Армения - Күнгей Кавказдағы өзге әлем
жеке
блог

Армения - Күнгей Кавказдағы өзге әлем

Ереванға мен 14 мамырға қараған түні сағат 00.20 шамасында жеттім. Әуежайдан қала орталығына дейінгі жолдың бойына Армения мен Францияның туы жаппай ілініпті, менің алдымда Франция президенті Франсуа Олланд келіп кеткен, әйгілі шансонье, Арменияның ұлттық қаһарманы Шарль Азнавурдің концерті болған. Бұл ел туралы жалпы мәліметтерді, халықтың көңіл күйі жайлы білгеннен кейін ұйқыға жаттым, таңертең мені қонақ қылған үйдің ауласынан кәуап пісіретін тамаша тас пешті көрдім! Досым әрі гидім Аарон Авагянның Facebook-тегі парақшасынан көретін пеш енді менің фотоальбомымда да болады!


Арменияның астанасы – құрылымдық-көркемдік ерекшелігі талай зерттеуге арқау болатын үлкен сәулет ансамблі. Ереван каскады (сарқырамалар жүйесінен тұратын кешен) 60-70 жылдары салына бастап, елдегі саяси-әлеуметтік, экономикалық ахуалға байланысты тоқтатылған. Алты жыл бұрын Америкада тұратын армян кәсіпкері Джерард Гафесчянның арқасында қала ортасынан биікке көтеріліп жатқан сатылы-сарқырамалы сәулет ескерткішінің құрылысы сәтті аяқталды.


Кешен түрлі мүсінге толы, онда өнер орталығы орналасқан. Армяндар бұл нысанды қатты қадірлейді, оның арнайы белгіленген орнынан басқа жерге отыруға тыйым салынған.


Ереван архитектурасы – атақты халық сәулетшісі Александр Таманянның жобасы. Сәулет ансамблінің өзегі – кезінде Лениннің атымен аталған Республика алаңы. Биыл Ереванның бұл басты көрнекі орнына тоқсан жыл толып отыр.


Бұл жерде Арменияның ұлттық картиналар галереясы, Армения Үкіметінің, АР поштасының, Marriott Armenia қонақүйінің, Сыртқы істер министрлігінің және Энергетика министрлігінің ғимараттары бар. Галерея ғимаратының алдында «ән салып, би билейтін» түрлі-түсті субұрқақ орналасқан.


Жергілікті жұрт ауызсуды сатып алып ішпейді. Көшелерде пулпулак аталатын ауызсу бұрқақтары толып жатыр. Одан қайнардың тап-таза суы атқылайды. Мұндай субұрқақтарды Ереваннан ғана емес, елдің қиыр-қиырынан, жолдардың бойынан кездестіруге болады.


Композитор Александр Спендиаров атындағы армян академиялық опера және балет театры. Ереванның он шақты негізгі көшесінің қиылысындағы театр - талай тарихи оқиғаның куәгері. Осы ғимараттың алдында Армения тарихындағы, әсіресе, Қарабақ жанжалы кезіндегі елеулі ереуілдер өтті.


Театрдың оң жағында ақын Ованес Туманянның, сол жағында Спендиаровтың ескерткіші тұр.

«Аққу көлі» деп аталатын бассейн көздің жауын алады.

Композитор, КСРО халық әртісі Арно Бабаджанянның ескерткіші армянның бар бекзат өнеріне арналған құрмет іспетті.



Бұл жерде Франция алаңына, Каскадқа апаратын бірнеше саябақ бар. Армян халқының біраз дарынды ұлына осы жерде ескерткіш қойылған. Мынау – халық суретшісі, Социалистік Еңбек Ері Мартирос Сарьянның мүсіні.


Ал мынау – архитектор Александр Таманян.

Ақтаудан Ереванға ұшарда бір армян жігіті маған «Hyusisayin poxota деген жерге барып көр» деп ұсыныс айтты. Сөйтсем, ол да Армения астанасының негізгі көрнекі орындарының бірі екен. Әрбір турист Опера театры мен Республика алаңын жалғап жатқан осы жаяулар көшесінен міндетті түрде өтеді. Архитектураның заманауи үлгілерін артық көретін тұрғындар Hyusisayin poxota – Солтүстік даңғылды мақтан етеді. Бұл жерде еревандықтар таң атқанша қыдырады.

Мұнда бәрі қазіргі заманғы: зәулім үйлер, әкімшілік кеңселер, брендтік сауда орындары, мейрамханалар, музыканттар. 1,5 шақырымнан асатын жаяулар даңғылы әлі салынып жатыр, келешекте көркі көз тартатын, демалысқа жайлы, мәуелі орынға айналады.

Жобаны архитектор Таманян 1900 жылдары жасаған екен, бірақ қолдау таппаған. Арада ғасырдан астам уақыт өткенде құрылыс қолға алынды.

 

Біздің дәуірімізге дейінгі 782 жылы тұрғызылған қала осылай жаңарып, көркейіп келеді. Кейбір көне ғимараттар қиратылып жатса, кейбірі, керісінше, қалпына келтіріле бастаған. 


Әсем таулар, тылсым тастар, киелі монастырьлар, тарихи ескерткіштер туралы әлі сөз еткен жоқпыз. Олар жайлы келесі жазбада айтылады.