Мың өлемін... сосын күнмен туамын

Мың өлемін... сосын күнмен туамын
жеке
блог

Кірпігіме ілініп нұры күннің,
Жастанып ап ай, жұлдызын қара түннің,
Бір күніме бір күнім жалғасуда,
...Бағы екем бес елі мен де кімнің...

Самал желге ілесе кеткім келіп,
Арманыма дәл осылай жеткім келіп,
Оңашада мәз болам қиялға еріп,
Маңдайынан сүйіктімнің өбкім келіп...

Өбкім келіп, жанымның бір бөлшегін,
Бақытты Оның күлкісімен өлшедім,
Құшағында тұншығып қалғым келіп,
Қалғым келіп, жанында "Күн Көсемнің"...

Жанарымнан сынып түсіп мөлдір мұң,
Көңіл-тұлпар... жүрегіме желдірдім,
Түлкі-өмір салып неше сынаққа,
Талай уәде бақ жолында өлді мың...

Пешенеңе,
Пешенеме жазылғаны бір-ақ бақ,
Әр пендеге бұйырғаны бір-ақ тақ.
Лайық болсаң, жан кеудеден шыққанда,
Өткізеді жұмаққа Алла сұраққа ап...
Баяғы қу үміт...
/28.08.14/

М Сембай мұраТұнса тағдыр түбіне тар шелектің,
Борсып қалар күн, айы дөп жеткенде.
...Мені іздеме, "оралмаймын..." демекпін...
Өзге жерге өзге жанмен кеткенде.

Күздің алғаш демімен бір келем де,
Соңғысымен үзілем де, кетемін.
Жапырақпен бір құлаймын, демеме,
Қоңыр желмен бірге соғып, өтемін.

Сынған кезде бұлттың бірер сынығы,
Жаңбырмен бір жүзіңді мен жуамын.
Лайланғанда сенімімнің тұнығы,
Мың өлемін... сосын күнмен туамын.

Сағынышым таусылғанда үздігіп,
Сөніп отым, жаным бірге үзілер.
Сонда көктем жылап, түзде күз күліп,
Мендік сезім жанарыңда көз ілер...
/03.09.14/

МСембай

Мен сенсіз де бақытты болып жүрмін,
Мен сенсіз де жадырап, ойнап, күлдім.
Мен сенсіз де қарсы алып талай таңды,
Сенсіз де ендім құшағына қара түннің.

Сенсіз қарсы ап тұрмын да қоңыр күзді,
(Қосып, сосын айырған күз ғой бізді.)
Әупірімдеп уақытпен жағаласып,
Өшіріп те келемін сендік ізді.

Мен де жүрмін біреуді өкпелетіп,
Күн, айларым жылжуда текке кетіп.
Өзге жанның өкпесін жүрсің жазып,
"Сүйем" десе, қу төбең көкке жетіп.

Бәрін жалмар жолында өрт пе едің?
Әлде өлтіріп тынатын дерт пе едің?
Өзегімді өртеген өкініштен,
Сен кеткелі ешкімге сыр шертпедім.

Сағым күндер санамда қалып қойды,
Өтірігің барымды алып қойды.
Бостандығым ішімде бұғып жатыр,
Шыға алмады өз"менім" жарып ойды.

Сен бүгінде біреудің күйеуісің,
Үміт артқан арқауы, сүйеуісің.
Сен өзіңді тым қатты сүюші едің,
Оны өзіңнен артықтау сүйемісің?

Күліп жүріп, жүрекке тараттың мұң,
Сезімді жерге бұлай қаратқаның -
Өлшеуі сендік сый мен болмысыңның...
Жә, бұл да бір сынағы Жаратқанның.

Біреудің көз жасына бақыт құрып,
Тып-тыныш өміріңді жүрсің сүріп.
Ойымнан азат болсам, өміріме...
Кірісермін бір күні білек түріп.

Айтарым жоқ,
...бақытты бол деймін де,
Саған бола ерте, кеш өлмеймін де...
Бірақ, Күнім, білерсің, сен үшін деп,
Өмірге енді қайтіп келмеймін де...
/03.09.2014/

МСем

Сүгіреттер жеке мұрағаттан