20 ЖАСАР МҰХТАР. 4-парақ. 1-бет
жеке
блог

20 ЖАСАР МҰХТАР. 4-парақ. 1-бет

Бұл 1917 жыл Мұхтардың жиырма жасқа келген кезі еді. Осы жылы жаңбыр көп жауып, мал жайылымына жер сондай жақсы болғандықтан, қожаның екі ауылы Абайдың, Ысқақтың, Көтібақтың, Ырғызбайдың Ойқұдық, Ералы жазықтарын жайлауға ұйғарды.

Үш айдан соң Мұхтар ауылға келетін болды. Бұл хабарды естіген Әуез қарт Разақты шақырып алды да, былай деді: «Менің айтатын ақылым, ол қаладан жалықты ғой. Баланың көңілін көтеріп әкелу үшін анау Қабдештен келген жирен жорғаны, не болмаса Ақылбайдың ауылынан алған ақжал, сары бедеу бие жорғаны апар», – деп кеңес берді. Разақ бұған: «Жарайды, ата, ақжал жорғаның жүрісі сондай майда. Басын шұлғып тастап, қамшы салғызбай безіп отырады. Соны апарайын», – деп еді, атам оған ризалығын білдірді.

Жорға шығар

Разақтың қалаға кеткеніне бірнеше күн болды. Әуез атам және басқалары оның Мұхтарды алып келетін кезі болды дей бастайды. Біз Қасқабұлақтың беліндегі жолдан шаң шықса, тайымызға тоқым сала сап жарысып барып қарсы алмақпыз. Бір күні ел орынға отырып, ымырт жабылған кезде ауылдың иттері абалап үріп қоя берді. Еркек-әйелдер Мұхтар келе жатыр деп мәз-мейрам болысып жатыр. Әуез атам үлкен үйге кіріп, сағынып қалған немересінің бетінен сүйіп еді, ана жақта отырған Құлжан: «Әуез-ау, мына Мұхтар баланың өзі барып сәлем бермей ме саған», – деді. Бұған атам: «Әй, Құлжан, алты жастағы бала жолаушы келсе, алпыс жастағы шал келіп сәлем беру керек деген атамыз қазақтың мақалы бар емес пе. Баламды, біріншіден, сағынып, екіншіден, өзім сәлем берейін деп әдейі келдім», – деп тоқтатты.

Жас Мұхтар

Разақ Мұхтар жазда демалысқа келгенде аппақ шөрей қанат киіз үйді тігіп, әрқашан да дайындап қоюшы еді. Өйткені Мұхтар осы бөлек үйде, көбінесе кітап оқып, ылғи жазу жазып отыратын және де өз замандастары, құрбыларымен ойын-күлкі, сауық жасап отыратын. Бірнеше домбырашылар келіп қосылып, неше түрлі күй шертіп, Абайдың әндерін бірігіп айтып отырушы еді. Мұхтардың ең жақсы жолдастары Абайдың сол кездегі балалары, немерелері болатын. Ақылбайдың кенже баласы Сірәйіл, Абайдың тоқалы Әйгерімнен туған кенже баласы Ізкәйіл скрипкаға қосылып, ақынның өлеңдерін шерткенде, ауылдың кәрі-жасының барлығы үнсіз тыңдап, біртүрлі мұңды әсерге батушы еді. Мұхтар жолдастары кетіп тарағаннан кейін кеш мезгілінде ауылдағы кішкентай бала біздерді жинап алып, бір-бірімізбен күрестіріп, жаяу жарыс жасатып, көгалға тізіп қойып Абай әндерін айтқызып, білмеген жерлерімізді түзетіп отыратын. Одан кейін ымырт жабыла бергенде алтыбақан құрғызып, серкеқұлақ, ақсүйек ойындарын, жас қыз-келіншектер мен жігіттерді шақырып алып бастарын қосып, ойынды өзі басқарып көңілін көтеретін.

«Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» кітабынан

Қосымша:

Ералы жазығы – Семей облысы, Абай ауданы М.Әуезов атындағы шаруашылық жеріндегі қоныс. Ені 10-20, ұзындығы 30-40 шақырым. Кеңгірбай бидің баласы, Бөжейдің әкесі Ералы дүние саларыңда ағайын-туғандарын жинап алып, Ащысу ені бойындағы төбені нұсқап: «Ертең мұнда Ералым жатыр демейсіңдер ме, ана төбеге жерлеңдер», – деп өсиет қалдырған. Бұрынғы Семей-Шыңғыстау тас жолының бойындағы қазіргі Семей-Қарауыл тас жолынан 4-5 шақырым жердегі төбе басындағы бейіт Ералынікі болғандықтан, жайлау «Ералы» деп аталып кеткен. Мұнда Еңлік пен Кебек жерленген. Ащысу өзенін қақ жарып ағатын Ералы қорығы бойында Абай көптеген тарихи оқиғаларды бастан кешіріп, жырларын осы Ералы жазығында қағаз бетіне түсірген. 1917 жылы маусымда М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пьесасы киіз үй сахнасында қойылған Ойқұдық қонысы да осында.

Жорға – жайлы жүрісті жылқы. Кейбір құлын туғаннан-ақ жорға болады. Жорғаның аяң жорға, үш аяң жорға, тайпалған жорға, су шайқалмас жорға, байпаң жорға, төкпе жорға деген түрлері бар. Аяң жорға аяңдағанда ғана жорғалайтын жылқы, одан тезірек жүрсе жорғасынан жаңылады. Үш аяқ жорға – төрт аяғын тең басып жорғалай алмайтын жылқы. Тайпалған жорға – төрт аяғы тең жорға. Су шайқалмас жорғаның үстінде кесеге құйған қымыз шайқалып, төгілмейді. Байпаң жорғаның жүрісі тыныш, бірақ басқа жылқының жүрісіне ілесе алмайды. Төкпе жорға – жорғасынан жаңылмайтын жылқы. Мұның жорғалаған жүрісіне басқа жылқы шауып әрең ілеседі. Мұндай жылқыны, әдетте, жорға жарысына қосады. Жарысқа қосатын жорғаны бәйге атындай баптап жаратады.

Бедеу бие – өмірі кұлындамай жүрген бие. Жалпы, бие жайлы мына жерде керемет мәліметтер бар екен.

Бие сауу

Исрайыл Ақылбайұлы – Абайдың немересi, педагог, күйшi. Ол бiзге Абайдың «Май түнi» атты күйiн жеткiздi. Домбырада ойнап, ән салған Исрайыл Жидебайдағы Абай мұражайында қызмет iстеп жүрiп, домбыра оркестрiн құрып, көптеген шәкiрт тәрбиелеген ұстаз.