Бүлдіршіннің періштеге хаты

Бүлдіршіннің періштеге хаты
жеке
блог

 

Қоңыр күрең күз… Жапырақтар сарғайып, жерге түсіп сары кілемдей жайылып тұр. Күзде келгенін сездірткендей жерге тамшылап жаңбыр ағып тұрды. Көше де келе жатыр едім, жылап отырған бүлдіршінге көзім түсті.
Нұрлы дидарына қарап едім, көзінен теңіздің тұңғиығындай жатқан мұң көрдім. Алғашында мені көріп, аздап сасқандай болды. Кейіннен сөмкемдегі тәттіні ұстаттым. Сәл ентігін басқан соң, одан сұрадым:
— Балақай, саған не болды? Неге сүйкімді жанарыңнан мөлтілдеп жас ағып тұр? Әлде әлдебіреу саған қол көтерді ме? Кішкентай сәби: -Жоқ… Менің әкем арақ ішеді. Үйде күнде ұрыс болады. Мама жылап, бізге айқайлайды…
Сұрағыма жауап тапқаннан кейін, өзмнің де жанарымнан жас тамды. Содан ойланып, тамаша нәрсе жасадым. Даир есімді балаға хат жазайық дедім. Ол түсінбей: 
-Қалай сонда? Кімге жазамыз? — , деп мені сұрақтың астына алды. Сәби жүректі алдауыма тура келді. Оған былай дедім:
— Әр адамның алып ғаламда тілегін орындайтын періштесі бар. Егер сен қиындықтарың мен тілектеріңді жазатын болсаң, ол міндетті түрде оқиды. Сол кезде сенің бүкіл арманың орындалады.
Баланы оңаша қалдырдым. Біраз уақыттан соң қайта келдім. Ол хатын маған берді. Сірә, мені сол періштесіне жеткізеді деп, ойлаған секілді. Хатын ашып оқығанымда, онда былай жазылған.

Қымбатты, менің періштем! Бейтаныс әпкенің айтуымен мен саған хат жолдап отырмын. Менің тілегімді орындай аласың ба? Мен өзгелер секілді ойыншық не телефон сұрамаймын. Тек, әкем арақ ішуін тоқтатса деймін. Бұрынғыдай бәріміз ойнап, күліп жүрсек деймін. Менің осы тілегімді орындай аласың ба? ...

Дәл, осылай жазылып тұрды. Сол кішкентай сәбидің сөздері менің өмір туралы ойымды 180 градусқа бұрып жіберді. Шіркін, өмір десеңші! Ішімдікке бола бар жиғанымызды отбасымызға жұмсамаймыз. Сол харам сусын алып, бір мезеттік рахатқа бөленеді екенбіз! Соны біле тұра, той — думандарда шарап — арақтарды аямай құямыз. Кейіннен, ұрыс- жанжал болады. Сол арақтың кесірінен қаншама отбасы талқандалып, сәбилердің тағдырлары екі ортада қалды. Осындай пәледен де елімізде жетімдер шығып жатыр! Сонда, бұл сәбилерді кім ыстық махаббат пен мейірімге бөлейді екен ?! 

Ия, сәбилер кішкентай аңқау көреміз. Бірақ, сөздерінің астарында терең мағыналы ой жатыр. Ойланайық, сол харамға бола отбасыдан безу дұрыс па? Лайым, осындай халге душар болған әр сәбидің тілегі періштенің құлағына шалынсын!