«ТойBestStar»: Жаңа маусым жүлдеге толы...

«ТойBestStar»: Жаңа маусым жүлдеге толы...
жеке
блог

Қазақтың тойы қаншалықты тоқтаусыз, ұдайы өсуде, дамуда, құбылып өзгеруде болса, «ТойBestStar» соншалықты алға озуды көздеген жоба. Тойдың барлық ерекшеліктері мен қажеттіліктері ескеріліп қолға алынған жоба өз нәтижелерін беруде.

«ТойBestStar»-дың «Тойжарыс» айдары өз көрерменін тапты. Еліміздің әр түкпірінен келіп жатқан қызықты той видеолары соның айқын дәлелі. Тойдағы ерекше құттықтаулар, қызықты билер, ойындардың видеолары «Тойжарыс» арқылы көпшілік игілігіне жарады. Ал үздік видеолардың иелері «ТойBestStar» атаған жүлдені жетектеп кетті. Жаңа маусымда бұл үрдіс ары қарай жалғасып жатыр. Тұрақты айдар «Тойфактор» өзіне сенімді жұлдыздарды «Той жұлдызы» сертификатымен марапаттап үлгерді.

Жаңа маусымда «ТойBestStar» өз көрермендеріне жаңа айдар ұсынып отыр. «Той жаршы» айдары қазақ елінің кез келген жерінде болып жатқан тойға барып, арнайы репортаж дайындайды. Осылайша көрермен шаңырағында болып жатқан тойдың сәні мен салтанатын барша қазақстандық тамашалайды. Өзінің тойын «ТойBestStar»-да көргісі келген кез келген көрермен арнайы тілшіні тойға шақыру мүмкіндігіне ие.

Екінші маусымның тағы бір айтулы жаңалығы – «Асабалар аламаны». Бірінші маусымда «ТойBestStar» төрінде елімізге танымал асабалар өнер көрсетсе, бұл маусымда әр аймақтың үздік асабаларын бәйгеге қосып, маусым соңында ең мықты асабаны ел болып таңдауды көздеп отыр. Жарыса қатысушыларға ешқандай шектеу жоқ. Тек өзінің асабалық қасиетіне сенсе болды. Әр апта сайын өнер көрсеткен асабаға көрермен СМС-дауыс беру арқылы баға бере алады.

Бағдарламаға қонақ болып келу үшін көрермен сұранысында болу маңызды. Әлеуметтік желілер, қарапайым халық арасындағы қызығушылықтар ескеріліп, дәл қазіргі сәтке маңызды, қызығушылыққа ие тұлғалар қонақ болады. Сондықтан «ТойBestStar» думаны қашан да халықпен бірге. Халықтың тынысы мен тіршілігі, қажеттілігі мен сұранысы әр қойылымда, әр ойында, әр жарыста көрініс табады.