"Өзім жайлы 30 дерек" эстафетасы

"Өзім жайлы 30 дерек" эстафетасы
жеке
блог

Нұршат сіңліме рахмет. Осы қыздың арқасында миыма салмақ түсіре ойландым.

Өзім жайлы аз білем бе деп қалдым. 30 дерек жазу тіпті қиын боп кетті.

 (Негізі үйде отырсаң әжептеуір қарайып қалады екенсің, өзімнің не қалайтынымды да ұмытып қалыппын.)

Барымды жайып салайын алдарыңызға:

  1. Әлемнің екінші ұстазы - Әл-Фараби екеуміз ауылдаспыз.Өзбекәлі Жәнібеков екеуміз аталас ағайынбыз. Отырар ауданы Маяқұм ауылынанбыз.
  2. Мақтанғанды жақсы көрем. (байқап қойдыңыздар, ия Cool ) 
  3. Тілім аяғымнан бұрын шыққан. Ерте сөйлегенмін.
  4. Өте бұзық, тынымсыз, жылауық бала болғанмын.
  5. 2 сыныптан бастап қолыма түскен кез келген кітапты оқи бастағам.
  6. Қанша тамақ жесем де толыспайтындардың қатарынанмын.
  7. Көңілді адаммын. Оптимистпін. Кез келген оқиғадан өзіме жақсы жағын тауып ала алам.
  8. Сырт көзге қатал, сұсты көрінем.
  9. Адамдардың назарын өзіме тез аудара аламын.
  10. Өзімді ешқашан «әдемімін» деп есептемегенмін, бірақ түрімнен ешқашан ұялып, қысылған емеспін.
  11. Сыныптасыммен 10 сыныптан бастап универ бітіргенше 5 жыл жүрдім.
  12. Оқуға қалауыммен емес, отбасы жағдайын ойлап түстім.
  13. Ақша төлеп баласын оқытатындарды түсінбеймін.
  14. Пікір таластырғанды қатты жақсы көремін.
  15. Универде жүргенде республикалық «Азамат» пікір сайыс клубына мүше болғанмын.
  16. Алматыда тұруды армандағанмын.
  17. «Толағай» отбасылық сайысына қатысқаным бар. (онда няғып жүр десеңізші Cool )
  18. Махаббатқа сенбеймін. Сенген де емеспін.
  19. Материалдық жағдай үй болуға тікелей әсер етеді деп білем.
  20. Тұрмысқа әкем беріп жіберген. (Сол кісінің қалаған адамына шықтым. Бастығының баласына)
  21. Өзімді нағыз мұсылманша тұрмысқа шықтым деп айтамын. Күйеуімді ұзатуға дейін 3 рет көрдім. 4-шіде ол мені алып кетті.
  22. Жолдасымды «сіз» деп сөйлеймін.
  23. Күйеуімнің атын тіке атаған емеспін. «Ағай» деп шақырам.
  24. Енемнің қолында, қайынәпкеммен бірге тұрамын.
  25. Қолымнан көп нәрсе келеді бірақ жалқаулығым мен сылтауым көп.
  26. Мемлекетке қызмет жасаған емеспін. Жалпы еш жерде жұмыс істемегенмін.
  27. Құдайдан қорқам. 5 парызымды өтегім келеді
  28. 10 балалы болуды армандаймын.
  29. Әйелдің шашы ұзын болуы керек деп санаймын.
  30. Аллаға сансыз шүкір. Бақыттымын

 Эстафетаны Мира Сембай алсын. Ол кісінің қолы тимесе сіңлісі Мақпал Сембай жалғастырсын.