Мақтағаныңыз мықты ма?
жеке
блог

Мақтағаныңыз мықты ма?

1001mem.ru       Қазіргі таңда не көп - бас қосулар көп. Бір күні мына досымен, екінші күні ана танысы немесе сырыптас-группаластарымен. Ол жақсы шығар, алайда, ол жерде айтылыатын әңгімелер жақсы бола бермейді. 

       Бір адам екіншісімен жақын танысу, тіл табысу үшін жағымпазданып па, әлде, шынмымен бе, әйтеуір бір-бірлерінің абыройын асырып, беделін биіктетіп жатады. Бірақ, қалай? дейсіз ғой, «Мен саған өткенде риза болдым. Бір ішкеннен тоқтамай бір шөлмекті тауыстың», «Ағасы әңгіме жоқ, соңына дейін іштің нағыз еркек», «Өткенде таңға дейін ішіптік қой?», «Ана қызды айтсай қалай істегенімді». Мұндай әңгімелер мақтап айтылады. Иә мақтап. Ал, ішпгендерді немесе бір шетте өзімен-өзі болып отырғандарды «Неге өзінше боп қалдың е?» деп жерден алып жерге салады. Бұл тек жиындарда ғана емес. 

      Профессорлар, оқу орнындағылар, бастықсымақтар жалпы алғанда беделі бар адамдардың әңгімесін ресми емес жерде тыңдай қалсаң «Біз жас кезімізде барлығына үлгердік. Қызбен де жүрдік, оқыдық, қыдырдық, кешкісін жігіттермен ішіп ертесіне оқуға тұрып кете беретінбіз». Біреуді еске алатын болса «Екеуіміз жақсы араластық. Онымен кешке-кешке жүз грамдатып отыратынбыз» деп, еске алып отырады. Басқа жақсы істері құрып қалғандай. Кейбіреулері шет елдерде көргендерін «Ол жақта өте қымбат. Бірақ ақша жеттіп артылды. Ол жақтың көшелерінде барлығы ашық жасалады. Өзің білесің. Барлығын көрдім. Іштім, жедім, қыздарға бардым». Бұлар ойдан шығарылып жатқан жоқ. Естігендерім дәл осындай болмаса да осы сарындас, осы типтес.

     Сондай ақ, мұндай әңгімелерді қазір кітаптардан да көріп жатамыз. (Қазір екінің бірі кітап шығарғыш болып кетті ғой.) Міне осындай әңгімелер кітап шығарғыш жазушысымақтардың кітаптарында, әсіресе естелік дүниелерінде жиі кездесіп жатады. Ондай әңгімелер жазылатын болса міндетті түрде беделді, автордың абыройлы, атақ дәрежесі бар адамдармен бірге болғаны жайлы немесе қасындағы адамдарды солай көргені жайлы жазылады. Жарайды ол мықты екен неге соның мықты, жақсы, атағы шыққан қырларымен мақтанбасқа. Жоқ, келіп-келіп жас қызды қалай тез көндіріп пайдаланғанын, бір күнде бірнеше қорап шылым тартатынын, біреуді аямай ұрғанын, енді біреуін алдап пайда тапқанын, ішкіштігін айтып мақтану керек. Мүмкін айтып отырған адам, досының тек сондай жаман істерді істеген кездерде ғана қасына болған шығар?

       Баяғыда ата-бабаларымыз "Қабанбай батыр жаудың 20-30 сұлатып салды", "Анау Асанның немересі 2 ауылға жол салып беріпті", "Мына жігітініңіз екі қызды құтқарып халық қошеметіне бөленіп отыр" деп мақтанушы еді. Бұлай мақтану жарасады да. Еске алғанда да осындай жақсы істерін айтып отыратын. Ал, қазір жақсының жақсылығын жасырып, жаманның жамандығын жариялап жататын жағдайға жеттік. Біз мұны біреуге ақыл айту үшін жазып жатқанымыз жоқ. Тек сондай беделді адамдардың солай жасағанын, айтқанын көріп жастардың «Ана кісілер де солай жасаған ғой. Қазір міне атағы алты қырдан асып, жақсы жұмыс атқарып отыр» деп, көз алдымызда талайдың түзу жолдан тайып жатқандығынан айтылып отыр. Қарапайым халық атақты, беделді, айлығы көп жерде жұмыс жасайтын, жақсы жерде тұратын адамдардың, жалыпы алғанда жоғарғы тап өкілдерінің айтағына еріп, істегендерін істейтіні әмбеге аян. Адам ішінде не бар болса соны сыртқа  шағарады деген сөз бар. Дегенмен, өзіңіз жақсы нәрсе жасамасаныңз басқаны қақпаңыз, өзіңіз жаман нәрсе жасасаңыз да жақсылықты насихаттаңыз. 

                                                                                                              Сапарғали Қанат