Әлем Чемпионатына болжам
жеке
блог

Әлем Чемпионатына болжам

Бүгін, яғни бірер сағаттан кейін көптен күткен дүбірлі дода Әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтеді. Төрткүл дүниенің назары Бразилияға ауды. Мен де өзімнің болжамымды жасаған едім. Болжам желтоқсан айында массагетке жарияланды. Бүгін соны қайта таразылап, сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмын. Пікірлеріңізді білдіріп отырыңыздар!

Назарларыңызға жеребе бойынша топтастырылған 8 топты ұсынамыз.

 

Жеребенің біреуге сәтті, біреуге сәтсіз түсуі заңдылық. Сонымен, кеттік. Ең бірінші жарыс қожайындары өнер көрсететін А тобынан бастасақ. Бұл топта негізгі фаворит сөзсіз алаң иелері. Топтан шығу мүмкіндігі Бразилия мен Хорватия мемлекеттері иеленетін тәрізді.

 В тобы жанкүйерлерге ең әдемі ойын өрнегін көрсететініне күмән келтірмейміз. 2010 жылғы ӘЧ-ның финалистері қызыл фуриялықтар мен қызғалдақтар елінің арасында негізгі бәсеке өрбейді. Голландияның әлем чемпионатына қатысатын ең жас құрама екенін ескерсек, жастардан мол үміт күтеміз. Күмістен көзі ашылмаған қызғалдақтар елінің биыл алтын алуға қауқары жете ме?! Финалға бергісіз ойын көруіміз ықтимал. Ал С тобына келер болсақ, бұл топқа түскен 4 мемлекетте деңгейлес. Төртеуі де дәмелі.  Азияда өнер көрсететін Жапонияның шама- шарқы шамалы. Дей тұрғанмен, 1/8 жолдамасы үшін бәсеке Дидье Дрогба бастаған Кот-д’Ивуар мен колумбиялықтардың арасында өтетін сыңайлы. 2014 жылғы жеребе бойынша «Өлім тобы» делінген Д тобында алпауыт 3 команда түсіп отыр. Уругвай, Англия және 2006 жылғы әлем чемпиондары Италия құрамалары түскен бұл топта нағыз бәсеке, нағыз шайқас. Өлім тобынан кімдер өлмей шығар екен? Диего Форлан мен Суарес өнер көрсететін Уругвайлықтар мен Чезаре Пранделли баптайтын итальяндықтар жүрісінен жаңылмаса мүмкіндігі зор. Британдықтардан да аттап өтуге болмайды. 2014 жылғы ӘЧ-ның ең сәтті түскен топтары деп Е және F топтары. Жаңа құрамалардың жасындай жарқылдауына зор мүмкіндік туғызып отыр. Е тобының негізгі фавориті Карим Бензема ойнайтын Франция, F тобында қазіргі футболдың «аңыз ойыншысы» Лионель Месси бастаған аргентиналықтар екені сөзсіз. Әлем Чемпионатында бағы келіспей жүрген бірден бір ойыншы осы – Месси. Арсен Венгер: «Месси Әлем Чемпионатын 2014 те ұтса,онда Әлемнің футбол тарихындағы ең үздік және аңыз ойыншысы болады» десе, Криштину Роналдо «Месси әлем чемпионатын ұтпаса да аңыз ойыншы» деп қолпаштап өтті.  Месси - мықты футболист, сөз жоқ. Бірақ жақсы ойын көрсету үшін ол жеткіліксіз. Команда мықты болуы керек. Биылғы жылы Аргентиналықтардың құрамы осал емес. Лионель Месси, Гонсало Игуаин, Серхио Агуэро бастаған құрама финалда өнер крсетуі де ғажап емес. Ал топтан шығу мүмкіндігі Швейцария мен Боснияға бұйыруы керек. Чемпионатқа алғаш қатысып отырған Босниялықтар ширек финалға шығу үшін тырысып бағады. Ең қызықты әрі тартысты өтетін топтың бірі G тобы. Неміс машинасына төтеп берер команданың бірі Португалия. Португалдықтар  үйренген жауларына есе жібермеуге тырысады.  Криштиану Роналдо бастаған португалдықтар үшін ӘЧ-ның жолдамасы ерен еңбекпен келген еді. Златан Ибрагимович бастаған Шведтердің бағын байлаған португалдықтар топтан немістерден кейін екінші орынмен шығуы керек. Өкінішке орай, Роналдоның жарақаты командаға біраз кері әсерін тигізетін болды. 2010 жылғы Уругваймен өткен текетіресті көрсеңіз, Африка құрлығындағы Ганадан да сенсация күтуге болады. Ең соңғы H тобы орыстар үшін сәтті түсті деуге толық негіз бар. Жыл жаңалығы атанған құрамы жастардан жасақталған Белгия мен көршілес Ресейдің бағы бар екен. «Ағайынның аты озғанша, көршінің тайы озсын» деген біздер үшін орыстардың ұтқаны не ұтылғаны да пайда әкелмейді. Одан гөрі Әлемдік додада бағы жанбай жүрген Месси мен Роналдоның командасының алғаны әлдеқайда жақсы болар еді немесе 8 мәрте күміс пен қола медаль иеленген немістердің бағы жанса, міне, қуаныш!

 Менің болжамымды назарларыңызға ұсынсам.



Байқағандарыңыздай болжамым бойынша 2014 жылғы ӘЧ-ның финалында Бразилия мен Германия кездесуі керек. Көкейлеріңізде «Испания неге шықпады?» деген  сауал тұрған шығар. Чемпиондардың жолын ширек финалда Бразилия жабатын тәрізді, егер алаң иелерін ұтар болса, екінші мәрте чемпиондыққа жол ашады. Ал Аргентина Германияның екпініне төтеп берсе, финалдан көруіміз ықтимал. Қалай болса да финалдық ойынның жеңімпазы алаң иелері болады деп ойлаймын. Егер финалдық ойында  немістер қарсыласынан айласын асырар болса,  4 алтын, 4 күміс, 4 қола алып, «ғажайып төрттік» жасайды. Футболдың отаны атанған Бразилиялықтар үшін чемпион болу аса қажет, чемпионаттың өтуіне наразы халқына кубок сыйламаса, жанкүйерлері кешіре қоюы екіталай... Дәл қазіргі қарқынымен өнер көрсетсе, Чемпиондықтың ауылы алыс емес тәрізді, оның үстіне «Барселонаның белді актері» Неймардың  шабуылда екенін ескерсек, пенальти де пенальтиден салынған голда көп болуы мүмкін. Футбол - қызық пен шыжыққа толы. Кейде күтпеген сенсацияларда болады. Мықты деген құрамалардың бағы жанбай тұғырынан тайып жатады. Бұл менің өзіндік болжамым. Қайбір жылдары көріпкел «сегіз аяқ»,  талдықорғаннан «көріпкел лақ» шығып еді. Сенген лағымыз соңғы ойындарды кері болжады. Биыл «тасбақа» шығыпты-мыс. Соған қарағанда жануарларда футбол көретін сияқты. Тағы да көріпкелдер шығып жатырса таң қалмаймыз. Менікі жәй ғана болжам. Шындығын «ҚҰДАЙ» ғана біледі. Сонымен, мен 2014 жылғы Әлем чемпионы төмендегідей нәтижемен аяқталады деп топшаладым.

1-орын   -  Бразилия

2-орын    -  Германия   

3-орын     -  Аргентина

Сіз қалай ойлайсыз?