Қыз баласы кетуді емес, ... аңсайды (көпбөлімді драмалық блогкезек)
жеке
блог

Қыз баласы кетуді емес, ... аңсайды (көпбөлімді драмалық блогкезек)

Кезексөздің эстафетасын табыстаған Қоңырбай Қазақ блогының тақырыбын «Қыз мұраты кету емес, жету» деп қойған екен. Осы тақырып өзімді көптен бері толғандырып жүрген еді. Расымен де, жар құшып, бір ру мен екінші руды табыстырудың және бауыр еті баласын мәпелеп, бесік тербетуден бойдақ өмірді, ЖОО қабырғасында білім алуды, шет елде оқуды жөн көреміз.  Сол қаншалықты дұрыс?

Өмірде алғашқы дүние ғана таза. Бірақ алғашқының алғашқы болып қалмайтыны да сондықтан шығар... Айтайын дегенім әр «нәрсенің» жақсы, жаман жағы бар. Ол тұтас жақсы немесе жаман болуы мүмкін емес. 


Тәрбие

Расымен де, қайда жүрсек те тәрбие аламыз. Балалық шақта ат тізгінін ұстап, алысқа шабар дәрменіміз жоқ. Бар болғаны бізді тәрбиелеген адамның ақыл-парасатына, пұл-қаражатына қарап өзімізге лайықтап мінгізген сәйгүлікті иемденеміз. Артынша қатар шауып келе жатқан шабандоздарға қарап бой түзейміз. Бұл балалық шақтан асып, жастық шаққа бойлаған сәтіміз. Жастық шақ жалындап тұрғанда қауқарын пайдаланайын дей ме? Бізді түрлі соқпақ жолмен жүруге мәжбүрлейді. Соның бірі біреуге түс, біреуге арман, біреуге мақсат болған  - ҰБТ. Оның кешегі түске айналғанына 3 жыл уақыт өтсе де, көп оқушыны күйзеліске тап болдырарын жақсы түсінемін. Әсіресе қыз баласын... 


Қыздар не үшін оқу керек?

Адамдардың барлығын бір қалыпқа салып, «инкубатордан» шығара салатындай «өткен» заманда өмір сүріп жатқанымыз жоқ. Қанша адам болса, сонша тағдыр, сонша мінез, сонша оқиға болуы мүмкін. Сондықтан бірдей етіп талдаудан аулақпын. Әр қыздың жүрегінде, ойында не жатқанын білмесем де, қорқынышымыз ортақ секілді. Үй шаруасын шетке ысырып, білімге теңізіне сүңгиін десек, күн санап қартайып келе жатқан ата-анамызды ойлаймыз. Ақылы оқымай-ақ қояйын десек, құдды бір мүгедек жандаймыз. Мүгедек болудың жөні бір бөлек, бірақ рухани байлықтың кенде қалуы – адам баласына жат болуы тиіс. Кешегі Мұхтарлар орыс қыздарына неге үйленді? Бір меңі үшін Самарқан мен Бұқарды қиюға тұрарлық қазақ қыздары көп емес пе? Ал Қыздар педагогикалық институты не үшін ашылды деп ойлайсыз? Қазақ қоғамына оқыған, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, жүзі ғана емес, жүрегі мен ақылы сәулеленген қыздар керек болды. Оқыған қыздар ақ пен қараның парқын ажыратып, елі үшін еңіреп жүрген ердің текке жастық жастанбай жүргенін түсінді. Алысқа қамауға алынса, артынан іздеп барды. Ерінің өзіне емес, көпке тиесілі екенін, оны халқымен бөлісуі тиіс екенін түсінді. Жарының өзге музаға, жұмысына, мақсатына күн сайын ғашық болатынына төзіммен қарады. 

Ал қазір ше? Қазір заман да, жағдай да басқа. Қыздарды мінезіне, алдына қойған мақсатына қарап ...

Қыздар қандай?

Ата-анасын көбірек ойлайтын қыздар. Кәріс халқы отбасы мүшелеріне үнемі қамқор болып жүретіндіктен, қыз баласын жақсы көреді екен. Өзін осы күнге жеткізген, жат-жұрттық деп бары мен жоғын қатар сыйлаған әке-шешесіне неге рахмет айтпасқа? Әдетте бұл қыздар ата-анасы көп сенім артқан отбасыларда тәрбиеленеді. Олар өзінің болашақ отбасынан тәрбиеленген отбасын артық көріп, ата-анасының ақ сүтін ақтап «кеткісі» келеді. 

Өзін көбірек ойлайтын қыздар. Адам өзі жақсы, білімді, тәрбиелі, парасатты болса, соғұрлым жанында жақсы жандар жүреді деп ойлайды. Мансап жолын қалыптастыруды меңзейді. Және мүмкіндігінші бай әрі ақылды, мықты жігітке тұрмысқа шыққысы келеді. 

Білімді қыздар. Олар әр нәрсенің парқын түсініп, барлығын ретке келтіріп отырады. Яғни ата-анасын қатты жақсы көрем деп, жанында көп жүре беретін болса, ақырында кәрі қыз атанатынын түсінеді. Қайын жұртын туған жұртындай көруге тырысады. 

Өзін аз бағалайтындар. Өз мүддесінен өзгенің мүддесін жоғары қояды. Тек біреу үшін ғана өмір сүреді. Кім не десе де, мойынсұнады. Әдетте жүрегі өте таза келеді. 

Кей қыздарды түсінбеймін. Олардың да бір ойға алғаны бар болар. Алайда жүріс-тұрысын, алдына қойған мақсатын түсінбеймін. 

Нәзіктік бізге жарасады

Жәй ғана біз өмір сүріп отырған қоғам емес, адамзат атаулысы әйел мен ер сынды жынысқа бөлінбей, жыныстың жаңа бір түрін ойлап тапқан сияқты. (Анатомиялық құрылымға байланысты айтып жатқаным жоқ). Ер мен әйел ісінің арасында ешқандай да жік жоқ. Азаматы маңдай терімен халқына қызмет етіп, артынша сол қызметі үшін мемлекетінен ақша алып, отбасын асырайды. Ал жары өз кезегінде үйінде дәмді асын дайындап, бесіктегі баласын тербетіп отырады. Қаласа бос уақытында сүйікті ісімен айналысады. Мұндай идеалды отбасыны көпшілік армандайтын шығар, өкінішке орай, заманымыз басқа... Жарымызбен қатар жұмыс жасап, отбасылық бюджетке ақша қосуымыз керек. Бұл енді түсінікті жағдай.  


Қыздар неден қорқады?

Естеріңізде болса, бұған дейін «Қыздар неден қорқады?» деген тақырыпта материал жазған болатынмын. Соны тағы бір мәрте ұсынуды жөн көріп отырмын. 

Кез келген қыз баласы өзінің жат жұрттық екенін біледі және алыста жүрген отбасы мүшелері үшін алаңдайды. Расымен де, шет елде білім алып, күнде қалаған ісімен айналысып, түрлі курсқа қатысудың орнына отбасы мүшелеріне ас дайындап, олармен кештің бірге өткізуді жөн көреді.  

Көп қыз жалғыздықтан қорқады. Дәл осылай ата-анамыздың жаныда жүре берейік десек, кейін жалғыз қаламыз ба деп тағы қорқамыз. ХХІ ғасырда қыздар мен жігіттердің аузынан «Үйленуге лайық қыз жоқ» немесе «Ол жігітті ұнатпадым» сынды сөздерді жиі естуге болады. Мұнымен қатар, бұл қорқыныш бала-шағасы бар әйел адамдарға да тиесілі. Әйел адам өзінің айрандай ұйыған отбасына қарап, бұл бақыттың ұзақ жалғаспайтынын, балалары ер жетіп өз жолдарымен кететінін ойлайды. Тіпті, үйде қалатын кенже баласын азсынады. Осы қорқыныштың нәтижесінде балаларын келінінен қызғанатын енелер шығады. Мұндай жағдайда жалғыздықтың әрдайым бақытсыздық бола бермейтінін түсінуіміз қажет. 


Жас қыздардың өзі де қартаюдан қорқады. Өздерінің нәзік терілерін әжім басатынын ойлағылары келмейді. Ай астындағының бәрі мәңгілік емес екенін түсінейік. Жанымыз жас болғанмен, тәніміз сол қалпында қалмайды. 

Жұмысымнан айырылып қаламын ба деген қорқыныш. 

Қыз баласы сырт көзге қалай көрінсе де, жүрегі мен ойында кетуді емес, бір бақытқа жетуді меңзейтіні анық...

Сіздердің пікірлеріңіз менікімен үйлесе ме, үйлеспей ме білмедім. Оны төменде пікір ретінде жазуларыңызға болады. Барлығыңыздың ойларыңызды құрметтеймін. Бұл - бар болғаны менің өмірлік тәжірибемнен туындаған субъективті пікір. Көптен бері ойға алғанымды, көппен бөлісуге мүмкіндік бергендіктен, Қоңырбай Қазаққа айтар алғысым шексіз. 

Көп ойланып, бір толғанып эстафетаны анда-санда ой салатын блогтарымен қуантып қоятын Айкона ханымға табыстауды жөн көрдім...