Қыздарымызды ұяттан безді десек.... Жетісіппіз!
жеке
блог

Қыздарымызды ұяттан безді десек.... Жетісіппіз!

Ата – бабамыз сонау заманнан бері қыз баласын ерекше тәрбиелеп, төрінен орын берген. Қазақ қызы десе, көз алдымызға бұрымы желбіреген, иманды, инабатты, байсалды, тәрбиелі, қара көз елестейді. Бір бойына сұлулық пен ақылдың бар қасиетін жинаған қазақ аруларымыз тарихта да, аңызда да, өмірде де болған. Алайда, бұл бейне жыл өткен сайын тек образ болып қана қала бермек пе деген сауал жігіттеріміздің ойына жиі ұялайтын секілді.  Бүгінгі таңда қазақ қызы десе – елдің айтатыны да, ақыл беріп шығатындары да жетерлік. Олда дұрыс шығар. Себебі, соңғы кездері кейбір аруларымыздың қылықтары қазақ қыздарының абыройына өз әсерін тигізбей қоймайды. (интернет желілерінен Әсел Сәдуақасованың ұятсыз фотолары мен, Қазақстан аруы Айнұр Төлеуованың видеосы, басқа да қазақ қыздарының қатысуымен түсірілген жақсы емес видеолар) Бұл аруларды айыптауға менің хақымда, дәтімде бармайды. Мені қынжылтқан нәрсе, қара көздерімізді сондай қылыққа итермелеп, соны ел алдына жариялап жатқан жігіттер, қазақ жігіттері емес пе?! Тіпті, жігіт деуге аузым бармайды да. Жақсысын асырып, жаманын жасырып демекші қазақ халқымыз, біз неге өз ұлтымыздың абыройын, қыздарымыздың беделін айрандай төгіп, өзге жұртқа мазақ қылу керекпіз?! Сондай ерсі қылық ер азаматтарымыздың бойынан табылғаны жақсы дүние емес. Барлық бәлені тек қыздан іздеу дұрыс емес. Ел намысы, ең бірінші кезекте ерлеріміздің  мойнында болу керек емес пе құрметті оқырманым? Негізі, қазақ қызының ғана емес жалпы адам баласының қалыптасуы, тәрбиесі, өз-өзін ұстауы көп жағдайда әлеуметтік жағдайына байланысты. Қазақтың инабатты, тәрбиелі қыздары өте көп. Жалпы өмірлік жолда кездесіп қалған белгілі бір қызды алып, сол арқылы басқа да қыздарды қаралау қате пікір. Ал, жігіттердің сондайды жар салып қойып, шетінен қазақ қыздарын балағаттауы, кінәләуы ұлтымыздың ар- намысын таптағанымен тең. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, Қазағымыздың болашағын қазірден түзей бастасақ, сіз болып, біз болып, ұлтымыздың бойындағы бар қазынаны сақтап қаламыз!