Қосылмаған бала махаббат...
жеке
блог

Қосылмаған бала махаббат...

Бұл әңгімені 5 жыл бұрын жазып едім. 

Қосылмаған бала махаббат

 

 

Қораз даусы Сұлтанды селк еткізіп оятты. Көзін ұйқыдан әрең ашып, терезенің пердесін сырып тастап күнге қарады. Аз тұрды да, ашуға булығып сыртқа жүгіріп шықты. Қолына тас алып, қораның төбесінде серіленіп айғайлап тұрған қоразды атқылай бастады. Бірінші тас тиісімен құлаған қораз сол беті дыбыс бермей жоқ болып кетті. Аяғына атасынын етігін іле салған Сұлтан есік алдында тұрған түбі тесік су толтырылған торсыққа барып, беті-қолын жуды.  Шала-пала жуған беттің кірі, беторамалға қап-қара болып сіңіп қалды. Ары-бері бұратылып тұрды да, үйге енді. Әжесі енді тұрып, аяғына шұлығын орады да, оюлы саптама етігін киіп, тысқа кетті. Жүгіріп барып, атасының қойнына кіріп кеткен Сұлтанды байқамаған атасы

« кемпірім, жалғызым» -деп, маңдайынан иіскей бере, «тфуит, жүгермек , кет бар, мен сені кемпірім екен десем...» -деп, ұялғанын жасырғандай Сұлтанды қуып жіберді. Сұлтан- жасы он екіде. Денесі мығым, аяқ-қолдары ұзын, қара қою бұйра шашты,  атасы мен әжесінің көзі болып отырған жар дегенде жалғыз немересі.  Әке-шешесі қалада. Атасының дүрсе қоя берер мінезіне әбден еті ұйренген Сұлтан, үндемей ғана далаға шығып кетті. Енді әжесімен ойнағысы келгендей қора жаққа бет алды. Әжесі үлкен қара ала сиырды басқа сиырдан  бөліп алып сауып алып жатқанын көріп, «о,  әже, сүт! Сүт ішеміз»-деп, асыға жүгірді. Тентек Сұлтан асығам деп, кіші қораның ілгегіне кимі оралып қап жығылып түсті. ашуға булығам деп киімді тартып қалғанда кимі де жыртылып, ілгек ашылып кетіп, қара ала сиырдың төлі сыртқа жан ұшыра атып шықты. Бітті. Босаған бұзаудың не істері белгілі, енесін жаңа көргендей тұра ұмтылып, желін тартып отырған әжесіне қарамай тепкіленіп кеп анасының сүт толы емшегіне ауыз салды. Шелектегі сүтімен қисық орындықтан құлап түскен әжеміз орнынан сөйлей тұрды да, « ой, қарақұрт, жүрген жеріңе шөп шықпайтын!»-деп, Сұлтанды балағаттай кетті. Сұлтан, атасының қыңқылына мән бермегенімен, әжесінің қаһарынан қатты қорқады. Бүгінгі күні сәтсіз басталған Сұлтан, балалармен ойнауға шықпады. Қораның қиын шығарып, аула тазалады. Бұл Сұлтанға берілген жаза!

   Кеш құрым. Екінті мен ақшам арасы. Күн қызыл тартып ұясына бата алмай тұрған сәт. Бұл кез дәл ойын қуар шақ. Сұлтан, жазасын өтеп болған соң, атасының  етігіне тығып қойған құлжа аралас майлы асықтарды алып достарына кетті. Асық басталды. Сұлтан, өзі асық атудан мерген. Талай баланың қалтасын қағып кеткен, аты ауылға шулы «асықтың атасы» дейтін лақап аты бар. Кей кезде Сұлтанға:

-          Сен мықтысың, сенімен ойнамаймыз-дейтіндерге:

-          Не, асықтың майын қайнатып ішейін деп пе едің –деп, балаларды ду күлдіретін. Бүгін тағы олжалы оралды. Асықтарын санап келеді. Кенет көрші үйдің ауласына көзі түсті.  Ауылға таныс емес машина тұр. Сұлтан іштей, көршіге келген қонақтар шығар деп үйге кіріп кетті. Кешкі ас. Сұлтан жақсы көретін, құлақ, қойдың тілі, таңдайы, тіпті бүйрегіде жүр. Қуанған Сұлтан, қолын жумастан тамаққа кірісті. Еттің артынан ыстық қара сорпаны сіміріп алған Сұлтан енді қоймай шай ішті, артынан әжесінің қою айранынан бір кесесін ұрттап алып, далада шақырып тұрған достарына кетті.

-          Сұлтан, сен естідің бе,

-          Нені?

-          Бүгін сендердің көрші Қамар шалдікіне қонақ қыз келіпті

-          Содан?!

-          Ол осында демалысқа  келіпті, қаладан, осында үш ай қалатын көрінеді.

-          Қалсын, онда тұрған не бар.-деп, Сұлтан ойынға кірісіп кетті. Түнгі ойындары ақ сүйек. Одан қалса соқыртеке. Әбден ойны қанған Сұлтан түн жарымында үйге келді. Баяғы әдетінше күс-күс аяғымен көрпеге енді де кетті.

Таң атты. Күн көкжиектен қылаң қағып көтеріліп келеді. Бүгін Сұлтанды азаншы қораз емес, өзгеше бір дауыс оятты. Құлағының құрышын қандырып бара жатқан дауысты білгісі келген Сұлтан далаға жалаң аяқ атып шығып, жан-жағына қарады. Көрші үйден шығып тұрған дауыс. Жүгірді. Кенет тоқтай қалды. Тым-тырыс тек соның даусы, жаңғырып шығып тұр. Сұлтанда ес жоқ. Қатқан мүсіндей тіл жоқ, тұрды да қалды. Сұлтанды тәтті ұйқысынан оятқан қыз дауысы. Аң-таң боп тұрған Сұлтанды селк еткізер еш жан жоқ. Тек, ақ ала қазақы тазы иті кеп қолын жаламаса Сұлтан қыз дауысынан оянар емес. Қыз да әнін айтып бітті де, сыртта телміріп тұрға Сұлтанға көзі  түсіп кетті. Ұялғаннан ішке кіріп кетті. Сұлтан да қайтты. Үйге келісімен әжесінен:

-          Әже, Қамар атайдікіне келген қыз кім? Қандай қыз?-деп, сұрай бастады.

-          Жарығым-ау, оны мен қайдан білем, қаладағы немересі да?!-деп, әжесі әңгімені жылы жауып қоя салды.

Сұлтан бүгін бір түрлі. Далаға ойнауға да шықпады. Қораның төбесінде алысқа көз тастап қана отыр.

-          Ей, Сұлтан жүр кетті суға шомыламыз?

-          Жүрсеңші, енді, Сұлтан-деген, достарына

-          Өздерің бара беріңдер, мен бармаймын-деп, салқын жауап беріп қана жата берді. Кешке қарай ауыл балалары жиналып от жағып, айнала қоршап отырып қаладан келген бейтаныс қызбен  танысып-білісіп отырды. Бір топ ұлдар мен бір топ қыздар. Тек арада Сұлтан жоқ. Бейтаныс қыздың дауысы қайта шықты. Сұлтан құлақ түріп тұрды да, үйге кіріп кетті.

-           Балалар, біздің мерген қайда?

-          Соны айтам, мұндай жерден қалмаушы еді?!

-          Қайда кетті екен а?!-деп, күбірлесіп жатқанда, қолында домбырасы бар Сұлтан алыстан күй тартып келді. Қыз әнін тоқтатып біраз тұрды да,ұялғандай Сұлтанның бетіне тура қарап отыра алмай тыпыршып кетті.

-          О, міне өзі де келді сері жігіт!

-          Өзі мерген, өзі сері, өзі күйші, шіркін, Сұлтандай болсам ғой-деп, біразы қызғанышпен қарап сөйлеп жатты.

-          Міне, таныс бұл біздің досымыз, айтып отырған мергеніміз Сұлтан.

-          Ал, Сұлтан таныс бол, мынау біз саған айтқан көрші үйге келген әнші қыз Бота.

-          Танысқаныма қуаныштымын!

-          Менде! Әңгіме дүкен ұзаққа созылды. Достар бір-бірін қимай қоштасты. Ертең тағы жиналамыз дегендерді қоштағандар көп болды. Сұлтан мен Бота бірге қайтты. Жолай екеуі, әңгімелесіп келді де, үйге таяғанда сау бол айтысып үйлеріне кірді.

Сұлтан, сол күннен бастап таза жүре бастады, тіпті әжсінен ақша сұрап ауылдың дүкенінен әтір сатып алды. Күнде таң атысы, кештің батысы Ботамен қыдыру, ән айтып, күй шерту. Уақыты қызықты өтіп жатты. Бота- тым нәзік, қара торы келген, қаланың қызы деуге келмейтін, бейнесі даланың қызғалдағы екенін көрсетіп тұр, бойы Сұлтаннан сәл аласа, шашы қара, екі жаққа өрілген бұрымды, шие ерін, ай қабақ, келбетті қыз.  Таң атысы кештің батысы Сұлтанның ойлайтыны тек Бота.  Өзінің Ботаға ғашық екенін сезген Сұлтан, Ботаға айтуға тырысып талай рет тосылып қалды. Үш ай көзді ашып жұмғанша өтті де кетті. Бота қалаға қайтатын болды. Сұлтан өзін қоярға жер таппай жүр. Әне, айтам, міне, айтам деп жүріп Ботаның қалаға кететін күні келді. Ақыры Сұлтан сөзін айта алмай кетті. Бала махаббат, алғашқы махаббат. Ересектердің махаббатынан ерек тұрады. Шыдамаған Сұлтан, қаладағы ата-анасына жылап жүріп қоймай қалаға оқуға түсетінін айтып ақыры арманын орындатты. Бәрі Бота үшін...

Ал, Бота ше?! Бота, ол да Сұлтанды сондай жақсы көрген. Ол да сөзден тосылып ақыры сөзін айта алмай кеткен. Балалық махаббатың ащы дәмі-ай...

 Шу мен дуға толы қала. Күйбеңі бітпес зәулім сарайлар мен түтінің бітпес машина ордасы. Сұлтан осында. Ата-анасының қасында. Ендігі Сұлтанның ойы Ботаны қаладан іздеп табу. Күні бойы есі шыққан Сұлтан ақыры Бота оқитын мектеп арқылы оның мекен-жайын сұрап алды да, ұшып отырып Ботаның үйіне келді. Есік қағылды.

-          Кім керек?

-          Амансыз ба?! Менің атым Сұлтан, Мен Ботаның досы едім, Ботаны шақыра алмас па екенсіз?

-          Ол үйде жоқ. Енді ол мұнда тұрмайды.

-          Неге? деп болғанша есікті жауып алған әке сөзі, Сұлтанның құлағына тікен болып қадалғандай болды. Үміт селге кетті.

Есік қағылды. Сұлтанның тазы иті үріп қоя берді. Әжесі шығып:

-          Иә, шырағым кімді іздеп едің?

-          Армысыз әже, менің атым Бота, мен Сұлтанның досы едім, Сұлтанға айтыңызшы, мені келіп кетті, енді ауылдан оқитын болыпты деп

-           Қарағым, Сұлтан құлыным қаладан оқимын деп қоймай қалаға оқуға кеткен, енді келсе жазда бірақ келер, неде болса барып жатсам айтармын қалаға деп ішке еніп кетті.

Ботаның көзіне ыстық жас келді. Бар дауысымен жылай алмай тұрған Ботаның ыстық жасы жанарынан ыршып жерге топ етіп түсті де кетті...