Кереғарлықтар мемлекеті

Кереғарлықтар мемлекеті
жеке
блог

Сәлем, қадірменді "Массагеттік" достарым!

Сіздермен ғаламторда кездеспегелі көп айдың жүзі болыпты. Кәдімгідей сағынып та үлгердім)))

Көптен бері іссапарлардан алған әсерлерім жайындағы жазбаларыммен бөліспей кетіп едім, мінеки, бүгін сәті түскен секілді. Бүгінгі осы жазбам кереғарлықтарға, сонымен қатар ғажап бояуларға толы Үндістан мемлекетіне арналмақ. Негізінен Үндістан туралы тек кітаптардан, түрлі бағдарламалардан, халықаралық көрмелерден көріп-естуші едім. Саяхат жасау арманға айналып та үлгерген болатын. Оның үстіне досым сыйға тартқан "Шантарам" кітабын оқып алып, арманым одан әрі жандана түсті. Кітаптағы басты кейіпкердің суреттеуі бойынша көп нәрсеге сенбеп едім, өз көзіммен көргім келді. Расында да, үнді халқының өмірге деген көзқарастары қандай? Кітаптағы басты кейіпкердің айтқан ойлары шынайы ма? Осы сұрақтарға жауап тапқым келді (кітапты оқуға кеңес беремін).

Күндердің бір күнінде Үндістаннан Халықаралық фестивальге шақырту алған кезімізде қуанышым қойныма сыймай кеткені рас. "Әйтеуір, барып өз көзіммен көретін болдым-ау?!" - деп ойладым. Ал енді сол сапарымнан түскен фотосуреттерімді көрсете келіп, алған әсерлерімді қоса жазып отырайын. Кеттік!

 Дели қаласының әуежайына түсе салысымен ыстық жел құшақ жайды. Бұған қоса ауадағы түрлі иістер мұрын жарып барады (түрлі тағамдар, көлік түтіні, жағымсыз иістер де бар). Кетерде анам сөмкеме қол сүрткенге арналған спиртті тұнба салып жіберіп еді, соны енді түсінгендей болдым)))

 

Дели қаласының әуежайы

Әуежайдан қонақүйімізге келгенімізде жердегі түрлі-түсті гүл күлтелерінен жасалған суреттерді көрдік. Ішімізден "Неткен еңбекқор халық еді?!" деп ойлап қоямыз.

Тамақтанып алғаннан кейін Дели қаласының көрнекі жерлерін көруге бел будық. 

Дели үнді тарихында "жеті империяның астанасы" саналады екен. Мұнда 60 000 әлемдік маңызы бар ескерткіштер сақталған. Қала тұрғындарының саны 16 млн. асады!!!!!!!!!!!! Дели екі түрлі әлемнің қосындысы іспеттес. Себебі "Ескі қаланың" өмірі "Жаңа қаланың" өміріне мүлдем ұқсамайды. "Жаңа қала" еуропалық стильде салынған, жап-жасыл. Үкімет ғимараттары мен елшіліктердің барлығы осында шоғырланған. Ал "Ескі қалада" мешіттер, қамалдар, т.б. ескерткіштер көптеп кездеседі.

Жаңа қала. Үкімет үйі


Дели қаласының әйгілі символдарының бірі - Үндістан қақпасы.

Жаңа қала

Жаңа қала. "City walk" сауда орталығы

 

Ескі қаланың орталық базары.

Жолда мынадай да көріністерге тап боласың...


Мектеп автобустарын рикшалар жүргізеді. Ішінде қаншама оқушы отыр десеңші?!

Дели қаласының бас мешіті Джама Масджид ескі қалада орналасқан. Қаланың лас, кедей аймақтарының дәл ортасында екен. Мұны да көруге тура келді. Бірақ эстетикалық түсініктерге байланысты лас аймақтардың суреттерін салмаймын...

 


Жоғарыда айтып өткен кедей аймақтарды тек алыстан ғана көріңіздер)))


Үнді балалары

Қайтар жолымыз тезірек өтуі үшін үнділердің танымал көлік түрі "Тук-тукпен" қонақүйге жол тарттық.


Қайтар жолда Абай атамыздың атымен аталған көшені көрген кезімізде қуанышымыз қойнымызға сыймады!


 

Іссапарымыздың екінші күнінде Үндістанның Агра қаласына баруды жөн көрдік. Себебі, бұл қалада әлемнің жеті кереметтерінің бірі Тәж-Махал мешіті орналасқан. Делиден Аграға дейін жол ұзақ болды. Жол бойы күнделікті таңертең сүйіп ішетін үнді шәйінің плантацияларын көптеп кездестіресің. Керемет көрініс, керемет табиғат!


Тәж-Махал қамалдарының жанында мынадай түйе арбалар туристтерді қарсы алып тұрады.


Үнді, парсы, ислам архитектуралық стильдері элементтерінің қосындысынан туған Тәж-Махал 1983 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасы объектісіне айналған. Бұл мешітті Үндістан сәулет өнерінің інжу-маржаны деп атайды. Бұл ғимарат ұлы махаббаттан туған екен. Осы туралы аңыз алдыңғы уақытта "Массагетте" жарияланған болатын. Тағы да қайталап айту артықтық ететін шығар. Сондықтан да сілтемесін беріп қана қояйын))) 

http://massaget.kz/alemtanu/syrly-alem/1570

Және фотосуреттер)))


Мешіттің геометриялық дәлдікпен салынғандығы тамсандырады.


Тәж-Махал әлемдегі ең мықты және асыл үнді мәрмәр тасынан қаланған екен. Бұл тастың құндылығы әр түрлі түске боялуында. Таңертең мешіт алқызыл, түс кезінде қардай аппақ, және кешке қызыл түске боялады. Күн шығып тұрғанда көзілдіріксіз тіке қарау мүмкін емес. Қатты жарқырайды!


Қабырғалары асыл тастардан жасалған ою-өрнектермен безендірілген.


Экскурсия соңында атадан балаға таралып келе жатқан кәсіп, Мәрмәр тасқа асыл тастардан ою-өрнек салуды көрсетті. Бір таң қалдырған нәрсе - ешқандай инновациялық технологиялар пайдаланылмайды екен. Барлығы да қолымен жасалады.

 

Естелікке осы шеберлердің өз қолымен жасаған кәдесыйларын сатып алдым)))

Эххх! Достар! Үндістаннан алған әсерлерім, әрине, мол. Бұл сапардан өмірдің мәнін түсіне бастадым, шыны керек! Өзіме деген көп ой түйдім. "Әр сапар адамды өзгертеді" деген сөз рас екен. Сондықтан да, жолдарыңыз түссе, міндетті түрде Үндістанға барыңыздар!