Сиыр ше

Сиыр ше
жеке
блог

Бүгін тегі бір ерекше көңіл-күйде отырмын. Не мәз емеспін, не тұнжырап та отырған жоқпын. Кез келген нәрсеге бей-жай қарап, тіпті, аспан түссе де, жер қозғалса да маған бәрібір деп, тым сабырлы қалыптамын. Бүгінгі жазбаны әрнәрсеге арнағым келіп отыр. Жәй ғана. Мен жақсы көретін жаңбырдың жауып жатқандығының еш қатысы жоқ. Сонымен кеттік.

***

Екінші жездем қалада жұмыс жасайды. Үйге апта соңында баратын. Әпкем мен төрт баласы әкелерін тек апта соңында, не демалыс күндері ғана көреді. Бесіншілері дүниеге келгенше, келгеннен соң екі айдай үйде болған жездем, қалаға жұмысына жиналып жатса, 3-сыныпта оқитын қызы: -Әке, Сіз біздің үйде көп жүріп қойдыңыз ғой,- деген екен. Қызық. Бала тілі тәтті-ау.

***

Қалаға келгелі тек шалбар киетінмін. Кейде ғана белдемшелер, көйлектер оның өзінде, тек ұзынын ғана киетінмін. Кейде қыздардың "үгітімен", не өзім қатты ұнатып қалсам, сәл тізедей ұзындықтағысын киетінмін. Ал, "шортик" атаулыны киіп көрген емеспін. Ешқашан. Кигім келмеген де, кигім келмейді де (!). Сонымен, мектепке орналасқалы, "қыз" қалпына қайта келуге тура келді. Оның өзінде, үйден шалбар киіп келіп, тек сабағымды өтерде белдемше киетінмін, кейде қысқарақ көйлек. Былтырғы жазды кілең ұзын киіп өткізіп үйреніп қалып, күзде қысқа кие алмай қойдым. Сонымен, күзде бері тек ұзын киіп жүрмін. Тіпті шалбарды тастадым. Айта-айта жақтары талды, білем, қасымдағылардың. Мен де неге ұзын кигенді ұнататынымды айтып, жағым талды. Сонымен, мен неге ұзын киемін. Себептері: маған ұнайды; емін-еркін сезінемін өзімді; емін-еркін жүремін; бір жерге асығып жүгірсең де, "талтаңдап" жүгіріп бара жатқандығың аса білінбейді; күн жылынса бітті, қыздардың проблемасына айналатын "капрон жыры" жоқ, яғни, өзгелер секілді бір капрон бір, не екі күнге емес, бір айға жетеді, себебі, жыртылып қалса да, өзім ғана білемін ( )) ); (+) бір аяғыммен бір аяғымды "қасып" тұрсам да, ешкім ештеңе білмейді; ең басты-өмірлік парызыма ыңғайлы; сосын, маған ұнайды; сосын, маған ұнайды, тағы да ұнайды. Болды.

***

Үйге кештелетіп барсам, 4 жасар інім әлі ұйықтамапты. Жатар киіммен әлі жүгіріп жүр. "Жүл, жүл, саған тамақ қалдылдық."-деп, тоңазытқышты ашып, ыдыс сөресін ашып, тамақтарды көрсетіп жүр. Сөйтсем, әпкем: "Балық пісіріп ек, жеп отырсақ, "Мақпалға қалдылыңдал, қалдылыңдал" деп, "ескертті""- дейді. Әлгі інім пюресін, балығын жеке-жеке көрсетіп, "балықты байқап же, қылтанағын жұтып қойма" дейді. Қамқор өзі. Тәттім сол! Айнымай өссе ғой...

***

Әпкемнің үлкен ұлы кішісінің жанына тұрып (бірі төртте, бірі екіге толады), анасынан сұрапты. -Мама, біз ұқсаймыз ба?-деп. Әпкем: -иә, ұқсайсыңдар- десе, қолына ойыншық сиырды ұстап тұрған кішкентайы: -сиыр ше?-депті.

***

Дипломның уақыты келді. -Диплом 60 бет қой, иә?-деп сұрап қоймаймын кураторымыздан. -Жоқ, 70,-деп ол кісі де қоймайды. -Жоқ, 60 қой. Бакалавр 60 бет, магистратура 70-80 емес пе?-деп мен де қоймаймын. -Жоқ. 70!- деп апайымыз да қоймайды. Сонымен ортақ "санға" келмедік. Кейін білдім. Сөйтсем, апайымның 70-нің артында теңге, ал менікінде "бет" тұр екен ғой. Кім білген...

Н.ғ.: ...болар бала ...-нан, болмайтын бала ше? Неге бала кезден бөлеміз?