ҰШТЫ-КҮЙЛІ ЖОҒАЛҒАН ҰШАҚТАР

ҰШТЫ-КҮЙЛІ ЖОҒАЛҒАН ҰШАҚТАР
жеке
блог

Малайзия әуежайынан көкке көтерілген Boeing-777-200 рейсінде алдын ала берілген мәлімет бойынша Қытайдың-154, Малайзияның-38,Үндіс­танның-5, Индонезияның -7, Австралияның -7, АҚШ-тың -4, Францияның-3, Ресейдің-3, Канада, Украина және Жаңа Зеландияның екіден азаматтары болған. Сонымен бірге экипаждың 12 мүшесінен де хабар-ошар жоқ.  Кейбір деректерге қарағанда, Пекинге қарай ұшқан Боинг-777 ұшағы Вьетнамның су жағалауының үстінде іс-түзсіз кеткен. Қазір әлемнің онға жуық елінің кемелері мен жоқ іздеген ұшақтары мұхит үстін шарлап жүр. Әзірге ешқандай дерек жоқ. Дүйсенбі күні Оңтүстік-Қытай теңізі суы­ның бетінен май дақтарының табылғаны айтылды. Бірақ мұның жоғалған ұшаққа еш қатысы жоқ болып шықты. «Бұл ондаған шақырымға созылған су бетіндегі май мұнай таситын танкерлерден қалған болуы мүмкін» деген болжам айтылды. Кеше АҚШ Қарулы күштерінің басшысы жоғал­ған ұшақты іздеуге өздерінің соңғы за­манауи қарумен және құралмен жабдық­талған екінші әскери кемесін аттандырды. Қалай айтқанда да, «Боингтің» із-түзсіз кетуі әлемдік авиация тарихында бұрын-соңды болмаған құпия оқиғаға айналып отыр. Сонда ұшақ қайда кетті? Болжамдар әртүрлі, бірі «техникалық ақаудан» десе, екіншісі «лаңкестік әрекеттің салдарынан ұшақ әуеде жарылып кетуі ықтимал» деген жорамалдар айтылуда. Радарға апат алдында болатын дабыл да түспеген, ұшқыштардан хабар да болмаған. Белгілісі – Boeing-777 ұшағы өзінің ұшу бағытын күрт өзгертіп, қайтадан өзі әуеге көтерілген бағытқа қарай кері бұрылған. Бір қызығы, басқа біреулер­дің төлқұжатымен ұшқан екі адам туралы пікірлер айтылуда. Оның бірі–Луиджи Маралди деген итальяндық азамат, ол қазір Таиландта демалып жүрген көрінеді. Екін­шісі Австрия азаматы –Кристиан Коцэл. Екеуі де осыдан бірер жылдан аса уақыт бұрын жеке төлқұжатын ұрлатып алған. Белгісіз екеу осы екі азаматтың құжатымен ұшып шыққан. «Олар лаңкестер болуы мүмкін». Бұл жорамал қаншалықты ақиқат?


Дерек пен дәйек 
1995 жылдың 31 наурызы күні Бухарест әуежайында Брюссель бағытына енді көтерілген Румынияның Tarom компаниясының әуе лайнері жермен-жексен болып, экипаждың 11 мүшесі мен 48 жолаушысы қаза тапты.
1997 жылдың 26 қыркүйегінде Индонезияның Суматра қаласының маңында елдің Garuda авиакомпаниясының ұшағы апатқа ұшырап, 234 адам қайтыс болды.
1998 жылдың 16 ақпанында Тайвань авиакомпаниясының А-300 әуе лайнері қалың тұманның кесірінен әуежай маңындағы тұрғын үйге соғылды. Апаттың салдарынан 203 адам келмеске кетті. 
1998 жылдың 11 желтоқсанында нөсерлеп жауған жаңбыр мен қалың тұманның салдарынан Таиландтың А-310-200 ұшағы экипажының 14 мүшесі мен 132 жолаушысы қайтыс болды. Тек 45 адам ғана құтқарылды. 
2000 жылдың 31 қаңтарында Кения әуежайынан ұшып шыққан 
А-310 әуе лайнері Гвинея бұғазына құлады, бұл 170 жолаушының соңғы сапары болса, 10 жолаушы аман қалды. 
2000 жылдың 23 тамызында Бахрейннің әуе лайнері Парсы шығанағына құлап, әуе бортындағы 143 адам келмеске кетті. 
2001 жылдың 12 қарашасында АҚШ-тың Кеннеди әуежайынан ұшып шыққан ұшақ Нью-Йорктің Квинс ауданына құлап түсіп, 260 жолаушы қаза тапты. 
2006 жылдың 3 мамырында Арменияның «Армавиа» компаниясына қарасты А-320 аэробусы Қара теңізге құлап түсіп, тосын апат 113 адамның өмірін жалмады.


Интерполдың бас директоры Рональд Ноубл қазір әлемде азаматтардың 40 мил­лиондай төлқұжаты жоғалғанын айтады. Қазір Оңтүстік –Қытай теңізінде Малайзия, Австралия, Қытай, Таиланд, Индонезия, Сингапур, Вьетнам, Филиппин мен АҚШ елдері іздестіру операциясын жалғастырып жатыр. 
Қалай айтқанда да, қазір ұшақпен ұшу ең қауіпті оқиғаның біріне айналып барады. Соңғы 100 жылдықты алып қарасаңыз, «әуе кемесінің» апаты жиілеп кеткенін байқай­сыз. 
Өткен жылы Рио-де Жанейродан мыңдаған шақырым ұшқаннан кейін бақылау радарынан көрінбей кеткен ұшақтың сынықтары мұхит айдынынан екі күннен кейін табылды. Қалай айтқанда да, 228 адамы бар 20 елдің азаматы әуе апатына ұшырады. Оның ішінде 12 ұшақ эки-пажынан басқа, 126 еркек, 82 әйел, 8 сәби болған. Бра­зилия­ның Ка­бо-Вер­де жа­ға­лауы­ның үс­­тін­де оқыс оқи­ға­дан шошынған жолаушы­лар алыс­­тағы ту­ған-туыс­та­рына ұялы телефон арқылы SMS жіберіп үлгергені тір­келген: атап айтқанда, «мен қорқамын», «мен сені жақсы көремін», «ен­ді не істейміз?» деген сарында жіберген ха­барламалар соңғы рет қошта­судың сипаты болып қалғанға ұқсайды. Апатқа ұшыраған ұшақта Бразилияның 58 азаматы, 26 неміс, тоғыз итальян, тоғыз қытай, алты швейцар­лық, бес ливандық, бес британдық, төрт венгер, үш ирландық пен Норвегия азама­ты, сондай-ақ Словения, АҚШ, Австрия, Ресей, Швеция, Түркия, Хор­ватия, Эс­то­ния, Канада азаматтары болған. Екі күннен кейін Бразилияның қорғаныс министрі Нелсон Жабин Атлант мұхитынан Бразилия жағалауына мыңдаған шақырым жердегі айдын бетінен Aіr France авиа­компаниясына тиесілі ұшақтың сынықтары табылғанын жария етті. Министр ұшақ сынықтары мұхит бетінде шамамен 5 шақырымға созы­лып жатқанын айтты. Орын алған оқиғаға орай, Бразилияда үш күндік қаралы күн жарияланды. 
2011 жылдың жылдың ақпан айында Вене­суэлладан ұшып шыққан әуе лайнерінің де жолы болмады. Әуе кемесі таулы аймаққа келгенде, жартасқа со­ғылып, оншақты эки­паж мүшелері мен борттағы 45 жолаушы қаза тапты. 
Бұл – әрине, төбеде, әуеде бол­ған апат­тар. Алайда қойнына құпиясын жасырып жатқан тылсым мұхит та жалпақ әлемге сы­рын аша қойған жоқ. Жалпы, басқа айдын­мен салыстырмалы түрде қарағанда, Атлант мұхитында апаттар жиі орын алады екен. «Мұның сыры неде» деген сұраққа маман­дар әлі бас қатырып әлек. Соның ішінде ең алаңдатарлығы – Бермуд үштағаны. Соңғы бір ғасырдан бері жауабы табылмай келе жатқан бұл тосын құбылысқа әркім әртүрлі пікір айтса да, нақты көзқарас жоқ. Біреулер Бермуд жұмбағын оның астындағы орасан зор магнитті күштен іздесе, енді бірі мұхит қойнауында өзге затты жұтатын белгісіз бір күштің барынан іздейді. Енді ше, Бермуд үштағаны 100 жылға жуық уақыттың ішінде талайды жұтты. Қалай, қайтіп?.. Мұның бәрі осы күнге дейін жұмбақ. Десек те, осы аймақтан өтіп бара жатып, зым-зия болып кеткендер аз емес, адам емес-ау, алып кеме­лер мен әуе лайнерлері жоғалып жатса не дерсің?!. Әлемдік баспасөз осы аймақта 1945 жылдың 5 желтоқсанындағы болған ауыр оқиғаны әлі күнге дейін айтады. Нақ­тылайтын болсақ, дәл осы күні ағылшынның 5 әскери ұшағын мұхит қойнауы жалмап қойды, сонымен қатар оларды іздеуші-құтқарушы ұшақ та жоқ болды. Ал 1945-1990 жылдар арасында Бермуд үштағанында 37 ұшақ, 1 аэростат пен үлкенді-кішілі 38 кеме тылсым дүниенің құрбаны болды. Тіпті 1 атом сүңгуір кемесі де аталған аймақта жоғалып кетті. Сондай-ақ оншақты қайық пен балық аулайтын катер табылса да, бір қызығы, олар толыққанды сақталған, бірақ өкініштісі, бірде-бір адам табылмаған күйі жоқ болып кеткен. Құпия әрекеттің алдында ұшқыштар да, кемедегілер де, тосын қауіптің төніп келе жатқаны жайлы дабыл қақпаған. Сонда бұл не тылсым күш? Тек бір-екі жағдайда ғана азаматтардың тосын әрекеттері естілген. Бермуд үштаға­нына тап болған кемедегілердің ішінен бір үндіс қана өлім туралы ән айтқан, енді бір кемедегілер «біз түк түсінбей келе жатыр­мыз, қай бағытта екеніміз белгісіз. Айна­ламыз аппақ, ақ су» деген секілді хабар­ламалар жіберген. Ал қалғандарының бәрінен жердегілер «жағдай бірқалыпты», «жуырда жетіп қаламыз» деген ақпараттар алған. 
Айта берсек, апатқа қатысты әңгіме көп. «Құдай сақтанғанды сақтайды» дейміз-ау. Бірақ адамның аман-есен жүргеніне не жетсін?!
Ал Куала-Лумпурден Пекинге қарай ұшқан ұшаққа қатысты әлі нақты дерек жоқ. Кеше utro.ru ақпарат агенті итальяндық Луиджи Маралди мен Австрия азаматы –Кристиан Коцэлдің жоғалған төлқұжатымен екі ирандық азамат ұшаққа отырған, «әуе кемесінің іс-түзсіз кетуінде лаңкестік оқиға орын алуы мүмкін» деген ақпарат таратты.