Қайта тумайтын талант

Қайта тумайтын талант
жеке
блог

Жуырда ҚР Орталық мем­лекеттiк мұрағаттан Үрия Тұр­дықұловаға қатысты бiрнеше мәлiмет, дерек таптым. Әншi­ге облыстардан келген құт­тықтаулар, түрлi ноталар, алғыс хаттардың арасындағы ерекшесi – Дiнмұхамед Қонаевтың туған күнiмен құттықтау телеграммасы. Жинаған құнды қағаздарымның арасында Үрия апамыз өз қолымен орысша жазған өмiрбаяны бар. Онда былай делiнiптi: “1910 жылы Ташкент қаласында кедей атарбашының отбасында жетiншi бала болып өмiр есiгiн аштым. Әкем 1921 жылы аштықтан қайтыс болыпты. Бiздi жетiлдiру жалғыз анама қиынға соққандықтан, мен өз бетiммен күн көрмекке үйден безiп, көше кездiм. Қазақстан мен Орта Азия комсомолдары Орталық комитетiнiң хатшысы Ғани Мұратбаевтың арқасында Ташкенттегi балалар үйiне жiберiлдiм. Сол жердегi сегiз ұл балаға менi қосып, кейiн Ғани Мұратбаев бас болып Мәскеудегi Сталин атындағы Шығыс еңбекшiлерi коммунистiк университетiнiң дайындық бөлiмiне оқуға қабылдатты. 1930-32-жылы Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясында бiлiм алдым”. Оқуды тәмамдаған, жиырмадан ендi асқан Үрияның өнердегi даңғыл жолы осылай басталған. Ү.Тұрдықұлова Абай атындағы опера және балет театрында ең алғаш қойылған “Шұға” пьесасында келiннiң рөлiн сомдаған. Одан бөлек “Айман – Шолпанда” Теңгенi, Айманды ойнаған. “Қыз Жiбек” операсында Дүрiштi, Төлегеннiң анасы Қамқаның образын жасады. 1968 жылы “Қыз Жiбек” мыңыншы мәрте сахналанғанда Қамқа кейпiндегi Үрияның өз рөлiн өте сәттi алып шыққаны соншалық, залдағы көрермендер елжiреп, көздерiне жас тұн­ған екен. Оның бұдан да күрделi рөлдердi бейнелеп, сәттi шығар­ғанын замандастары естелiктерiнде тебiрене айтып кеткен. 29 жасында Қазақ ССР-нiң халық артисi атанған Үрия Тұрдықұлованың қазақ өнерiне қосқан үлесi өлшеусiз. 1992 жы­лы өмiрден өткен меццо-сопрано дауысты бiртуар талантты әншiнiң қазiр есiмi ел есiнен көмескiлене бастағандай. Айдар ЖОРАНОВ Алматы қаласы Суреттер Орталық Мемлекеттiк кинофотоқұ­жаттар және дыбыс жазбалар мұрағатынан алынды