Үдемелі дамудың даңғыл жолы
жеке
блог

Үдемелі дамудың даңғыл жолы

2010 жылы Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауының негізінде бастау алған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын (ҮИИД МБ) қабылдау кезінде көпшілігі аталмыш бағдарламаның еліміздің экономикасының дамуына тың серпіліс,  жаңа бір екпін әкелетіндігін жарыса айтып, оның орындалуына үлкен сеніммен қараған болатын. Күткендей-ақ, ҮИИД қазіргі күні артқан сенімді ақтап,  бүгінгідей нарық заманында экономикамыздың әртарапты, жан-жақты әрі бәсекеге қабілетті болуына орасан үлес қосып, еліміздің тұтастай дамуы мен жетілуіне өз септігін тигізуде. Соңғы төрт жыл уақытта жаһандық экономикалық дағдарыспен байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа жұмыс орындары ашылып, ел арасында жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі, көптеген өндіріс орындарының іске қосылып, өз өнімімізді шығарып әрі пайдалану мүмкіндігіне ие болуымыз, сонымен қатар, бизнес саласында қолайлы жағдайлардың жасалуы, жалпы айтқанда тәуелсіздік жылдарында бұрын-соңды болмаған жайттардың орын алуы осы бағдарламаның белсенді түрде жүзеге асып жатқандығының дәлелі.

Әу бастан өзінің жіті қадағалауында ұстаған бұл бағдарлама туралы Елбасы 2010 жылғы өз Жолдауында «Индустриялық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан табысты индустриялық держава болады – мен бұған әбден сенімдімін» деп атап көрсеткен болатын. Шындығында осынау төрт жылдың ішінде аталған бағдарлама аясында атқарылған орасан зор жұмыстар мен игі бастамалардың сәтін салып, жүзеге асырылғандығын ескерсек, индустриялық державаға лайықты алғашқы қадамдардың жасалғандығы айтаса да түсінікті.

Жаһандық экономикалық дағдарыспен тұспа-тұс келген бағдарламаның алғашқы бесжылдығы (2010-2014 ж.ж.) бүгінде өз мәресіне абыроймен жетті. Ендігі басты меже – 2020 жылға дейін жалғасатын екінші бесжылдықты дәл осындай қарқынмен өткізу.

Алдымен екінші бесжылдықты сөз етпес бұрын, артымызға қарайлап, бірінші бесжылдықтың нәтижесін қорытындылай отырсақ. Бірінші бесжылдықты ой сүзгісінен өткізіп қарасақ, ең әуелі өңдеуші өнеркәсіп саласының арта түскендігін, сондай-ақ, еңбек өнімділігінің жоғарылағандығын анық аңғаруға болады. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдарда өнеркәсіпте жұмыс істейтіндердің саны 125 мыңға көбейіп, 1 млн. адамға жетіпті. Әлемнің өзге мемлекеттерінде, мысалы, Испания, Грекия секілді елдерде жұмыс орындары қысқартылып жатқан уақытта бұл жақсы үдеріс. «ҮИИД МБ-ның алғашқы бесжылдық жоспарын орындау кезеңінде отандық және шетелдік инвесторлармен бірлесіп, жаңа өнеркәсіп орындарын ашуға қатысты бірқатар белсенді жұмыстар жүргізілді - бір ғана өңдеуші өнеркәсіп саласында шетелдіктердің қатысуымен құны 5 млрд. доллар болатын 59 жоба жүзеге асырылды. ҮИИД МБ іске асыру жылдарында өңдеуші өнеркәсіпке тартылған тікелей шетелдік инвестициялар артып келеді, 2005 жылдан бері қарай өңдеуші өнеркәсіптегі барлық жалпы ТШИ көлемінің  70%, яғни 14,1 млрд. АҚШ долларын құрайды», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Әсет Исекешев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 27-жалпы отырысында бірінші бесжылдықты қорытындылай келе.

Ал, бірінші кезеңнің жалғасы болып саналатын екінші бесжылдықта ел экономикасындағы төрт негізгі сектор дамытылмақ. Ең әуелі макроэкономикалық тұрақтылықты және қаржылық базаның өсуін қамтамасыз ететін шикізат секторына үлкен көңіл бөлінсе, екінші топта даму сапасын арттыратын өңдеу өнеркәсібіне баса назар аударылмақ. Үшінші секторда болашақта бәсекелестік қабілетті арттыра түсетін инновациялық бағыт бойынша жұмыс жасамақ. Төртінші секторда адамдарды жұмыспен қамту, өнімділікті және басқа да процестерді арттыру жұмысы қолға алынбақ.

2020 жылға дейін жүзеге асатын екінші бесжылдық біріншідегіден де қарқындырақ болмақ. Ал, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның екінші бесжылдықта бағдарламаның негізгі қаржы операторы ретінде белгіленуі жұмысты одан ары жандандыра түсетіндігі айдан анық.

Бұл кезеңде ұлттық басқарушы холдинг экономиканы ұзақ мерзімді және арзан қаржымен қатмамасыз ету міндетін өз жауапкершілігіне алып, мемлекеттік емес, жеке қаржы көздерін табуға ерекше мән беруді мақсат тұтады.

Сонымен қатар, холдинг елді индустрияландыруға алдағы бес жылда 1,5 трлн теңге қаржы бөлмек.

 «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқармасының төрағасы Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, 2014 жылы жалпы сомасы  3  млрд 719 млн. АҚШ долларын құрайтын жобалар іске қосылмақ. Ал, бұл дегеніміз елімізде  8 342 жұмыс орындары қолданысқа беріледі.  Бұл жобалардың басым бөлігі қара және түсті металлургия, мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс заттары мен тағам өндірісі саласында жүзеге асырылады. Мұнымен бірге, қаржы институттарының қолжетімділігін арттыру мақсатында Холдинг даму институттарының жұмысын қайта қаралмақ. Қазақстанның даму банкі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын аясында басты қаржы институты атанып, несиелеу тетіктері жеңілдетіп, әкімшілік тосқауылдарды төмендету, автоматтандыру және артық бизнес процестерді жою, несие алушылармен жұмыс тәсілдерін жетілдіру және жаңа несиелік құралдар ұсыну мақсатындағы жұмыстарды жүргізіледі.

Сондай-ақ, екінші кезеңде құрамына өнеркәсіптің 14 саласы кіретін ұлттық және аймақтық кластерлерді дамыту жұмысы белсенді түрде атқарылмақ.  

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аз уақыттың ішінде Қазақстанның даму жолында өзіндік сара соқпағы бар дара даңғылға, табысқа жетудің басты кілтіне айналып үлгерді. Маңызы зор мұндай бағдарламалар арқылы отандық экономикамыз осындай қарқынмен дами берсе, жарқын болашақта Қазақстан дамыған елдердің алғашқы қатарында тұратын алпауыт мемлекетке айналары хақ!