"Карманщиктермен" қалай дос болдым?

"Карманщиктермен" қалай дос болдым?
жеке
блог

Жұмыста «карманщиктер» туралы жазайыншы деп өзім тілімнен қағындым да, 3-4 күн сандалып қалдым. Бірақ өкінбейм, керемет уақыт өткіздім. Жазған мақалам туралы емес, сол күндер туралы сіздермен бөлісейін))

Бүгінгі таңда ең атақтылар – «карманщиктер». Оларды қазақша кісәпірлер дейді. Кісәпірлер кім? Олар немен айналысады?

Кісәпірлер жұмыстарын әдетте халық көп шоғырланған жерлерде жасайды. Бұл «кәсіп иелерінің» қолдарының ерекшелігі болады. Олар адамның қалтасына, сөмкесіне қолдарын салғанда тіпті сездірмейді де.

Біреудің ақшасы, біреудің құжаты... Кісәпірлерден жапа шеккен адамдар базарда бақырып, аялдамада ақырып, автобустарда айқайлап шарасыз күйінде қалады. Біреудің қалтасына қолын салып тұрып, көріп тұрған екінші адамды көз алмастан әбжыландай арбағанда, көріп тұрғанның тілі байланып, тас емендей қатып қалады. Осындай қауіпті адамдармен тілдесіп көруді жөн санадым. Таптырулары қиын болғанымен, қауіпті деп ойлағанымызбен, мен сөйлескен жігіттер кәдімгі қазақтың қара домалақ ұлдары.

Бірақ тілдесу де оңай болмады. Мамандық ауыстыруға тура келді. 4 күн бойы автобустар мен көк базарды шарладым. Әр адамға зер салдым. Ұрлық жасалып жатқан сәтті аңдыдым. 4 күннің үшіншісінде ғана автобуста қол салып тұрған бойшаң жігітті кезіктірдім. Қарап тұрдым. Ол алатынын алды. Келесі аялдамадан түсіп қалды. Автобуста әлгі адам шу шығарып, жылап-еңіреп қалған шығар, білмейм. Өйткені мен де әлгі жігіттің соңынан түскен ем. Ол сол аялдамадан келесі автобусқа мінді. Мен де міндім. 5-6 аялдамадан кейін ол өз ісін тағы бітірді. Мен әлі соңында келем. Кенет журналистіктен актерлікке ауыстым. Әлгі жігіттің тура алдына келгенде қатты ауырып, бүк түсіп құладым. Ол әрине назар аударды. Маған көмектесуге ұмтылды. Менің де күткенім сол. Жағдайымды сұрап, безек қақты. Кәдімгі қазақ жігіт. Маған қарындасындай назар аударды. Жүзіндегі жылылықты көріп таң қалдым. Маған көмектесіп жатқан әлгі ұры емес, бөтен адамдай. Мені ауруханаға апаруға әрекеттенді. Одан жағдайымның жақсы екенін айтып, мүмкін болса, үйіме жеткізіп салуын өтіндім. Сондағы мақсатым онымен әңгімелесу. Аздап қорқып тұрғаным рас. Білдіртпеуге тырыстым. Өз ауданыма келгенде біз тіпті бұрыннан таныс адамдардай сөйлесіп кеткен едік. Енді ерке мінезіме салдым, қарнымның ашқанын айтып, бірге тамақтануды ұсындым. (Қыз басыммен жігітке)))  Ол біраз қиналыңқырап барып (жәй қыздың көңілін қимады білем) келісім берді. Үйге жақын маңдағы дәмханаға кіріп, тамаққа тапсырыс бердік. Ұзағырақ отырып әңгімелесу үшін, көбірек тамаққа тапсырыс бердім. Ал ана жігіт шок, бәрін жей аласың ба дегендей қарайды. Тамақтанып отырып, көөөп әңгімелестік. Қысты жақсы көретінімді, театрды сүйетінімді, шығармашылықпен айналысатынымды айттым. Ол да айтты әңгімесін. Еріксіз төгілді. Бар сырын айтты. Тек еш жерде аты-жөнін атамауымды өтінді. Өзі менен бірнеше жас қана үлкен болып шықты.

–Ауылдан алғаш келгенде, екі қолға бір күрек табылар деп келгенбіз. Алайда шағын сауда мен арба сүйреу күнделікті ішім-жемнен артылмайды,–деп бастады ол әңгімесін. – Кейінірек көрші ауылдың жігіттерімен кезігіп қалдым. Арба сүйреп жүргенімді білген олар, бірден өздеріне шақырды. «Бойың да, түрің де келісіп тұр» деп өз кәсіптерін түсіндірді. Байқасам, оп-оңай. Десе де аздап, жүрексіндім. Есесіне табысы мол. Бірнеше апта жігіттерге еріп жүріп, үйрене бастадым. Біздердің өз ережелеріміз бар. Ең бастысы қолдың ептілігі. Мен тез-ақ үйреніп кеттім. Бірнеше рет өз территориямыздан асып кеттім, басқа территориялардың кісәпірлерінен таяқ та жегем. (күлді) Ал қазір өз ісімнің майталманымын десем де болады. Бұл іспен айналысқаныма он жылдай болды. Мектеп бітіргелі қалада осы кәсіппен айналысамын. Ауылға тәп-тәуір ақша салам, үй-ішімді осылай асырап жүрмін десем де болады, – деп сырын бөлісті. Сосын мен осы тақырыпты жазғым келетінін айтып, қиыла кеттім. Ол тағы қиналды. Сосын «мен почти бәрін айтып тастадым. Қаласаң, тағы бір жігітпен таныстырайын. Оның да әңгімесін тыңда» деді. Қуана келістім. Ертеңіне ол әріптесін алып келуге уәде берді. Онша сенбесем де, сенім артуға тырыстым. Ол уәдесінде тұрды. Менің таң қалғаным да осы. 4-күні үшеуіміз наурыз көже ішіп отырып тағы да кеңінен әңгімелестік. Екінші жігіттің әңгімесін айтпайм, әйтпесе мақалам оқылмай қалар.))) Олар туралы толығырақ мақала жазып шықтым. Ең бастысы мақсатым орындалды. Есесіне, «карманщик» болса да жап-жақсы жігіттерді дұрыс танып, "дос" болып алдым))

P.S. Басында айтып кеткенімдей, бұл мақала емес, тек сол күндердегі қызықты сәттермен бөліскен блог деп білулеріңізді сұраймын. Өйткені, мұнда көп адам дұрыс түсінбей қалып жатыр екен. Және өтінерім, өзіңіз пікір жазған соң, келесі адамның пікіріне "минус" басудан не табасыз? Ондай ыңғайсыздықтың қажеті жоқ сияқты))