Осы аптадағы ең қызықты жаңалықтар

Осы аптадағы ең қызықты жаңалықтар
жеке
блог

Бұл жазба осы аптада орын алған басты жаңалықтарды білгісі келетіндер үшін жазылды. Үстіміздегі аптадағы ең маңызды оқиғаларды есіңізге түсіргіңіз келсе, бұл жазба сізге де арналған.

Олай болса, басты оқиғалар мен Массагетте жарияланған маңызды жазбаларды еске түсіріп, аптаны қорытындылап өтейік.

√ Бұл аптаның басты жаңалығы футболдан Әлем Чемпионатында Бразилия құрамасының Германиядан 1:7 есебімен ойсырай ұтылуы болды. Әлемнің бес дүркін чемпионы атанған Бразилия өз алаңында бұлайша ұятқа қалады деп ешкім ойламаған еді.

√ Әлем Чемпионаты демекші, өткен аптада сайтымызда спорт журналистері күніне орай, елдегі ең үздік комментаторды анықтау үшін өткізілген онлайн сауалнаманың жеңімпазы болып спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен танылған болатын. Осы аптада журналист Массагетке Skype сервисы арқылы Бразилиядан арнайы сұхбат берді. Сұхбатта Ермұхамед өзінің комментаторлық мансабы туралы, сонымен бірге Бразилия елінен алған әсерлері туралы айтты.

√ Аптаның тағы бір маңызды оқиғасы – Қытайда өмір сүріп жатқан қандасымыз Қуанақын Серікұлының әлемдегі ең ірі көшпелі құмды шөлді жаяу кесіп өтіп Гиннес рекордтар кітабына енгенінің белгілі болуы. Бұл шараға Zerde смартфонын өндіруші Қытайдағы қазақтар демеуші болды.

√ Қытайдағы қазақтардың құлшынысы арқасында әлемдегі ең алып домбыраның жасалып шығуы да елең еткізерлік жаңалық болды. 

√ Айтуға тұрарлық тағы бір нәрсе, осы аптада редакциямызға әнші Айбек Байназаров қонақ болып, өз жоспарларымен бөлісіп кетті.

√ Ал әнші Қайрат Нұртастың басын дауға қалдырған MCKZ арнасы музыканттан әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрады. Алдағы аптада телеарна басшыларының баспасөз мәслихатын өткізіп, сұрақтарымызға жауап беруін күтіп отырмыз.

√ Сонымен қатар, оқырман қыздарға арнап Массагет ұжымы Алматыдағы Апорт молына барып, сауда орнындағы киімдерге шолу жасады. 

√ Футболдан Әлем чемпионаты аясындағы болжамдар сайысының жалғасып жатқанын есіңізге саламыз. Жеңімпаздардың есімі 13 шілде күнгі финалдық ойыннан кейін белгілі болады. 

сурет: rsload.net