Қадырғали Көбентай әндері

Қадырғали Көбентай әндері
жеке
блог

Сазгер, бард, әнші, мәдениет қайраткері Қадырғали Көбентайдың мұңды, лирикалық әндерін тыңдауға кеңес беремін. Мұнда тек екі ғана әнін сөзімен бірге беріп отырмын. Орындаушының Ибрагим Исаның сөзіне жазылған "Елге сәлем" әні 1 жылдай уақыт бұрын шығып, қазақ жастарының сүйікті әніне айналған. Abai.kz сайтына берген сұхбатында айтқан әндері де сәтті шықты дей аламын. Әлеуметтік желілерде талай репост жасалып, талай лайкқа лайық болған әннен басқа да әндері бар. Мәселен, "Айт дедің-ау" әні. Сөзін кім жазғанын білмедім, Маралтай ақын емес пе екен деп ойлап қоямын (Қателесуім де мүмкін). Әйтеуір қазаққа тән, қазаққа жақын деп ойлаймын. Сонымен, өнерде жүргеніне 30 жылдан аса уақыт жүрген дарынның әнін тыңдап көріңіздер...

 

Айт дедің-ау не айтам...

Айт дедің-ау не айтам, жаным саған?

Езді айтам ба өлеңге араласқан?

Шамасы мен шарқына қарамастан

Қасиетті өнермен жағаласқан?

Айт дедің-ау не айтам, жаным саған?

Айт дедің-ау не айтам, жаным саған

Мұңды айтам ба жүректі жаншылаған?

Досты айтам ба бос сөзбен қамшылаған?

Жасты айтам ба бейкүнә тамшылаған?

Айт дедің-ау не айтам, жаным саған

Айт дедің-ау не айтам, жаным саған?

Елді айтам ба етегін жаңа жапқан?

Жерді айтам ба денесі жара жапқан?

Көлді айтам ба шөл болып бара жатқан?

Айт дедің-ау не айтам, жаным саған?

Айт дедің-ау не айтам, жаным саған?

Мұңды айтам ба жүректі жаншылаған?

Досты айтам ба бос сөзбен қамшылаған?

Жасты айтам ба бейкүнә тамшылаған?

Айт дедің-ау не айтам, жаным саған?

Басқа айтатын нем қалды менің саған?

Бар тілегің сол болсын сенің маған

Көгім де аман тұрса екен, көлім де аман

Жерім де аман тұрса екен, елім де аман

Айт дедің-ау не айтам, жаным саған?

Айт дедің-ау не айтам, жаным саған?

Мұңды айтам ба жүректі жаншылаған?

Досты айтам ба бос сөзбен қамшылаған?

Жасты айтам ба бейкүнә тамшылаған?

Айт дедің-ау не айтам, жаным саған?

Айт дедің-ау не айтам...

 

Елге сәлем

Алматыда бір ұлың сәлем деді дегейсің,

Сәтін салса құдайым келем деді дегейсің,

Көңіл-күйін байқатпай кейде жүрер жол таппай

Сағыныштың сызығы тереңдеді дегейсің

Алматыда бұл күнде симай-ақ жүр дегейсің

Туған жерін, достарын қимай-ақ жүр дегейсің

Қалмағандай тірегі, шытынаған жүрегі

Амал қанша әйтеуір, қирамай жүр дегейсің

Алып ұшқан көңілі басылып жүр дегейсің

Жүдегенін жанының жасырып жүр дегейсің

Жылу іздеп іздерден сағыныштай кұз көрген

Шаршаңқырап бұл күнде шашылып жүр дегейсің

Күтіп жүрген жоқ әзір кәрілікті дегейсің

Сыйласатын досының бәрі мықты дегейсің

Жалғыз өскен шынардай өкінішін шығармай

Ағайынды, ауылын сағыныпты дегейсің...

Шашына да аз күнде ақ кіріпті дегейсің

Көңілінің көліне қақ тұрыпты дегейсің

Тойы болды керемет шақырғанмын келер деп,

Ағайынды сол күні қатты күтті дегейсің

Күрмеуге де қысқа жіп келмейді екен дегейсің

Тірі жанға тіршілік, өлмейді екен дегейсің

Айтқанының бәрі шын, жалғыз шыбын жан үшін

Ешкімге де намысын бермейді екен дегейсің

Байлық пенен мансапқа қызықпапты дегейсің

Кейде ішпейтін ортада қызып қапты дегейсің

Белгі болып бұл күннен күн сайынғы кірбіңнен

Жүрегінде өшпейтін сызық қапты дегейсің

Жаңалығын ел жақтың біліп жатыр дегейсің

Қиындыққа сыналып кіріп жатыр дегейсің

Өз-өзінен байланып, жолға қарап ойланып,

Алматыда бір ұлың жүріп жатыр дегейсің

Өз-өзінен байланып, жолға қарап ойланып,

Алматыда бір ұлың жүріп жатыр, тұрып жатыр дегейсің...

Сурет: Қадырғали Көбентайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды