Сабинадан бір кем түспейтін қазақтың 10 сұлу қызы

Сабинадан бір кем түспейтін қазақтың 10 сұлу қызы
жеке
блог

Сабинамыз елді бір шулатты-ау... Әлі күнге дейін шуды баса алмай жүрген массагеттіктерге таң қалатыным рас... Айып етпессіздер, бірақ "Сабинадан бір кем түспейтін қазақтың 10 сұлуы" деп эстафеталатудың қандай қажеттілігі бар?! Бірі елімізге онсыз да танымал әншілердің суреттерін қойып мақтауда, екіншісі өзі ғана танитын қазақ қыздарын "жарнамалауда". Айтыңыздаршы, осы қазаққа керек пе?! 

Жә, сол эстафеташылдардан мен де қалыс қалмауды жөн санадым. Арнайы жазба бастап отырған соң,  өз ондығымды ұсынайын, қабыл алыңыздар!
Қандай қазақ қызы шынымен сұлу? 
1. Тәрбиені көшеден емес, үйіндегі анасынан алатын қазақ қызы сұлу!
2. Ата-анасының абыройына дақ келтірмейтін қазақ қызы сұлу!
3. Мансапты бірінші орынға қоймай, өз ұясынан аппақ аққу сынды ұшып, құтты мекеніне қона білген қазақ қызы сұлу!
 
4. Басына тағылған орамалдың қадірін жүрегімен сезініп, серігінің туған-туыстарына жақсы келін бола білген қазақ қызы сұлу!
5. Жарына адал, күйеуінің мал-мүлкіне тиянақты қарайтын, өмірлік қосағының алдындағы парыздарының барлығын өтей алатын қазақ қызы сұлу!
6. Дүниеге сәби әкелген қазақ қызы сұлу! p.s. баланы дүниеге әкелумен ғана шектелмей, оған аяулы, қамқор ана бола білген, баласына қазақы тәрбие беріп, оны азамат қып өсіре білген  қазақ қызы сұлу!
7. Жүрегінде иманы бар ("Альхамдулиллаһ" деген сөз статусында   емес, жүрегінде жазылған) қазақ қызы сұлу!
8. Кекшіл емес, көпшіл, кешірімді, кішіпейіл, сабырлы, ақылды қазақ қызы сұлу!
9. Тән сұлулығын көпшіліктің назарына ұсынып "жарнамаламайтын"  қазақ қызы сұлу!
10. Ұзатылғанда "Сыңсуын", ана болғанда "бесік жырын", әже болғанда ертегісін айта алатын қазақ қызы сұлу!
Әлі айтылмағандары қаншама?! Дегенмен, осы жазғанымнан-ақ нені меңзеп отырғаным түсінікті деп ойлаймын. 
p.s. Жігіттер мен қыздар әлеуметтік желілерде  "Түнгі клубтың емес, асхананың ханшайымы бол!", "Тән сұлулығынан жан сұлулығы артық" деген сынды жазбаларды қойып жатады. Дұрыс! Бірақ соған сәйкес амал қылмайсыздар ма?! Мұнда кеп, өз таныс қыздарыңыздың суретін "жарнамалап" отырсыздар! Сол қыздарға қандай қиянат жасап жатқандарыңызды әлі де түсінбейсіздер-ау! Ол - сіздерге таныс, құрбы, ал бар қазаққа қарындас, себебі ол - қазақ қызы! Көпшілікке дидарын ұсынбай, алақанда ұстап аялаңыздар қазақ қыздарын! 
Соңсоң, пәленше сұлу, пәленше одан да керемет, көзі қарақаттай, ерні шиедей деп, бөліп-жарудың да керегі шамалы! "Ақиқат жалғыз:
Қазақтың қызының бәрі - әдемі!" Тек "ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ" деген атқа лайық болу керек! Ол үшін қазақ болып туылу жеткіліксіз! Осыны ұмытпайық!