Көкейімде шырқалмаған бір ән жүр

Көкейімде шырқалмаған бір ән жүр
жеке
блог

СЕН КЕЛГЕНДЕ

Мені іздеп келдің сен

Бойыңда махаббат алаулап,

Жаныңда жас арман сан аунап.

Сен келдің арқаңа қондырып

Мен туған хажайып ғаламды ап.

 

Жеттің сен думанды

Сол ауыл кешінен,

Топырақ уыстап туған жер төсінен.

Сен келдің ботадай боздаған шағымда,

Тұманды күндері адасқан көшінен.

 

Жұпар леп аңқиды балғын жас денеңнен,

Ол иіс- ел исі, жер исі.

сенем мен.

Құямын көкірек тұсынан кеудеме,

Өмірім өшкенше өртеніп өбем мен.

 

Көктеді жадымда дүние жаңарып,

Өткен бір елестер қайтадан оралып.

Мендегі сағыныш секілді сарғайған

Жапырақ жамалын жатамын оранып.

 

ҚОҢЫР ҚҰЛЖА ҮЙІРІ

Қара нардың өркешіндей бұл таудан,

Күміс мүйіз арқар ауған, бұлт ауған…

Тораңғы мен тобылғылар бүрлеген,

Арқарлардың жасыменен бір тамған.

 

Мекен іздеу- ол қандағы тектілік,

Қу медян құла түзге бет бұрып.

Қоңыр құлжа тартты үйірі дүркіреп,

Секі тастың сеңгірінде көп тұрып.

 

Арқар ауды, арқа желі ызғырық,

Сырқыратты сүйектерді күзде ұлып.

Тартты құлжа арманының тұсауын,

Күреңбелдің көдесіне үздіріп.

 

Тұяқтарын томар қақты, тас қақты,

Жанарларын мөлдір-мөлдір жас жапты.

Таптыдағы тартты алдыға серілер,

Ғасырлардан қалған көне соқпақты…

 

Тамырында қайнаған қан – толы ағын,

Қимастықтың қиқым етіп жолағын.

Дүркіреген арқарлардың ішінде,

Өзім кетіп бара атқандай боламын!

 

НЕ ТАПТЫМ

Сүйіп едім не таптым?

Сүйкімімді кетірдім.

Күйіп едім не таптым?

Күйік тартып отырмын.

 

Қарай беріп не таптым?

Көз жылады қарығып.

Сағынғаннан не таптып?

Сабан болдым зарығып.

 

Жолығып ем не таптым?

Жолда жүрмін серіксіз.

Аңсап едім не таптым?

Аңырадым еріксіз.

 

Іздегеннен не таптым?

Із көрсетпес епті ғой.

Құмартқаннан не таптым?

Қолға қонбай кетті ғой.

 

Шүйлігіп ең қыранша,

Аңға түстің жаңылып.

Жантай енді жүрегім,

Айдың нұрын жамылып.

 

 

АҚ ТОРҒАЙ

Ақ ұлпа қанат ақ торғай

Сен де бір жетім құс едің,

Мен де бір жетім ұл болдым…

Басына жүрген бақ қонбай.

 

Аспаның сенің тұманды,

Ертеңім менің күмәнді.

Салтанатымды мұң алды,

«самарқанымды су алды».

 

Көнем де қайтем көнем де!

Айнала ұштің төбемде,

Еркелік кетті сенен де,

Еркіндік кетті менен де.

 

Қона алмай жүрсің, қайтейін

Айналып аша бұтаққа.

Қона алмай жүрмін, қайтейін

Қонысым құрып, жұтап та.

 

Таңдайыңнан бал тамбай,

Қайғыдан қара қан тамған.

Арқардай ауғам, өткенде

Арқаның желі арқамнан.

 

Мен саған қамқор болайын,

Сен маған сүйеу бол жаным.

Біздерге басқа, осынау

Паниде пана жоқ жаным.

 

АҢСАУ

Көңілімнен өшіре алмай ескі ізді,

Аттандырдым құсқа байлап көп күзді.

Көк бөрінің үні ме екен қарлығып,

Бұла дауыс булыққан шер жетті ізгі.

 

Шуағына жерік болып жоқ нұрдың,

Жесір күннің желкесінде көп тұрдым.

Өзім ерте арулаған бақыттың,

Қабіріне құран оқып кеп тұрмын.

 

Сайқал тірлік саясында қалғыдым,

Мен аңсадым ару көктем жаңбырын.

Жалған күнге уәж айтып жатады,

Шындықтары кебінделген тағдырым.

 

Ақын мұңы деуші еді ғой сері мұң,

Айта-айта сері мұңнан жерідім.

Сұлулыққа құштар болған көңілім,

Басыларма сенің ғазез жерігің?!

 

Балғын ғашық сүйенген бала талға,

Нілін құйып ақ гүлдің алақанға.

Бағзы күнім басын қайта бұрардай,

Алатауға қараймын ала таңда.

*  *  *

Қызықпайтын қыз ұнатар алтынға,

Шалқы көңіл шалқарыңа шарқ ұрда.

Табанымның табы түссін нар құмға,

Жанарымда жайдің оты жарқылда.

 

Көктем келсе көкорайлы түлеп қыр,

Менің жаным сұлулықты тілеп тұр.

Қара тасқа жабыса өскен қынаға,

ғашық болған жүрек бұл.

Қызықтырмас қызығы жоқ қуыс бақ,

Гүлден шырын жйнағанмын уыстап.

Шер көңілдің шерін шертіп жатамын,

Жұмыр жердің жүрегімен тыныстап.

 

Қыран үні- салған әнім дегенім,

Биік-арман, биік ұшсам деп едім.

Дүниенің дүбірімен дүрлігіп,

Дұр батырдың соңына еріп келемін.

Көкейімде шырқалмаған бір ән жүр,

Көз алдымда көлбеңдейді бұлаң нұр.

Айғай ,көңіл, қызғалдақ боп көктерсің,

Жатқанымен қырау қыр.

БОСТАНДЫҚ

Жүрегімді улаған жоқ құнсыз мұң,

Мұңым менің жалған болса…құнсызбын.

Табиғаттың суреткері едім мен,

Әр көңілге келеді ылғи күн сызғым.

 

Сайтан дүние сезімімді жиі ұрлап,

Үн бойымды шаққылайды бүйі бақ.

Жүректерге жаһұт шашқым келеді,

Көкірегіме күн жауһарын құйып ап.

 

Бөрі бабам жортқан дөңде ұлыдым,

Заһар түннің зәрін жұтып суыдым.

Шолпан туар шақты аңсадым, жамылып

Жыртық қостың жұртта қалған жұлығын.

 

… Табиғаттың суреткері едім мен,

Әр көңілге келеді ылғи күн сызғым.

 Қуанәлі Алмасбекұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті.