Олсыз көктем күзбен тең

Олсыз көктем күзбен тең
жеке
блог

Мендегі көңіл-күй быт-шыт. Есеңгіреп жүргеніме екі күн. Олсыз екі күнге ғана шыдадым. Езуіме күлкі үйірілмей-ақ қойды. Бұлай ешқашан, басыма қандай жағдай түссе де өз-өзімді тастап жібермеуші ем. Бәріне байсалды ғана қарайтынмын. Не мен өзгердім, не осы жолы шынымен шорт сындым... Жұмыс пен үйдің арасында жүрмін барып-кеп. Кешкісін үй жақта құр сенделіп жүрем де қоям...

Ол менің өмірімнің мәні мен сәніне айналады деп ойламаппын. Таңертең үйдегілердің бәрі ерте кетеді жұмыстарына. Асықпай шығатын мен ғана. Таңғы асты екеуіміз ғана ішеміз. Кешке тамақтан соң далаға шығып ойнаймыз. Немесе үйді «көшіріп» жібереміз. Жұмыстан соң үйге қарай ұстай ұшатынмын. Ал қазір, үйге барғым да келмейді. Бітпейтін сансыз сұрақтарын қойып алдымнан шығатын жиенім үйде жоқ. Үйдің іші тып-тыныш. Бұрын қалай байқамағам, тастай қараңғы, мұздай суық сияқты ма үйдің іші, қалай...

Білем, ол өз үйінде болуы тиіс. Бірақ... Мен оған кішкентайынан қарадым ғой. Бірге ойнадық. Бірге тамақтанадық. Әр сенбі-жексенбіде үйде болмайтынбыз. Біз бармаған, біз қыдырмаған жер қалмайтын. Бар уақытымды соған жұмсадым. Жазу жазып, әріпті де бірге үйренетінбіз. Сандарды білгенімен, қосу-алуды білмейтін, оны да бірге үйрендік) Сосын ешкім үйретпейтін, адам жауап бере алмайтын, бітпейтін сұрақтары бар.

-Боташ, Қазақстанда қазақтар, Түркияда түріктер, Өзбекстанда өзбектер, Үндістанда үнділер тұрады. Ал неге Германияда немістер тұрады, германдар қайда?

-Боташ, мен кейін дәу жігіт болам, сосын аға, сосын папа, сосын ата болам. Сосын аспанға ұшып, Мұсабек атамның қасына барам ба?

-Боташ, құдай қыз ба, ұл ма?

-Боташ, Театрдағы адамдар сахнада ғана жылайды иә, олар өмірде бақытты болсыншы. Мен соны сұрасам, періштелер орындай ма?

-Боташ, сенің кейін балаларың болса, маған қарамай қоймайсың ба?

-Ол неге ондай? Ол неге сондай? Неге олай болғанда солай болады?-деген сияқты сұрақтары ешқашан біткен емес. Бәріне ерінбей жауап беруге тырысамын. Оның табиғатқа, тілдерге, ұлттарға, математиканың заңдарына, өмірге, музыкаға қатысты сұрақтары тіпті бөлек әңгіме.

Күнде түнде жатарда үйде ұрыс болады. Әжекасы (мамам) қасына алып жатқысы келеді, әпкем мен сіңілім де оны құшақтап жатқылары келеді. Мен тіпті. Сомен үйде талас басталады. Ал кімнің қасына жататынын  оның патша көңілі шешеді. Көбіне екеуіміз құшақтасып жатамыз. Ертегі айтамыз. Әңгімелесеміз. Сосын ұйықтап кетеміз. Ол әсіресе сенбі-жексенбі күндерін қатты жақсы көреді. Ол күндері екеуіміз 24 сағат бірге боламыз. Ол қалаған жерге апарып, қалаған нәрсесін әперемін. Ол үшін ең бастысы мен жанындамын. Мен үшін де. Ал жұмыс күндері тек кешке)

Әр нәрсенің шегі барын білем. Бірақ бұл бақытты күндердің де таусылатынын ойлап көрмеген екем. Және сол уақыттың бірден келгені мені есеңгіретіп кетті. Ол енді өз үйіне кетті. Күзде мектепке дайындық тобына баруы керек. Анасы дайындалдырады екен. Шынымды айтсам, бергім келген жоқ. Мектепке де өзім жібергім келетін. Өзім апарып, өзім әкелетін ем. Ол кеше ғана сәуірдің 17-і күні бес жасқа толды. Үлкен мереке жасап беріп ек, және оның қоштасу кеші екенін сезбеген де екенмін.

Үйіне барып алып, "тұрмаймын бұл үйде, Боташты сағындым, әжекамды сағындым, Жаси мен Әнөшты сағындым" деп «соғыс» жасап жатыр екен. Оны телефонмен естіп алдық та, үйдегілердің бәріміз бір жылап алдық.

Не айтып, не қойғанымды, не жазып-сызғанымды білмеймін. Тек осылай жазғым келді. Үйден өз үйіне кеткен 5 жасар жиенім бәрімізді сағындыруда. Мейлі, қазір мектепке дайындалып үйінде бола берсін. Оқуын оқып, жазуын жазсын. Ал мектепке барар кезде мен оны бәрібір алып, өзім беретін шығармын. Талғар кішкентай мекен. Алматыда жақсы, арнайы мектептер көп. Ол суретке, музыкаға жақын. Мен оны арнайы мектепке өзім апарып, өзім өсірмесем, болмайды. Оның болашағы зор бала. Әйтпесе мен олсыз өмір сүре алмаймын...