«КЕЛІННІҢ СӘЛЕМІ» ТАЛАЙҒА ТАЛҒАЖАУ БОЛУДА

«КЕЛІННІҢ СӘЛЕМІ» ТАЛАЙҒА ТАЛҒАЖАУ БОЛУДА
жеке
блог

Бүгін маған да талғажау болды…

4 қыркүйекте "Алаш айнасы" газетінің сайтында белгілі айтыскер былай деген екен: 

 

Балғынбек Имашев:

Менің бұл тұрғыда білімім жоқ. Аталмыш мәселе дінге қатысты пікір болған соң менің айтар ойым маңызды болмас деп ойлаймын. Сондықтан бұл жерде Алланың және Пайғамбарымыздың бұйрығы және ғалымдардың пікірі ғана маңызды. Бірақ келіннің сәлем салуы қазақы дәстүрімізде болғаныменен, намаздағы рукуғке, яғни Алланың алдында бел бүгіп еңкеюге ұқсап кетсеонда харам деп ойлаймын.

 

Бұл енді қазақ қоғамындағы басты жаңалыққа айналыпты. «Таң ТВ» телеарнасы өтінгесін жұртқа сол арқылы «ақыл айттым». Ой, Дүнией-ай, десеңші!

 

Әрине, жаңалық форматына менің пікірім толық сыймай, желкесі қыйылатыны белгілі. Не дегенімді бөлісе салайын. Мынадай мазмұнда сұқбат бердім.

 

Қоғамдық формация алмасу кезінде ұлттың құндылығы да тартыс пен таластың талғажауына айналады. Мұндай жағдай адамзаттың тарихында талай рет кездесті. ХХ ғасырда қазақ халқының руханиятына қызыл ревизия жасалды, большевиктің көзімен қарап, соның мыйымен дүниені таныдық, содан барып советтік қазақ ұлты қалыптасты. Енді егемендік алып, етек-жеңімізді жыйған 90-жылдардан бері жасылы бар, басқасы бар тағы да рухани ревизия басталып кетті. Бұған соншалықты елірмей, салқынқанды қарап, ұлттың, қоғамның рухани марқаюына жағдай жасау керек.Мұндай ревизия Ұлы далаға алғаш ислам кіргенде де біршама болып өткені аян, Көкке мұрты шаншылған талай балбалтас, сынтастар қыйратылды...

         «Жасыл» дегенде мен ислам дінін күстаналап отырғаным емес, асыл дініміздің мазмұнына бойламай, сыртқы тұрпатымен түсін ғана көруді айтып отырмын. Коммунистік идея да жақсы болатын – бар адамды бақытқа кенелту, бірақ сол үшін халықты қызыл қырғынға батырған жоқ па? Қудалаған жоқ па? Бір халықты ақ пен қызылға бөлген жоқ па? Мынау да сол сырқаттың белгісі – тыйғызу керек. Не болса соған жауығуды доғару қажет.

Егер әркімнің аузын аңдып, ә десе – мә десек, онда большевизмнің қазақы нұсқасын қолдан жасаймыз. Егер де елде діни ақпарат пен насихат жеткілікті болса, кез келген адам діни постулатпен ұлттық құндылықты өлшемес еді, бағаламас еді.

-         Сонда бұған кім кінәлі, Діни басқарма ма, Мүфтият па?...

-         Бұған бір адам,бір ұйым кінәлі емес, кінә біздің қоғамның балалық ауруында. Мұндай нәрсені жаңалық етіп, жалаулатудың керегі жоқ, уақыт өте бәрі өз орнына келеді. Біздің қоғам  - балаң, кез келген лебізді, лепті көбелекше қуып кететіні содан...

Ал енді айтыскер інімізге келсек, мен оны айтыстанушы ретінде сыйлаймын, қадыр тұтамын. Себебі, айтыскер - қазақтың ислам дініне дейінгі құндылығын тұтушы, тірілтуші, носитель. Айтыскер – ақын емес, жырау; сол себепті олар оқиға мен үдеріске сол бойда комментарий жасап, соған өз уәж-пайымын айтуға дағдыланған, миссиясы да сол. Оларға эмоция тән, ал ақын болғанда, оған ақылға салу тән болар еді. Бұл да біздің әр нәрсені өз атымен бағаламай, атамай, лағып келгендігіміздің бір салдары.