Құстарға айтып кетемін

Құстарға айтып кетемін
жеке
блог

*** Мен білетін, менің санамдағы "ұлы адамдар" да қарапайым пенде екен-ау.

*** Маздағанды өшіре салдым. Мен үшін оңай болды. Тас жүрек болып бара жатқандығымның белгісі шығар.

*** "Неменеңе жетісесің, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр." Рас-ау. Олар азайып бара жатыр. Себебі, олардың орнын ата-аналарымыз, ал ата-аналарымыздың орнын біздер басып келеміз...

*** -Бақыт, қайдасың, сені Үміт іздеп жүр ғой...

*** "Аяғымның қотырын қотыр қолыммен қасимын деп, қолымның да қышығанын, қотыр екенін ұмытып кетіппін"... дегеннің күйін кешіп отырмын.

*** Жанарымнан сырымды оқи алсаң, бүкіл жан-дүниемді көре аларсың. Бірақ ешқашан ешкім ешкімді тек жанарынан ұққан емес. Ол жеткіліксіз... Кейде адам жанарынан тек қарашық пен ақты ғана көресің.

*** Сіз бүгінгі күнді соңғы күн деп ойлаңызшы? Сонда өзіңіз үшін кімнің қымбат екенін аңғарып қаларсыз. Көзді тарс жұмып, ертең оянбай қалсам, не болмақ... деп те ойлап көріңізші... Ең алдымен не істейсің? Кімге әлде не нәрсеге жүгіресіз? ...соңғы күн...

*** Көктем келуін келді ғой. Не шықты сонда? Тек қыстық киімдерді шешіп, бір жасарып қалдық. Баскиімге жасырынған сан алуан шаштар күн көре бастады. Болды. Айтпақшы, емін-еркін балмұздақ жей бастадық, қолғап шешіп. Басқа ештеңе. Енді келмей қалатындай жазды күтуді шығарамыз. Қызықпыз осы біз... дегенмен.

*** Жер бетінде 7 млрд болса да адам... Ішінде Сіз жоқсыз... Сізді менен ұрлаған көктемгі сәттің... келіп жетті... келіп жетті "жетіншісі"... Ана.

*** "Өзім" деген өмірім өгейсіткенде, өкініш өзегімді өртеп, өкінгеннен өкіріп жылағым келеді кейде осы...

*** Адам аспанға ұмтылғанда, жерден алыстайтынын ұмытып кете береді осы. Жерден алыстаған сайын адамдардан да қол үзе бастайтыны анық. Биікті, өрді, көкті аңсап, жерге, қарапайым адамдарға жете алмай қалғанда, өкініші өзегін өртеп, барынан айырылғанда бәрін ұғады. Бірақ бәрі кеш болады...

*** "Сіз" дегенде, менің тіпті кірпіктерімнің қағысы жиілеп, ұялғанынан жанарым төменге қарай беретінді шығарыпты. Ал, жүрегім кеудеме сыймай, күллі әлемге жайылып кеткісі келіп, қабырғамның астынан тыпырши бастайды. Ұялу-махаббатқа тән белгілерден болса керек. Маған мұндай ұялу ұнайды... Ал, "Мен" дегенде Сіз қандай күйге түсесіз, Есіл-Дертім?

*** Айфоны бар қызға айфоны бар жігіт, айфоны бар жігітке айфоны бар қыз керек екен. Жайфондылар, бір-бірімізді тауып, бақытты болайық, "ыңғайы келсе"...

*** "Сіз маған ұнауға міндетті емессіз, "сылаң қақпай-ақ қойыңыз"-депті Біреу Біреуге...

*** "Үп" еткенде ұшып кететін махаббатың қажеті қанша?! Қонбай-ақ қойыңыз мен жаққа, үлпілдеген махаббат-сымақ үмітімнің Иесі. Сіздің барыңыздан... жоғыңыз артық. Күн шыға еріп кететін қыраудай махаббаттың бары не, жоғы не...

*** Биік кимесең, өрең төмендеп, жабық кисең, көзге түспей қаласың. Қате. Аласа кисең жерге жақын болып, "аспандаудан" ада боласың, жабық кисең, бөтен көзден таса боласың. Керек көз жан дүниеңе өзі-ақ үңіледі. Бастысы-өзіңе ыңғайлы.

*** Массагеттің қай тұсында тұрып та, "кіру" дегенді бассаң, дәл сол жерге аты-жөніңді жазатын жер шығатын болыпты. Бұрын Массагеттің "бас жағына" "жүгіруші" ем. Демек, бәрі біртіндеп "реттеледі" екен, ә, біртіндеп?

*** Күлгін көзілдірігімнің бір әйнегі сынып қалыпты. Жөндетуге тастап кеттім.

*** Мені іздегендер, керек болып жатсам, мені жерден таппасаңыздар, құстардан сұрарсыздар...


Н.ғ.: ...ағаштардың барлығы да тіп-тік, сымбатты болып өспейді. Сонда да, олардың мәуелі көлеңкесі бар. Сымбатты емессің деп кесіп тастамаймыз, бар күйінде қабылдаймыз.