкім, бағасы қымбат жанармайдың жағадан алғанынан дейін десең, тағы да қисынға келмейді. Жарайды, МАЙ азығы мен таксист азығы жолда деп, тәуекелмен Алматы түніне шығып кетеміз. Бір қызығы кейде ұйқың келіп, маужырағанында кезіккен әзілқой клиенттер көңіліңді көтеріп жібереді. Керісінше, кіргеннен тұйықтығымен тұқыртқан талайлар үндемегенімен қоймай, ойнап жатқан қазақша әуенді жақтыртпағандай құлаққабымен қымталып алады. Несін айтасын, жас та, кәрі де, былайша бәрі де көз елегімізден, әңгімелері сана сүзгімізден өтеді.

         Қыстың азуы енді шыға бастаған шақ. Түн. Сайын көшесімен жоғары көтеріліп келе жатқанда әдеттегідей екі, жоқ үш адам тоқтатты. Не қазақша, не орысшаға тілдері келмейді. Қарап күле береді баратын көшелерінің атын айтқасын. Ішіп алған дейін десең ұқсамайды. Ежелеп, ежіктеп отырып ұқтым-ау. Сөйтсем, ағылшындар екен. Әл-Фараби мен Фурмановтың қиылысындағы отель. «How much?»деп өз тілдеріңде сұрап едім, күлімдеп «500» деді. Басқасы басқа, американдықтардың үнемі өтірік болса да, кімге болса да күлімдеп жүретіні ұнайды. Жасандылық болғанмен. «Ат кісінескенше», ағылшындардың тілін бір жылдан артық арнайы курсқа барып үйреніп жүрген мен үшін, бұлар нағыз таптырмас тілімді сындырып, жаттықтыруға табылмас дайын тәжіребие емес пе? «Қыдырып келдіңіздер ме?», «Алматы ұнады ма?», «Осыған дейін Азия мемлекеттерінде болып па едіңіздер?» деген секілді менің қызығушылығымды танытып, пікір алмасар жеңілдеу сұрақтардан бастадым. Тартынбады. Бір күліп алып,  әсерлерімен жайлап бөлісті. Алғашқы сапарлары екен. Мүлдем бөлек, кез келген адамды бір түрлі тартып тұратын «магнитті қала» деді. Бірақ ең ұнамағаны, кері әсер еткені көліктердің көшедегі тәртібі. Қалайша бір бірінің алдын кесіп, қызылдан өтіп, сигнал беріп айқайлап және ең қызығы өрт болып жатқандай неліктен көбі асығып, қатты жүреді дейді? Мм, ойланып қалдым. Осы жолы мен де күлдім. Сөйткенімше, алдымды біреу  кесіп үлгеріп, жыпылықтап тұрған сары соңғы рет көзін жұма бергенде өтіп, тынды. Джени деп өзін таныстырған орта жастағы әйел әңгімесін әрі жалғады. Вирджиниядан екен. Бізде дейді, «тәртіп адамға емес, адам тәртіпке бағынады . Жаяу жүргіншіні көргеннен жылдамдық азайтып, жол береміз. Айналып келгенде көлік адамды емес, адам көлікті басқарған робот болмағандықтан абайлап жүру әркімнің парызы емес пе?». Ойланып қалдым. Күлмедім. Сөзінің жаны бар. Екеуміз екі бөлек мемлекеттің адамы болғандықтан, айтылып жатқан әңгіме ертеңгі күні Джейн мен менің емес Америка мен Қазақстан адамдарының жалпы сұлбасын берерін сездім. Сондықтан, әр айтқан уәжін ақтауға тырыстым. «Байқасаңыз, сіз айтқан  ереже бұзып, алдыңызды кесетіндер  көбіне Х, В сериялы номері  барлар (қаралағаным демеңіз, өз сараптау тәжіребиемнен), бірақ бәрі емес. Асығатындары, біздің қалада көліктердің көптігі соншалық, жолға сыймай секунд сайын көбейгенінен кептеліс тез-ақ басталып кетеді. Сондықтан «әр секунд қымбат» деген ұранмен жүреміз деп қойдым. Күлді. Отбасымен көп мемлекеттерде саяхаттапты. Ол американдықтардың, былайша отбасылық үрдісі екен. Көлік ішіндегі қалған екеуі әңгімеге көп араласа қоймады. Түнгі қаланы терезе ішінен тамашалағанды жөн көргендей. Ертеңіне қайтады екен. Әне-міне дегенше, Әл-Фарабимен ызғыта отырып, қызу әңгімемен жылдам жетіп қалдық. Бірнеше минуттық жолсерік болған Джейнге «сіздің мемлекетте көріскенше! » деп қысқа аралықта сіңіріп үлгерген әдетім бойынша күлімдедім. Олар да жылы қоштасып өз жайымен кетті.

P.S. Көше. Клиент. Таксист...