Болмашы құпия - 6
жеке
блог

Болмашы құпия - 6

1 - бөлім

2 - бөлім

3 - бөлім

4 - бөлім

5 - бөлім

...Маған деген жылы қабағына бола ұнаттым. Ондағы жылулықпен бірге мендегі сезім де жоғалды қазір.

19 қараша, 2003 жыл. Барлығы бітті деп, нүктесін қойған секілді едім, байқамай үтірге айналып кетті. Бүгін бірінші рет өзі амандасты. Мен сәлемін селсоқ қабылдай салдым. Универге бірге кіріп, киім ілетін жерде кідіріп қалдық. Қатар тұрмыз. Бірақ бұрынғыдай маған қарап тұр ма, қалай қарап тұр деп алаңдамаймын. Реніш па, білмеймін, түсініксіз түйткіл тұр көкейімде. Маған еш нәрсе айтқысы келген жоқ па екен? Не деген жұмбақ жан едіңіз, Алдияр? Ішіңізде не бар, барлығын ақтарып айтып тастаңызшы! Мені ұнаттыңыз ғой? Ал қазір не үшін ұнатпайтын болып қалдыңыз? Қазір ұнатасыз ба, ұнатпайсыз ба, маған бәрібір! Шын айтам. Тек себебін білгім келеді.

20 қараша, 2003 жыл. Дәрісте әдеттегі топтастар секілді түк болмағандай сөйлесіп кеттік. Мендегі реніш секілді жағымсыз сезімдер де жойылған. Әзіл айтып, күлдіріп те алады. Көз қиығын салып қарап қояды. Киімімнің шашағымен ойнап, тисе берді. Қайтадан ойлай бастадым. Бірақ бұрынғыдай бұл қылықтары – ұнатқан белгісі деп қабылдамаймын.

23 қараша, 2003 жыл. Сабақ арасындағы үзіліс кезі еді. Алдияр есікті ашып, қылтитып басын шығарды да:

-  Әдемісің, суретіңе қарап отыра бергім келеді, - деп, есіңкті қайта жаба салды. Басқа студенттер кабинетте өз істерімен әуре болып жүр еді, ешкім байқамады. Мен есік алдында қаққан қазықтай қалшиып тұрдым да қалдым. Сабақ басталған соң кіріп, менен әуен тыңдағыш құрал сұрады. Алып беріп жатсам Маржан:

- Осы қыз ұнайды маған, - дейді.

- Маған да ұнайды, - демесі бар ма Алдиярдың. Ал енді ойламай көрші...

30 қараша, 2003 жыл. Топта барлығымыз махаббат жайын қызу талқыға салып, сөйлесіп отырғанда Алдияр ләм-мим деп жақ ашпады. Ақырын ғана өзіне барып неге сөйлемейсіз дегеніме, ол туралы ойларын ешкім білмеуі керек екенін айтты. Ал мен ішінде не жатқанын білгім келеді. Күндегіше маған ұрланып қарап отырмай, балалармен жағаласып ойнап жүр. Күн сайын сезімнің тамшыларымен мені суарып тұрмаса, бірден ұнатпай қаламын.

3 желтоқсан, 2003 жыл. Тағы да Алдияр... Үнемі қарапайым киінетін оны классаикалық үлгіде көргім келетін еді. Бүгін солай киініпті. Өте әдемі жарасады. Түсімде де көрдім. Менің туыстарымның бірінің тойы болайын деп жатыр екен деймін. Мен дастархан дайындауға көмектесіп жүрмін. Асығып жүрсем, Алдияр дәл осы киімімен жүр, маған қол саусақтарының ұшын сүйіп, ауа арқылы сүю жолдап жатыр. Мен бұл қылығына таң қалып, менсінбегенсіп мұрнымды шүйіріп өте шыққан екенімін қасынан.

4 желтоқсан, 2003 жыл. Қазір Алдиярды бұрынғыдай ойламаймын. Еркенұр қаланың ұлдарынан кез-келген нәрсе күтуге болатынын, көбісі өз қамына пайдалану үшін араласатынын ескертті. Алдияр қанша жерден қаланың жігіті болғанымен, басқа қалалықтармен салыстыруға келмейді. Түсінігі бөлек адамдар екені көрініп тұрады. Ұлдарға, құрдастарына еріп уақытша қызығушылыққа салынуы мүмкін. Бірақ тым жаман әрекеттерге барады деуге қимаймын да, күтпеймін де одан. Жақсы тәрбие көріп, үлігілі отбасынан шыққан адамды бәрібір бір тылсым күш ұстап тұрады, жаман нәрсе, арам ойға бармайды.

10 желтоқсан, 2003 жыл. Айбардан Алдияр туралы сұрадым. Бірден «Жүре алмайсыңдар» деп кесіп айтты. Ол мен сияқты қазірден бастап болашақ жар болатын адамды ойламайтын көрінеді...

14 желтоқсан, 2003 жыл. Жаңа жылды қайда, кіммен қарсы алатынымды ойлана бастасам, Алдиярдан басқа ешкім түспейді ойыма. Барлық студенттер ауылдарына демалысқа кетеді. Мен ғана кетіп үлгермеймін. Алдиярға барып «Жаңа жылды менімен бірге қарсы алыңызшы» деп бір-ақ айта салғым кеп кетеді. Ақымақ ойлар... Қойшы, қайдағы Алдияр, қайдағы мейрам. Қазір емтиханға дайындығым маңызды барлығынан.

Алдияр қоңырау шалды. 4 минут, 57 секунд. Даусым дірілдеп, жүрегім лүпілдеп әрең сөйлестім ғой. Сондағы сөз еткеніміз емтихан дайындығы жайы.

22 желтоқсан, 2003 жыл. Алдияр түсіме кірді. Ол туралы ойларымды тиған едім. Тіптен алғашқы емтихандарымды тапсырам деп жүріп оған мұршам да жоқ болатын. Неге кірді түсіме? Теледидар көріп жатыр екенбіз. Мен, Алдияр, тағы бір сыныптасым жүр. Бір кезде Алдияр қолымды ұстап:

-  Маған осындай балаларымды өте жақсы етіп тәрбиелейтін адам керек. Енді ақыл тоқтаттым, - дейді. Мен де екінші қолыммен қолдарынан ұстап, ары қарай қолымызды сипасқан күйі көзбен ұғыстық. Кенет әуен қосылып, адамдар апыр-топыр билеп кетті. Алдиярды таба алмай қалдым. Күндізгі мезгіл, дала жап-жарық. Сыртқа шығып, Алдияр келер деп күтіп тұрдым. Келетініне күмәнім болмады. Бірақ тыста күтіп тұрғанымда оянып кеттім.

26 желтоқсан, 2003 жыл. Тағы да түсімде Алдияр. Жазылып бітпейтиін жырдай «тағы да Алдияр» таусылмай қойды ғой. Түсім түсініксіз, анық есімде қалмады. Мені жетектеп, ешкім жоқ бөлмеге алып кірді. Жолда бір қыз сөйлеп еді, оны ысырып тастады. Мені бөлмеге кіргізіп, қолымнан жұлқыңқырап, дауыс көтере сөйлейді. Сәлден соң сабасына түсіп, «Мен де сүйемін ғой, қалай түсінбейсің» деп мұңайып қалды. Мен де тілін жұтқан кісіше үндемей тұрып қалған екенмін деймін.

15 қаңтар, 2004 жыл. Жанымда жоқ болса да, түсімде мазалауын қояр емес Алдияр.

10 қыркүйек, 2004 жыл. Алдияр... Ондай жанарымен көз алмастан неге қарады маған? Тағы да ұнатып қалмасам екен.

18 қазан, 2004 жыл. Бір кездері алтынға балаған Алдиярдың бүгінде бір тиындық құны жоқ. Уақыт қанша жерден қатал, ешкіммен санаспай зулап өте береді дегенімізбен, бәрін өз орнына қояды екен. Тағдырыма ризамын, жанымда Жұбанышым бар. Менің Жұбанышым...

«Солай болған соң, айтуға тұрмайды деп ойлаған екенсің ғой, Балнұрым-ау. Жасырғаны қалай деп жаным қалмап еді, сөз етуге тұрмайтын біреу екен ғой. Басқа арманың да жоқ секілді көрінеді. Екі күнделігінің сыртында да Эйфель Мұнарасы бейнеленіпті. Саған осыдан артық сый болмас. Жиырмасыншы көктеміңді Парижде қарсы аламыз» деп шешті Жұбаныш.