Шахтер

Шахтер
жеке
блог

2030 жыл. Қазақстан. Қарағанды, Металлург футбол стадионы. Стадион жанкүйерлерге лық толы. Жер шарының түкпір-түкпірінен жиылған қауым Чемпиондар Лигасының финалын тамашалауға келді. Бос орын жоқ. Анау жақта біреулер орынға таласып ұрысып жатыр. Мына жақта қыз бен жігіт суретке түсіп жатыр, «Instagram»-ға. Ойбай, ананы қара! Мына жанкүйердің тіпті жаны күйіп кеткен екен, үсті-басын қызғылт-сарыға бояп алған, басында каска, енді күрек қана жоқ. Бір кезде дауылпаз үні естілді, жоқ бұл жанкүйерлер емес, бұл – «Ұлытау» тобы. «Адай» күйі тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де танымал, бәрі де қошеметпен қарсы алды. Қазағымның қара домбырасы алып стадион ішінде жаңғыра бергенде стадион іші қазақи рухқа толды, қобалжу сейілді, жүректер домбырамен бірге қағысты. Өлең дыбысы тым қатты болса да, адамдар әуенге қосылып, шапалағына басты. Неткен керемет! Бұдан кейін стадион іші уілдеп, дүбірлеп кетті.

Барлығы да басталар сәтті күтуде, алаңға чемпиондар лигасының белгісі әкелінді, анау жұлдызды доп бар еді ғой, сол. Сәлден соң хабарландыру басталды:

-  Қарсы алыңыздар, алдарыңызда атақты шоумен Ерқанат Нұрмахан!!! – барлығы ысқырып, «у-у-у» деді.

Ортаға ақшыл жасыл костюмді Ерқанат шықты. Көзінде қазақтың «Dolce & Gabbana»-сы саналатын «Qairat & Nurtas» брендінің көзәйнегі бар, бір сөзбен «сәнқойлар сұлтаны». Ол да жұртты көп күттірмей бар дауысымен:

-  Сәлем Қазақстан! Сәлем Қарағанды! – деді, бәрі шулап қол соқты. Ол бұған қанағаттанар емес, тағы да тұрып:

-  Естілмейді, қаттырақ! – деп жұртты тағы да оятты.

-  Ал енді бүгінгі ұран мынадай: «Шахтер – алға, жүгірсең – шаршама!» - деді. Елдің бәрі мәз-мәйрам боп қайталап, дауысын аямастан ұрандап салды. Әрине, бұл сөз ерекше тереңдікке ие болмаса да, осыдан 17 жыл бұрын Астана Аренадағы ұраннан әлдеқайда тәуір көрінді.

Ал Шахтердің қарсыласы сол кездегі азулы команда Каталониялық Барселона футбол командасы. Тренері кезіндегі төрт дүркін Алтын Доп иегері – Лионел Месси. Мен оны танимын, ол да мені... айтпақшы мен өзімді таныстырмаппын ғой. Кешірерсіздер. Сәл күте тұрыңыздар, менің атымды қазір хабарлайды:

-  Оныншы нөмірде... Жалғас Қайтпасов!!!

Иә-иә, мен сол Шахтердің ортаңғы шабуылшысы, әлемнің екі дүркін Алтын Бутсасын иелік еткен – Қайтпасовпын. Қақпашылардың қорқынышты жаман түсімін. Халықтың көптен күткен арманымын. Біреулер тіптен мені күтпеп де еді, «Қайдам, осы қазақ пенен футбол екі қошқардың басы секілді – бір қазанға сыймас» - деп. Ал мен болсам сондай ойларды жоққа шығарушылардың алғашқысымын. Бүгін бапкерім маған ерекше үміт артып тұр. Жұрттардың алдында ұят болмасын деп мен де барынша басайын деген ой бар, аздап қобалжып тұрмын бірақ. Өйткені қарсылас осал емес. Қорғаушыларын қараш, добалдай-добалдай. Бірақ біздікілер де анау-мынау емес. Бәрі де кезінде ауылда ет жеп, қымыз ішкен, жер қазып шөп тасыған дөкөйлер. Жеңеміз. Ал төреші ысқырып матч басталды. Әзірше доп біздікілерде. Қарсыласымыздың бапкері бұларға “прессинг жаса” деген-ау, допты алайын деп өліп бара жатыр бәрі шетінен. Қозы қуған қасқыр тобырындай. Біздікілер болса момақан лақтай сасқалақтай бастады. Трибунадан «Өй, саспай ойна, нестеп жатсың, беріспе!» дегеннен біздің қорғаушылар одан сайын дір-діректеп допты жіберіп алды. Олар да ұйықтап тұрған жоқ қой, барды да салды салымын. Есеп 0:1.

-  Бұлардың өйткен ойны құрысын, текке ақша кетіріп, доптан қорққаны несі?!

-  Ақша берген мыналарға!

-  Әй, Қайтпасов қайтсай артқа анда-санда! – деп жұрттар ашуға басты. Уақытқа қарасам екінші минут, «бұлар бізді масқара қылар-ау осы» деген ой келді. Алайда жанкүйерлердің ішінде Гүлтас апай бар ғой, сол тұрды да:

-  Шахтер – алға, жүгірсең – шаршама! – деп еді, моторыма жанар май құйғанлай болды. Бойымда қан жүгіріп, жүрегім үмітке толып «Әлі сексен сегіз минут бар екен ғой» деп демімді «Адайға» салдым. Енді менімен қақпаның арасында дәнеңе жоқ болғандай. Көзімдегі от, қарсыластардың қорғанысын ерітіп жіберердей лап етті.

Көп ұзамай біз дегенімізге жеттік. Есеп бір де бір болды, екі де бір болып, үш те бір деп тоқтайын дедік те, сосын анау ауылдағы нағашылар «біздің атымыздан бір гол сала сал» дегені есіме түсіп, төртте бірмен аяқтадық. Матч аяқталды. Бірақ қаламап едім. Мұндай матчті тоқсан минут түгіл, тоқсан күн болса да ойнай берер едім, жұртым қуанса болды деп. Бас бапкеріммен барып құшақтасып, алғысымды білдіріп жатсам артымнан біреу жармасып «Жалгас, Жалгас, извините, а можно автограф?» деп миллион адам келген шығар, көбісі қыздар. Арасынан қарап қоясың, әдемісін. Бірақ қанша көп болғанымен өзіме ұнағанын таба алмадым. «Ештеңе қылмас, дені түзу қыздар үйде отырады ғой» деп өз-өзімді жұбаттым. Бірақ кенеттен алыстан әсем бір жауыс естілді, «Жалғас, Жалғас! Тоқтай тұрыңызшы!» деді. Бұл не деген дауыс, бұл не деген бұлбұл дауыс екен бас айналдырар. Сасқаннан ба, әлде қорқаннан ба білмеймін, бір орында тұрып қалдым. Артыма қарауға батылдығым бармай амалсыз қалдым. Не істеймін, ол жақындап келеді. «Әй бұл жерде еркек кім өзі?!» дедім де артыма айналдым. Қарасам, ағам Дастан екен келе жатқан жүгіріп.

-  Дастан, сенің дауысыңа не болған?

-  Дауыс дейсің бе, саңырау, құлақты ашпайсың ба?!

-  Не болды, тыныштық па?

-  Сен үшін ұйқымнан айырылдым!

-  Неге, менде бәрі жақсы деп айттым ғой...

-  Ей ол үшін емес, будильнигіңді өшір!

-  Будильник?

-  Иә, маубас, түні бойы компьютер ойнап, таңғы алтыға будильник қойғаны несі?!

-  Ту-у, өзің өшіре салсаң нең кетеді, ұйқымды бұздың!

Сенбедім, сенгім келмеді. Жоқ бұл мүмкін емес. Ана жерге қайта оралғым келді. Қайтып ұйықтап, радиодағы тиісті жиілікке ауысқан секілді түсіме кіруге тырыстым. Кірдім. Та-ак, қайдамын өзі?! Әне стадион! Стадионға жүгіріп келіп есікті тартып қалсам, жабық. Е-е де, мен барып келгенше жұрттар таралып кеткен ғой. Жарайды, қайтайын кәдімгі өмірге. Қап, бәрі әдемі болып келе жатыр еді.

Құрысын тұрайық. Далаға барайық. Далада балалар футбол ойнап жатқан шығар. Ең болмаса енді сол жердің жұлдызы болып қайтайын. Шықсам, үй алдында бөтен біреулер жүр, футболға шақырып. «Ал кеттік» деп, кімнің кім екенін шешуге кірістік. Біздің команда бір үйдің баласындай, бір-бірімізді жарты ауыздан түсініп, азулы ойын көрсеттік. Есеп 8:2. Оларды жеңу оңай болғанмен олардан құтылу киын болды.

-  Біздің поляға келіңдер, біздің поляда көрсетеміз!

-  Нормальный поля керек, доптары да онша емес – деп кетіп барады, намысқа тимей қайтсін. «Кеттік, онда!» деп біз де тұрмадық. Бұлардың алаңдары қаланың ту шетінде, жеткенше шаршап, шөлдеп кеттік таза. Келдік. Аналар біреуден доп сұрап алып тағы да балалар шақырмақшы. Өздерінің арасында күбірлесіп маған саусағымен көрсетіп қояды. Мен оған мәз, «мыналар мықты, әсіресе анау қызыл футболкадағы, Жалғас» деп жатқан шығар. Өзіміздің допты алып финт көрсетпеймін ба... Ол алаңқайдағы балалар «мә», «мәссаған», «уау» деп ауыздарын ашып тұр. Бір кезде шықты «футболшылары», олардан қорқатын біз жоқ.  Ойын басталысыменен аналардың біреуі алыстан допты қатты теуіп гол салды. Біз аң-таң. Бәрі маған қарайды. Мен де жауап берейін деп дәл солай теппеймін бе, бірақ доп қақпадан биік кетіп, қасындағы үйдің терезесін қиратты. Барлығы қаша жөнелді. Мен де қаштым. Қайда бет алғанымды білмеймін, әйтеуір қуып жетпесе болды. Бір кезде алыстан орыс әйелдің дауысы естілді «А ну, стоять!» деген. Оны естіген мен үдеуді одан сайын арттыра түстім. Сәлден соң артқа қарадым. Қала қайда – мен қайда. Шөлдеп, жақын жердегі ғимаратқа дүкен іздеп бет алдым. Ғимарат дегенде олай айтудың өзі қиын. Ескі бірнәрсе, қабырғасы жарықтарға толы, адам шошырлық. Алайда ауласына қарасаң жап-жасыл, құстар сайраған бақшасы бар. Ағаштардың көлеңкесінде екі шал отыр екен. Біреуінің қолында тәспісі бар, ауызыменен «сүп-сүп» деп бірдеңелер айтады. Екіншісі қасында қайта-қайта бірнәрсе шайнап отыр, кеудесіне қарасаң Ұлы Отан Соғысының ардагері секілді. Қастарына келіп сәлем бердім:

-       Ассалаумағалейкүм!

-       Уалейкүм ассалам! – деді бірінші ата, - кімге келдің?

-       М-м, магазинге келдім, магазин іздеп жүрмін, ата

-       Магазин ана жақта қалды ғой, бұ жерде жоқ.

-       Қай жақта?

-       Ана-ау жасыл домның бұрышында, - деп жаңағы мен қашып келген жерге көрсетеді.

Құлағыма жаңағы орыс әйелдің дауысы құлағыма келіп, есім танып қалдым. Дәл сол кезде жаңағы ғимараттың есігінен ақ халатты орыс әйел атып шықсын, жүрегім табаныма кетті. Қабағын шытып алған сары шашты денелі әйелді көрсеңіз олимпиядадағы ауыр атлеттер есіңізге түседі. Қолдарының жуандығы менің екі аяғымдай, масқара. Мені танып қойғандай:

-       Так, а ну марш домой! Приемы после четырех! – деген сөзінен зәрем ұшып, селк еттім, - Аспанов вы что сегодня на физ.кабинет не пришли?! Мы так долго не протянем! – деп айқай салды.

-       Әй, кет әрмен! Не надо мне твой физ.кабинет! - деп қарт кісі қабағын түйіп, теріс қарады. Қасында тұрған балдақты дірілдеген қолына алып орнынан тұрды да бақша ішіне беттеді. Сонда басында тақиясы бар ата:

-       Дочка, почему ты так кричишь?! Разве можно так с пожилыми?

-       Не можно! Уж очень сложно! Таких как вы тут – сто двадцать, я – одна. Мне что теперь, со всеми нянькаться что ли? – деп жыламсыраған орыс әйел ішке кіріп кетті.

-       Осыларың қызық, - деді, - адамға ұқсап айтпай ма, немене мал санай ма?!

-       Ата, мына кісі кім, врач па? – деп сұрадым

-       Жоқ бұл врач емес, бұл жердің жалғыз «сүйікті» медбикесі ғой

-       Ммм... сіз де осы жерде емделіп жатырсыз ба?

-       Ия, мен де сол...

-       Ата, мына жер қалай өзі, жақсы ма, сыртынан қарасаң қорқасың

-       Жоқ, бұл жаңадан ашылған аурухана ғой, мынау ғимарат ескі әкіматтың үйі. Сырты ескі болса да, іші су жаңа. Бұл аурухана жаңа заманның жаңа ауруханасы, емделе алмай үміт үзгендер осында келеді

-       Мә... сонда жазылады ма?

-       Жазылады дейді ғой, қалай болса да адамдар келіп жатыр ғой...

-       Ата, ата менің Құтжол деген ауру итім бар еді, соны емдейік десем мамам: «бұған ештеңе көмектеспейді, кәрі ит қой» дейді. Кәрілікке қарсы ем бар ма бұларда?

-       Иә, әрине бар, бұл жерге жұрттардың көбісі қартаюға қарсы ем алуда

-       Ур-ра! Мен мамама айтайын, Құтжолды осы жерге алып келіп емдетейік!

-       Ал жақсы, енді үйіңе қайт. Сен барғанша қараңғы түседі.

-       Жақсы ата, сау болыңыз! – дедім де, үйге қарай зымырандай ұштым. Менің жүгіргенімді көрсеңдер, әр жүгіргенде әлемдік рекордты жаңартып отырамын. Мінекей, үйге де жетіп қалдық. Көшеде балалар футбол әлі ойнап жатыр.

-       Жако, қайда жүрсің, мамаң жаңа миллион рет шақырған шығар сені! – дегеннен кейін мен «не болып қалды екен» деп үйге жүгірдім. Келсем анам қонақ үйде телевизор көріп жатыр екен. Менің келгенімді ести сала:

-       Жакетай, сен ба?! Ойпырмай-ау қайда жүрсің осыншама?! Қорқып кеттік қой таза, звандамаған адамымыз жоқ. Беті-басыңды жу да, тамағынды іш кел. Әй Дастан, таста ана қолыңдағы телефонды, осы телефондары немене, жабысып қалған сайтаны бар ма, тамақтырыңды ішіңдер.

Анам керемет сорпа дайындап қойыпты. Ауылдан келген езілген құртпен араластырып ішкен сорпаңды ішкенде үй іші үнсіздікке толады, жарты сағаттай тек анамның ыңылдап әндеткені естіледі. Дастан екеуіміз мұрнымыз шуылдап жарысудамыз, артымыздан қасқыр қуғандай. Дастарқан бетінде не бар болса соны жапырып жойып жатырмыз. Дастарқанымызды суреттеп берейін. Дастарқанның өзінен бастайық. Бұл дастарқаның өзі бір бөлек әңгіме. Кезінде мамам бұны бір тойда ән шырқап ұтып алған. Өзі ескі болса да, әлі күнге дейін қытайски иісі шығады. Бір екі жерде скотчпен жамалған, Дастан ғой нан кес десе кленка кесетін әдетін әлі күнге дейін тастар емес. Буы бұрқыраған сорпа, қаймақ, қолдың майы, салат, варенье, жент, блинчик, кәмпит-пшина және осының араларындағы бос жердерді толтыратын ып-ыстық бауырсақтар. Не жеймін десең ала бер. Одан үстел бетіндегі заттар азаймайды. Молшылық. Құдайға шүкір анамыздың ерлігімен осы күнге жеттік, әкеміздің жоқтығын бізге сездірмеді. Менің батыр анам. Сенің бір тал шашыңды да қимаймын, ана, мүмкіндік болғанда сенің тал шаштарыңды жинауға да болушы еді. Мүмкін бұл ерсі естілер. Алайда менің анам сондай адам. Менде бір арман бар. Өскенде бірінші жалақыма анама әдемі көйлек әперсем десеңші, менің қуанышымда шек болмаушы еді ғой, Құдай-ай. Бірақ қорқамын, өте қатты қорқамын. Мамамның өзі де көп айтатын еді, «біз де бір күн кетерміз» деп. Сол  күннен қорқамын. Не істеймін сонда?! Кім болады екен сол кезде төсегімді белі ауырса да салып беретін, қиналғанда жаны ашып еркелететін, басымнан сипайтын кім болар екен қасымда?! Жоқ, ойлағым келмейді. Сондықтан да күнде ұйықтар алдында Құдайдан анамның амандығын тілеп жатам, ұзақ-ұзақ өмір сүруін, ауырмауын. Солай болса – мен бақыттымын.

Үйді бір араласаңыз анам мен әкемнің бірге түскен суреттерін көресіз. Жас кездеріндегі ақ-қара фотолары аз болса да керемет, ол кезде адамдар фотоға анау-мынау киімдермен түсе салмайды, модаға сай, шашын майлап дегендей.

 

 Әкемнің мына суретін қараңыз, красавчик қой иә?! Сол кезде анам жігіттердің арманы болса, әкем жігіттердің сұлтаны болған екен. Екеуі бір туған күнде танысқан ғой. Бірін-бірі бір көргеннен ұнатып, мама мен папамның арасында көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын байланыс пайда болды. Аралары бес жыл, ол кезде әкем жұмыс жасап, шаруашылыққа ыңғайланып алған, анам болса әлі мед.институтта оқиды екен. Папам түнде шахтада, одан соң күндіз бау-бақшаға барады. Бақшадан шыға салып мотоциклмен (ол кездері авторитет болып саналытын мотоциклмен жүру) шаң дала жолмен кесіп, анамның университет жатақханасына барады екен, неткен махаббат десеңші. Анамның құрбылары терезеден сұлу әкемді көріп:

-       Жанар, келді, сенің ұзын мойын жігітің келді! - дейді екен ғой.

Иә. Ол кезде қазіргідей сотка жоқ, «Ало, шыға ғой» дейтін. Осындай бір күні әкем кездесуге келмей қалады екен. Сол кезде анам уайымдап, таксофонный телефонмен әкемнің үйіне телефон шалады:

-       Але, сәлеметсіз бе?! Бұл Жанар ғой, Сашка үйде ма? – сол кезде қарт әжем:

-       Айналайын сәлемет пе, Сары балам бүгін келе алмайды, қалқам. Таңертеңнен ауырып қалып, қазір, өзіне телефон берейін, - дейді, сәлден соң әкем келеді:

-       Але...

-       Але, Сашка сәлеметсіз бе?! Қалыңыз қалай? Ауырып қалыпсыз ғой

-       Иә, сол таңертеңнен бері ішім ауырып – деген әкем де қатырған екен. Сәл сөйлескеннен кейін әкем:

-       Жанар, мен осы таяуда «Дос-Мұқасанның» пластинкасын сатып алып едім. Тыңдағың келе ме?

-       Иә, әрине.

-       Қазір, қоямын, - деп әкем граммофонды қосады. Анам осы кезде жатақхананың  салқын коридорында тұрады. Бір өлең, екі өлең, үш өлең сөйтіп жарты сағаттан кейін әкем трубканы алып, - Қалай, ұнады ма? – дейді екен ғой. Анамда да шыдамдылық бар екен, телефонды тастай салып, кетіп қалмағанын айтам да.

Мынадай қоңыраудан кейін әкетай да ырза болып қалған шығар. Иә, олардың арасында ерекше сыйластық, әдептілік болған-ды, қазіргі жастардағыдай емес. Неткен нәзік байланыс. Екеуі оқудың бітуін күтпей-ақ тұрмыс құрады. Бірақ анам оқуды сонда да тәмәмдайды. Шамалыдан соң біз дүниеге келдік. Әрине біз үшін шамалы, олар үшін бұл қиыншылықсыз болмады. Атам қазақ «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген екен. Үйлену демекші, мама папамның үйлену тойы қарапайым пәтерде болған. Олардікі тіпті оңай болатын. Ал әрі қарай – қызық өмір. Қазір керісінше, үйлену қиын болып кетті, оның қиыншылығы адамдарды үй болу жайлы ойлануға мұрша бермейді. Қайта үй болуды қазіргі заманның көбісі жастары үйленуден бұрын бастауды түзу көре бастады. Айта берсең, айта бересің ғой.

Енді әкем туралы айтайын. Әкемнің аты Сәкен, жұрттар Сашка дейтін кезінде. Отбасыда үш ағайынның ортаңғысы. Үлкенін «Құдайдан сұрап алған» деп еркелетсе, кішісін «Құдай бере салған» деп еркелететін көрінеді. Ортадағы әкеме жауапкершілік көп түсіп, жастайынан шымыр боп өседі. Өте еңбекқор еді. Аз ұйықтайтын, ерініп жатқанын көргенім жоқ. Жұрттар әкем мен анамды мақтайтын, адамдар ішінде «Сәкеңдей еңбекқор», «Жанардай пысық» деген сөздер көп айтылатын еді. Жұрттың көзі тиді ме білмеймін, әкем бір күні шахтада күтпеген жерден ауыр жарақат алады. Омыртқасы сынды деген сол кезде, соны біраз уақыт емдетті. Анам екеуі бармаған жері жоқ шығар. Бір күні емханадан келіп, әкем мені шақырып алды да:

- Жақантай, балам кел. Мына сырқат менен қалар емес. Қысқа жетеміз бе, жетпейміз бе белгісіз, - деген сөзден кейін басыма мұздай су құйылғандай болды, - өз-өздеріңе мықты болыңдар, бірің-біріңе қолдау жасаңдар, - деген сөздер әкемнің маған айтқан соңғы ақылы екеніне мен мүлдем сенбеген болатынмын.

Бірақ әкем де соны білгендей айтты сол кезде, бір екі күннен кейін оның тілі күрмеле бастады. Сол күндер – соңғы күндері еді. Әкем енді төсектен тұра алмас халге келді. Есімде, сол бір апта бойы қасынан еш кеткім келмеді. Сабаққа баруды қойдым. Әкемнің қасында. Қолын ұстап, жылытып жататынмын. Кім ойлап еді әке, сені солай болады деп. Кішкентайымда сенің қасыңда жатуды жақсы көретін едім, сол кезде сен мен тоңып қалмасын деп, құшақтап алатынсың. Мен сол кезде ыстықтағаннан көрпені тепкілеп тастайтынмын. Сол денеңнің қызуы бүгінде жоқ әке. Сен ауырып жатқанда қасыңда қол-аяғыңды уқалап отырудан басқа не шара бар еді. Сол кездері баяғы шақ еске түсетін еді, барлығы да. Сол кездегі күш-қуатыңнан, қайратыңнан айналдым, әке. Еріксіз жылағым келетін, бірақ мен өз-өзімді ұстауға тырысатынмын. Алайда қанша тырыссам да, ол сезім жиналып жиналып, бір мезетте атылған жанартаудай шыға келді, жыладым. Бірақ дауысымды шығармадым. Жалғыз тоқтата алмағаным – көз жасы. Сол көз жасым жүзімнен үзіліп, әкешім, сенің қолыңа тигенде сен сездің. Маған қарап қалғандай қозғалдың. Ештеңе демесең де, мен түсіндім әкешім. «Қой, жылағаның не?! Жігіт емессің ба?!» деген шығарсың әкетай.

Әкешім сенің кеткеніңе көп уақыт болып қалса да, сен менің жүрегімде әлі сол қалыптасың. Анда санда түсіме кіресің, мен ол күндері ерекше көңілді боламын. Сенің әрбір сөзіңді, әрбір ісіңді естен шығармауға тырысамын, әке. Сен маған көп нәрсе үйреттің. Мен ойлаймын, егер мен сендей болсам, менен нағыз азамат шығады деп, еліме, жеріме пайдам тиеді деп. Мен үшін үлгі тұтар тұлға ол футболшы емес, әнші емес, Месси емес, Қайрат Нұртас та емес, мен үшін идеал – сенсің әке. Сен секілді болу мен үшін – арман. Сен секілді әкенің баласы болу мен үшін – абырой! Жаның жәннәтта, тәнің рақатта болғай!

 

Instagram