Жүрегім
жеке
блог

Жүрегім

ЖҮРЕГІМ

Бәз біреуге ғашық болсам аңсайтын, 
Әлденеге асық болсам шаршайтын,
Күллі әлемнің құдіретін сезетін,
Қажет болса жылайтын да, күлетін –
Өзіңсің ғой жүрегім!

Көрсетпестен жанарыңды, бөркіңді,
Билеп алып еркімді,
Түсінетін жасырынған дертімді,
Арқалаған тәңір берген еншімді –
Өзіңсің ғой жүрегім! 

Өзім болып қуандың да, жүдедің,
Әлденеге толғандың да, тіледің.
Бар салмақты көтеретін жүрегім,
Сен жоқ болсаң
Сақта, Құдай, кім едім?!

Өзгелерден түсінуді тіледің,
Әлдекімнің жүрегінде түнедің.
Тек шындықты айтатының үшін де
Құпясың, 
Қадірлісің, жүрегім!

Иманымның тұрған жері – тірегім,
Қартаймайсың, ортаймайсың, білемін.
Бірге барар қабіріме,
Күнә қылсам мен үшін
Жауап берер Тәңіріме –
Тағы сенсің, жүрегім!