Мақтаншақ (мысал)

Мақтаншақ (мысал)
жеке
блог

- Мен бұған қарсымын! Менің де пікірім талқылануы керек! Менің де айтарым бар! Менің де сөзімнің тыңдалуын талап етемін! Мен бұл жерде қалғым келмейді!

- Туф, «мен-мен» деп қоймадың ғой! Тыныш отыра берсеңші? Неменеге даурығасың? Бәрібір осылай болады ғой. Және осылай дұрыс. Себебі, қожайынымыз дұрысын біледі. Болды. – деп, қалам жаңадан келген қара қарындашты тыныштандыратын сөздер айтты. Тыныштандырмаса да, өзі сондай сөздер айттым деп ойлады.

- Ол аздай, ата жауларым – ұштағышпен, өшіргішпен бірге бір қапта өмір сүру деген - нағыз барып тұрған бассыздық! Әділетсіздік! Мен әділдікті талап етемін! Маған жеке қап керек немесе жауларымды бұл жерден аластатсын! – деп, жанұшыра айқайға басты қара қарындаш.

- Біз саған жау болып не істеппіз? Үнемі қожайынның қалауын ғана жасаймыз. Әйтпесе, сенімен де, басқамен де жауласып неміз бар? Келгенің кеше ғана. Бізді танитындай әңгіме айтасың. Қызықсың өзің. – деп, ренжіген өшіргіш теріс айналып тұра қалды.

- Жауым болмағанда ше! Біреуің өзі қысқа ғұмырымды одан әрмен қысқартып, ал екіншің салған ізімді өшіріп әуре боласыңдар да жатасыңдар! Олай екенін достарым айтқан әңгімелерден білемін! Бұл тек қас жаудың істейтін ісі емес пе? Солай ғой, айтшы, қалам? – деп, өзіне жақтасады деген үмітпен қара қарындаш қаламға қарады.

- Мыналар қоя ма, жоқ па? Қарындаштар, айтыңдаршы анаған қойсын деп. Қожайын біздің әр жерде шашылып жататындығымызды байқап, арнайы қап сатып алып, бәрімізді бір жерге жинағаны – табылған ақыл болған! Алайда, иеміздің қателігі – қаппен бірге мына бір «жаңашылды» сатып алғаны болды-ау, шамасы. – деп, қалам бір күрсініп алды.

- Соны айтамын. Осылай дұрыс болды ғой! Енді бәріміз бір жердеміз! Біргеміз! Бұрын әр жерде шашылып, қалай болса солай жататынбыз. Тіпті кейбіріміз қолды болдық. Қара қарындаш, қаншама түсті достарымыздан айырылғанымызды сен білмейсің! Сен келгенше біз тіпті де көп едік. Енді санаулы ғана қалдық. Үлкен сөмкенің ішінде қалай болса солай жүргендіктен, қаншамасы сынып қалды. - деп, қызыл қарындаш жылауға сәл қалды. – Ал, қазір қарашы, бәрімізді жинастырып, бөтен қолдан, көзден таса жерге жасырып қойды. Жаңа қабымыз өте ыңғайлы әрі кең. Әлде саған тарлық етіп жатыр ма? – деп, қара қарындашқа сұраулы жүзбен, таңырқай көз тастады қызыл қарындаш.

- Жоқ! Еш тарлық етпейді! Иә, бәріміздің бірге тұрғанымыз жақсы ғой! Жаңа достар, жаңа таныстар! Дегенмен, қожайынға сендерден көрі мен көбірек керекпін ғой! Мойындасаңдаршы? Не нәрсе жазса да алдымен мені пайдаланады. Егер жазғаны не сызғаны дұрыс болса ғана, содан кейін барып, сендерге жүгінеді. Сендерге қарағанда, мен оған көбірек керекпін. Осы жағынан алып қарасақ, менің дәрежем әлдеқайда жоғары. Сол себепті, тұрағым да сәл ерекше не дара болу керек деп ойлап тұрмын. Бар болғаны сол. – деп, қара қарындаш мақтанға салына бастады.

- Жә, орныңды біл, қара қарындаш. Қожайынға бәріміз де керекпіз, бәріміз де ерекпіз! Көп көпірме. «Өлерін білсе, молаға қашар», «бөлінгенді бөрі жейді» дегендей... – деп, қалам қара қарындашты сабасына түсірмекші болды.

- Жоқ! Мен бәрібір мені сендерден, сендердей аса маңызы жоқтардан ерек, бөлек ұстағанын, жеке қап арнағанын қалаймын! – деп, өз дегенін қоймай қойды қара қарындаш.

- Оу, інішек, біз бұл қап тұрмақ, қаптан үлкен сөмкенің ішінде ары-бері төңкеріліп, әр кітап, дәптердің арасына қысылып қалып, қаншама күн ауа жұтпай, күн көрмей, біресе кәмпит, біресе ермексаз, не желім жабысып қалып, санаулы жылдар ғана өмір сүрсек те, жаңа ғана келген сен сияқты шағымданып көрген емеспіз. Сондықтан, тыныш қана өз орныңды біл! Барға шүкір де. – деп, көп пайдаланылмайтын ақ қарындаш өз пікірін білдіруді жөн көрді.

- Жоқ! Сендер мені түк түсінген жоқсыңдар! Мен бұл жерге келгенге дейін қандай әдемі жерде тұрсам, дәл сондай орынды қалап тұрмын. Бар болғаны сол! – деп, өз дегенін қоймай қойды қара қарындаш.

Оны жеңе алмасын білген қалам, өшіргіш, ұштағыш, түрлі-түсті қарындаштар үнсіз қалуды жөн санады. Сөйтті де, әрқайсысы түрлі-түсті ойға шомып кетті.

Кенет қожайынның саусақтары қаптың аузын ашып, қара қарындашты алуға ыңғайланды.

-Алақай! Армандар орындалады! Көрдіңдер ме, мені қожайын жеке қапқа алып кетіп барады! Мен үшін жеке қап алды! Ал, қош болыңдар! Мен өзге достарыңдай қолды болып, не сынып қалмаймын. Мен мықтымын! Мен кереметпін! Мен қымбатпын! Мен өзімнің жеке қабыма кеттім! Алақай! – деп, қуана жар салған қара қарындаштың сөзін бірде біреуі ерен санамады.

Бір ғана болмайтын, мәнсіз суретті салып, және онысын ұнатпай, қоқыс жәшігіне тастаған қожайыны қара қарындашты сөмкенің ішіне тастай салды. Ешнәрсені жете ұқпаған қара қарындаш бастапқыда өзі үшін үлкен қап алды деп ойлап қалды. Кенет сөмкемен бірге арлы-берлі ырғатылып, қалай болса солай теңселіп, кітаптарға ұрынып, денесінің әр жері ауыра бастаған ол ешқандай да жеке қап емес, бұл дәл сол түрлі-түсті нешеме қарындаштың ажалы болған сөмкенің нақ іші екенін сезді. Сезді де, бағана ғана айтқан шүкірсіз сөздеріне өкіне бастады. Бәрі сыйып отыратын қапты сағына бастады. Кенет қоңырау соғылып, сөмке иесі барлық кітаптарын сөмкенің ішінде тастай салған кезде, бір ауыр кітап төбеден төніп келіп, сөмкенің дәл түбінде жатқан қара қарындашты қақ белінен шорт сындырды! Жан даусы шыққан қара қарындаш ғұмырының мұнша қысқа боларын білмеді. Бағанағы шүкірсіздігіне орай алған осы бір «сыйын» сонша күткен еді.

Үйіне келіп, сөмкесін реттеп жатқан қожайыны сөмке түбінде сынып жатқан қара қарындашты алып, дәлдеп тұрып, қоқыс жәшігіне сүңгітіп жіберді. Сөйтіп, мақтаншақ қара қарындаштың «сәні» де бітті, ізі де қалмады.