Алтынбектен үзік сыр...

Алтынбектен үзік сыр...
жеке
блог

«Жастар жырлайды» теле-айтысының жеңімпазы, «Жыр алыбы-Жамбыл» Республикалық жастар айтысының жеңімпазы, «Жырдода» халықаралық айтысының 2-орын иегері. Облыстық, аудандық айтыстардың жүлдегері - Алтынбек Ибрагимов.

Айтыскерлік, ақындық қаныңызда бар ма еді, әлде белгілі бір қызығушылық өсе келе құлшынысыңызды арттырды ма? 

- Айтыскерлік, аталарымда болмаған. Қазақ "баланың жақсы болуы нағашыдан" дейді. Нағашыларым айтыскер болмаса да, өлең жазады. Өнер солардан дарыса керек.


Өзіңіз жайлы дерек айтып кетсеңіз, қай жақтансыз, қазір қайдасыз дегендей.

- Мен Қарақалпақстан жерінде, Амударияның жағасында дүниеге келгенмін. Арғы аталарым балықшылық, аңшылықпен айналысқан қазақтар. Айтысқа сол өңірде жүріп қызығушылық таныта бастадым. 2008 жылы Атамекенге қоныс аудардық. Қазір Алматы облысы, Қарасай ауданында тұрамын.

Нағыз ақын қандай болуы керек? Ал сіз қандайсыз?

- Нағыз ақын жан-жақты болуы керек. Бастысы тарихты жақсы білуге тиіс! Және "ақын" деген аттың жауапкершілігін сезінуі шарт...Ал өзім "болмасаң да ұқсап бақ" деген сөзді ұстанымыма айналдырып, әдебиет әлеміндегі ағалардың салған жолынан адаспауға тырысып келем.

Қазіргі қоғамдағы айтыстың рөлі қаншалықты деп ойлайсыз? Оның ішінде жастар айтысы?

- Айтыстың рөлі үлкен. Арине барлығы ақындар айтқандай өзгеруі шарт емес. Ақынның басты міндеті-идея тастау. Елімізде боп жатқан игілікті істерге,айтыстың да ықпалы бар деп білем.. Жас ақындар айтысы да дамып келеді.Бірақ оқушылар айтысы әлі де көбірек ұйымдастырылса екен деймін.

Ал Сүлеймен Демирел университетіне қалай келдіңіз? Оқу орныңыз өнеріңізді бағалай біліп жатқан сияқты ма?

- СДУ- ға түсіме мектептегі ұстаздарым себепші болды. Білім сапасы мен тәрбие жағынан басқа университеттерден көш ілгері тұрғанынан хабардар едім. Әрі тұрып жатқан жеріме де өте жақын болды... Бұл орда өнерді өте жоғары дәріптейді. Оқуыма жеңілдік берілмегенмен, айтысқа деген құлшынысымды жақсы бағалайды.

Суырып салмалық өнердің ең қиыны дегенмен келісесіз бе?

- Әрине келісемін. Айтысқа шығу үлкен тәуекелді қажет етеді. "Тауып айтсаң мереке қылады, Қате айтсаң келеке қылады".

Сізді не және қандай жағдай шабыттандырады, қандай тақырыптар қозғағанды ұнатасыз?

- Сахнаға шыққанда - көрерменнің қошеметі шабыттандырады... Көбіне айтыста "жастардың арасындағы кемшілік тұстарды" жырлағанды ұнатам.

Болашаққа қандай жоспарыңыз бар? Айтыстың жолында еңбектенесіз бе, әлде мамандық бойынша жұмыс жасағыңыз келе ме?

- Мен айтысты тастап кеткім келмейді. Айтыс мені тастап кетпесе болды.  Поэзияны тереңірек зерттесем деймін.Басты жоспарым-артыма елеулі сөз қалдыру.

Оқырмандарға тілегіңіз.

- Өз отауын, ошағын, отын қорғар,
Көбейсін батыл мінез батыр жандар, 
Жырлаудан шаршамасын ақын біткен,
Оқудан жалықпасын оқырмандар.

Сұхбатты дайындаған: Адамқұл Айдай