Фрилансер болу оңай ма?
жеке
блог

Фрилансер болу оңай ма?

Алдымен анықтама. Фрилансер (ағыл. freelancer - еркін жалданушы) - әлдеқандай кәсіпорынмен қызметкерлік келісімі жоқ, өз-өзіне жұмыс істейтін кісі. Ол тікелей клиенттермен жұмыс істейді, солардың тапсырыстарын орындап ақша табады. Фрилансер түрінде көбінесе дизайнер, программист, фотограф, аудармашы сияқты мамандар жұмыс істейді.

Мен программистпін ("бағдарламашы" деп тым қазақша жазбай-ақ қояйын, шала қазақтарға оқуға оңайырақ болсын). Дәлірек айтқанда сайт жасаушымын. Фрилансқа көшкеніме 1,5 жыл болды. Оның алдында еліміздің ең ірі компанияларының бірінде жұмыс істейтінмін. IT-бөлімнің бас маманы, сайт жасаудан мүлдем басқа жұмыс. Жалақысы жоғары, соцпакеті бар, неге кетіп қалдым ол жерден? Іш пысты. Кеңсе планктоны болғым келмеді. Менің жұмысқа көзқарасым компаниянікімен сәйкес келмеді. Жұмыс үшін өмір сүргім келмеді, өмір сүру үшін жұмыс істегім келді. Тағы басқа әдемі философиялық анау-мынаулар. Сонымен кеттім ол жерден.

Өмірімнің жаңа бағыты оқумен басталды. Сайттарды жасап үйрену үшін 3-4 айға Чехияның колледжіне барып дәріс алдым. Ол жерден қайтып келгенде ағам менің бірінші клиентім болды. Маған сайт-визитка жасаттырып, таза қазақ стилінде жаңа жұмыс түріме жол ашып берді. Сосын, интернет арқылы америкалықтарға майда-шүйде жұмыс жасап берген соң, бір үлкен тапсырыс түсті. Өзіміздің қазақ клиент. Tек Скайппен ғана хабарластық, бетпе-бет бір де кездеспедік. Сайтты 2-3 айда жасаймын деп бағаладым, сонымен келістік. Сол кезде қиындықтар келді.

Проекттің ортасына таман әлгі клиент мырза сайттың бастапқы талаптарына қоса жаңа талаптарды енгізді. Бұл тек жұмысты бітіру мерзімін ұзартып қана қоймай, сайттың түбінде жатқан архитектураға қатты әсер ететін тілектер еді. Мен оларға келіспедім, ол да сөзінен қайтпады. Сөйтіп сайт жарты жолда қалды жайына. Істелген жұмыс үшін келіп тұратын ақша ағыны тоқтады. Сосын 1-2 ай тыныштық, клиент жоқ, табыс жоқ.

Құрысын, бишара боп жүргенше бір жұмысқа орналасып алу керек дедім де, интернет-дүкен жасап жатқан фирмаға кіріп алдым. Оған қоса сондағы жігіттерден тәжірибе алам ғой деп қорыттым (алдыңғы кеңселік планктон кезіндегі бірнеше жылдық тәжірибе нөлге түсіп кетті айтпақшы, қызмет түрі өзгерді ғой). Бұл фирманың халы мәз емес болып шықты, жалақыны кештіртіп, ал берген кезде жартысынан аз бөлігін ғана берді. Құрысын, бұл жерден басқа жерге таяйын дедім де, сақтандыру компаниясына кеттім. Дұрыс істедім, тағы 1-2 айда жаңағы дүкен мүлдем жабылды.

Сақтандыру полистерін сататын сайтты дамытатын жұмыс болды менде. Сақтандырушылар арасында жүргенде іш пысатын сезім қайта оралды. Оған қоса таңғы тоғызда бір де минут кешікпей келу керек еді, ал мен еркін жүрген алдыңғы айларда кеш оянуға әбден үйреніп алыппын. Сондықтан маған бір ірі проект жасауға ұсыныс келгенде, бұл жұмыс орнынан зып етіп жоғалдым. Бір-ақ ай жұмыс істедім сонда.

Ал мына ірі проектпен әлі күнге дейін айналысып жатырмын. Клиентпен өзара түсінушілігіміз жақсы, ақшасын төлеп тұр. Ары қарай не болатынын білмеймін, бірақ бұл белгісіздіктің өзінің бір кереметі бар. Қорытындыға келсем, фрилансер болғаным дұрыс болды. Өмірге біраз қызық келді. Тіпті жұмыс жоқ, ақша жоқ кездер бұрын ойлайтындай соншама қорқынышты емес, керісінше өзіме қосымша ынта берген кездер болып шықты. Ал енді бәрілерің жұмыс орындарыңды тастап, фрилансер болыңдар деп айтпаймын. Себебі, біраз адамға кеңсе жұмысы ұнайды, жандары қиналып жүрген жоқ. Бақытты адамдар. Бірақ егер кейбіреулерің осындай ерікті жұмыс жолын қарастырып отырсаңдар, менің оқиғам дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін шығар.