Семейге сыр

Семейге сыр
жеке
блог

Семейге сыр

Адамға ашпайтұғын сырым көп-ақ,

"А" десем танытатын қырын қабақ.

Таппаған жан баласы көңілімді,

О,Семей өзің кеттің бірін тонап.

 

Темір жол тербеп саған жетеледі,

Белдерің, жоталарың бетегелі.

Өткеннің еншісінде қалып кеткен,

Парыз бар соны келем өтегелі.

 

Бабамның басы жатыр бөктеріңде,

Тоғыз жол торабының өткелінде.

Оранып жата қалғым кеп тұрады,

Атамның исі қалған шекпенінде.

 

Өзіңнен қанып ішкен ұлың нәрін,

Ессіз күн елемейтін бұрын бәрін.

Тұлпар боп шаң жуытпай шашағына,

Шауып жүр кеше туған құлындарың.

 

Далаңды көрсем тұрар өліп кеткім,

Еріксіз көз жасымды төгіп кеттің.

Шаңына тұлпарыңның шабыт шарпып,

Жалына өлеңімді өріп кеттім.

 

Мінезі даласына тартып туған,

Еліңнен айналайын шалқып тұрған.

Қара Ертіс өлеңім сендік мәңгі

Көк мөлдір толқыныңды толқып қуған.

 

Қарт Семей, артта қалып барасың ба,

Шалынып жараныма арасында...

Сырымды шешіп алған күрмеуінен,

Абайдың киесі бар даласында...

 

Семей-Павлодар поезі.