Есімде қалған жаз

Есімде қалған жаз
жеке
блог

Жақсы бастама екен бұл. Мейіргүл ару маған кезексөздің сиқырлы таяғын ұсынған екен. Сыйлағаныңа көп рахмет, жаным. Негізі өзімнің жадымда сақтау қасиетім тым төмен. Көп жайтты  ұтымып қалыппын. Сонда да тырысып, ең қызықтарын жазып көрейін, ендеше.

Ол кезде 3- ші сыныпты аяқтаған кезім еді. Меркеде тұратынмын негізі. Анамның сіңілісі Шуға қонаққа шақырып, 3 ай жазды сиқырлы  Шуда өткіздім.  Жазда құр жүргенше пайда қылып жүрсін деді ма, жездеміздің Даник деген інісі  бізге «таңғажайып» шөпті жинатып қоятын. « Таңғажайып» деген сол Даник братанның сөзінен цитата. Содан жинап әкелген шөбімізді қолымызға  ұстатқызатын еді. Оны әбден умаждаған кезде «Ал, балақайлар, қолдарыңды езіңдер, қолдарыңнан шыққан кірді мына қорапқа салыңдар, ертең осыдан сендерге «Таңғажайып» сабын жасаймын»-деп қоятын. Біз кірісіп кететін едік. Ақымақпыз ғой, сабын жасаймыз деген сеніміз күшті еді сол кезде. Келесі күні базардан «FAX» деген сабынды әкеліп мәз қылып қоятын еді.Қазір соны жолдасыма айтсам, « сен 3 сыныптан бұзылыпсың» деп күледі.

Негізі нағашымның қолында оқығанымда жазды тамаша өткізетінбіз. Ауылдың бірақ тірлігі бітпейді. Жаздай картоп түптеу, шөп шабыс, одан қалса орманға барып таңқурай теретін едік. Атаммен бірге шөпшабысқа барған қасырет қой. Өзі аттан түспейді, бірақ әр метр сайын « Айша, анааау жақта бір бөтелке жатыр, алып кел» деп жұмсай беретін. Өзіміз қалжырап, шалғыдан буын- буын ұстамай келе жатқанда.... Атта келе жатсаң, сол қиын, әр 2-3 метр сайын түсіп, шығып. Бірде жолда атамның «олжасы» - 1 мешок бос бөтелке жатыр екен. Соны атқа өнгертіп алдым. Осымен атам  қоятын шығар деген үмітпен келе жатыр ем, жолда тағы  бірі алыстан күнге шағылысып жылтырады. «Құдайым ай, соны көрмесе екен атам» деп тілеп келе жатыр ем, болмады. Атам «әне тағы біреуі» деді. Жылағыыым келіп кетті. Амал жоқ аттан түсіп ем, өзі үркек ат шапты да кетті. Үстіндегі мөшек жыртылып, бөтелкелер сыңғырлап, бүкіл көшеге шашылды. Елден ұялыыып мен артынан қуып кеттім. Бөтелкенің сыңғыры бүкіл ауылды алды, атта одан әрі үркіп есті шығарды. Несін айтайын солай-солай күзге дейін туп тура 3100 бөтелке жинадым. Күзде бөтелке алғыштар келіп :  Үйіңізде ішкіш біреу бар ма еді- деп ұялтты. 3100- дің жартысы жарамсыз деп, түсіріп-түсіріп 1000 ақ теңгеге өтті. Атама қатты ашуланған едім сол кезде.

Ауылда  жеміс- жидек тапшы еді. Таудың басы болғандықтан тек таңурай мен қарақат қана болмаса, қарбыз, қауындар өспейді. Содан жызда қарбыз тиелген КамаЗ келеді. Ақшаға емес картопқа айырбастайтын. Қарбызға қатты қызыққанымызды апамыз біліп, «аталарыңнан тығып, погрибтен алып шығыңдар картопты» дейтін еді. Біз кешкісін, атам жаңалық қарап отырғанда алып шығатынбыз. Апам атамнан тығып 1 мөшек, біз апамыздан тығып қосымша 1-еуін апарып, қарбызға қарық болатын едік.  Қызық еді сол кездер, шіркін.

Айта берсең қызық көп расында. Есіме алып бір сергіп қалдым. Рахмет массагет.

Кезексөздің кезегін Нұршатжанға берем.