КӨКПАРДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ ҚАҚЫНДА

КӨКПАРДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ ҚАҚЫНДА
жеке
блог

Көкпар – аттылар әлемінің жарқын айғағы, аттылы өркениеттің көрнегі мен өрнегі.Дегенмен, оны уақыттастыру үдерісі енді басталды.

Бүгінгі көкпар ойыны бұрынғы этноойындық сипаттан арылуда, әлемдік деңгейге тарату жолында мақсат қойылып, соған сәйкес әрекет басталды. Көкпардың мұндай стратегиялық форматқа көшуі алға біршама мәселелерді шешуді міндеттеуде.

Бұған дейінгі қалыптасқан көкпар ойынының командалық форматын одан әрі дамытуға мәжбүрміз. Бұл жолда көкпардың реквизиттері мен жарақтарын жетілдіріп, алаң келбетін, ойын құрылымын одан әрі дамыта түсу қажеттігі өзінен өзі туындауда.

 1. Бүгінгі көкпардың шығуы мен оның сипатына қарабайыр, тайыз таныммен қарау қалыптасқан. Көкпар ойыны аттыларға тән болғандықтан аттылы өркениеттің бірнеше мыңжылдық тарихымен сабақтас қарап, оның философиялық тұжырымын жоймай, одан әрі нақыштай түсу арқылы ойынға деген терең көзқарас орнықтыру қажет. Осы орайда көкпардың түпкі түрткісі ежелгі аттылардың (көшпенділердің деп ұғыңыз) Көкке мойынсұну, Күнге басты өмір көзі ретінде қарауға негізделген тәңірлік дүниетанымнан бастау алатын жағына қымсынудың керегі жоқ. Көк+пар  сөзі Көктің бөлшегі, парағы түрінде сіңген, бүгінгі Несібе, Ырзық ұғымына ие болу, таласу танымынан бастау алады. Әрине, ол әрбір дәуірде түрлі сипат алып, ақыры «көкбөрі», «көкбөрте» сықылды қарабайыр талдамаға көшті. Сайып келгенде, Күн мерекесі саналатын ежелгі Наурыз мейрамының басты тартысының бірі Көкпар аталуы тегін емес және оны обаста командалық сипат емес, әркім өз ауылына, өз ошағына, қазанына тартудың көрінісі де әр жанның Көк ырзығына таласу секілді мәнінде жатыр. Бұнымен көкпардың тарихын бірнеше мыңжылдықты және этнологиялық жағынан аса күрделі қырлары барын байқату, бұл ойынды бір немесе бірнеше ғана этностың,халықтың емес, жалпы ебразиялық Ұлы далада қалыптасқан Аттылар мәдениетінің көрінісі ретінде мойындау арқылы абырой тапқан абзал. Бұл тұжырыммен оның басты отаны - Ұлы даланың бүгінгі кіндігі Қазақстан болып қала бермек.

2. Жоғарыда айтылған тарихи-философиялық негізді ескере отырып, бүгінгі алаңдық/командалық көкпардың болмысын соған лайықтауды ұсынамыз. Ол үшін тараптардың көкпар салатын «ыдысы» - «отау» емес, «қазан» аталуы керек. Бұл – Көк несібесін қабылдау реквизиті саналатын қазанға деген құрмет және соның қызметін қайтару. Отау – бұған қатыссыз ұғым.  Ортадағы ойынбастар шеңберді «Күн» атай отырып, оған басты ырзық мағынасын жүктеу. Бар іс, өмір,тірлік Күнге қатысты екенін мойындау және соны қадыр тұту белгісін орнықтыру, бұл - Күнге табыну емес!
3.Көкпардың бүгінгі ойын алаңының бұрынғы тұрқы шамасын қолдай отырып, бірақ бұл алаңның тарлық етіп келе жатқанын ескеру керек. Алайда, оны кеңітудің қажеті жоқ, командалар құрамын 7 адаммен шектеу қажет! Сонда алаңға төрешіні қоса есептегенде 17 атты (үшеуі - төреші) әбден сығылыспай, еркін шабуға мүмкіндік болады және жерді кеңітпеу есебінен мәселе экономикалық тұйыққа тірелмейді.


4. Енді Көкпар алаңын жаңарту сипатына көшейік. Алаңның қақ ортасында Күн шеңбері, диаметрі – 2м. Алаңның  екі басында тараптардың Қазан шеңбері, диаметрі – 3 метрден. Алайда, оның сыртына радиусы – 7 м болатын, қалыңдығы  4 метрлік белдеу-шеңбер бар. Күн-шеңбер мен қазандардың арасы 100 метрден. «Күн» мен қапталдың арасы – 40 метр. Алаңның жалпы ауданы: 250мХ82м=20500 ш.м. Әрине, бұл өлшем мен шамаларды өзгерту қолдағы нәрсе.
5. Сол үшін әр қазанды торуылдап қарсы жақтан бір ойыншы Торуылшы ретінде әлгі қазан сыртындағы жалпақтығы 4 метрлік Торуыл шеңбері бойында қазанды күзетіп, қарсылас тарапты торумен жүреді. Қарсы команданың мақсаты – торуылшының қарсылығын жеңіп қазанға салым салу. Алайда, торуыл-шеңберге қазан иелерінің тек қана көкпар ұстаған мүшесі қарақшымен жекпежекке шыға алатыны ескерілуі керек. Қазанның ішіне кіруге рұқсат жоқ – қасиетті қазынаны таптау болып табылады!
Мұндай жағдайда 4 мүмкіндікке ие боламыз:
1). Көкпарлы ойыншы торуылшымен жекпежекке түседі немесе сырттағы жақтастарына көкпарды қайта беріп, олардың торуыл-шеңберді жағалап басқа жағынан енуіне мүмкіндік бар;
2). Көкпарға айып салымын тағайындау мүмкіндігі болады;
3).Алаңдағы төрешіден басқа екі төреші қапталда емес, қазан маңын қадағалайтын болады.
4). Айып нүктесі – ортаңғы сызық пен торуыл-шеңбердің түйіскен жерінде орналасады және сәйкес шеңбермен белгіленеді.
Айып салымын салу үшін екі тарап қарама қарсы торуыл-шеңберді бойлай тұрады да, салушы жақтың шеткі ойыншысы айып шеңберінде тұрып көкпарды ұстаған күйі төрешінің ысқырығын күтеді.
6. Бүгінгі ойын құрылымы 2 тараптың тартысы болғанымен, одан әрі командалық сипат дамытылмаған. Осыдан барып көкпардың стратегиялық сипаты аса төмен. Футбол ойынына еліктемесек те, ойын таласының дамуы мен жүйелі болуы үшін бүгінгі командалық ойын сипаттарына лайық шабуыл, қорғаныс мәселелері қаралып, ол жайт команда құрылымында қарастырылуы керек. Сөйтіп, көкпаршыларда да шабуылшылар мен қорғаушылар қарастырылған абзал.
Сонымен қарастырылған алаңда қарсы жақтар қазандарға торуылшылар қойып, қалған алты ойыншыны: екі шабуылшы, екі қорғаушы, екі қапталшы етіп тағайындауға мүмкіндік болады да, ойын нағыз командалық сипатқа көшеді. Қазіргі ойын сипаты ондай жүйеге жол бермейді.
7. Ойластырылған алаңдағы шеңберлер мен дөңгелектерді қалай жасау керектігі өзінен өзі туындайтын мәселе. Оны да оңай шешуге болады: бүгінде жасанды киіздің неше түрі бар, ол материал аттың тұяғына қауіп келтірмейді. Ал, адам мен атты жаралап жүрген «қазан бекінісін» солайымен аластау әбден орынды боларына ешбір дау жоқ. Осылайша әр шеңберді, дөңгелек алаңшаларды түсті киіз төсеп сәнін де, мәнін де, икемін де қарастыруға толық негіз бар. Сондай-ақ, алаңды шөппен немесе көгалмен емес, сусыма құм төсеп жарақтаған жөн деп санаймыз.
8. Біз қарастырған көкпар алаңы мен ойын ережесінің өзгерімі ойынды спорт дәрежесіне жеткізуге мәжбүрлейді. Және де оның экономикалық тиімін барынша қолдайды, бүгінгі 11-12 мүшесі бар аттыларды әр өңірге тасудан гөрі олардың санын 30 пайызға қысқарту арқылы саннан гөрі сапаға көшетін боламыз. Сондай-ақ, бұл жайт ойыншылар құрамын қосалқы топпен жасақтауға да мүмкіндік бермек.