Сағыну, қарайлау, аңсау, Еһ, қайран өмірім менің!..

Сағыну, қарайлау, аңсау,  Еһ, қайран өмірім менің!..
жеке
блог

Тәтті ұйқы құшағында жатқан боларсың. Мүмкін, ояу...

Мен болсам күндегідей, мына дүние шуынан есімді әлі жинай алмай есеңгіреп отырмын. Тіпті, таң атып қалыпты. Сарыарқаның қысы үрейлі болғанымен көктемі керемет. (Бірақ, ол да әлі келе қойған жоқ).

Мына жарық дүниеде мен сүйетін, мені түсінетін, менің жаныма ең жақын саналатын құндылықтар жүрегімнен әлі шалғайда жатқан сияқты. Қашан жетері беймәлім. Жаңбырды, әсіресе, ақ жауынды қатты сағындым. Бала күнімнен қалыптасқан әдетім болар, көктем шыға сіркірей жауған жаңбырда білегімді түріп алып, көйлекшең ағаштар арасында, иен бақта немесе, көше бойлап жүргенді сондай ұнатамын.

Ал қазір сенің қайда, не күйде жүргенің маған белгісіз. Сенің кімді ойлайтының, жүрек түкпіріңде кімді бекзада санайтының да белгісіз. Ғұмыр-кемең қай арнада, қай бағытқа беталғаны да маған беймәлім. Өйткені – менің сағынышым ештеңені де өзгерте алмайды.

Мені бір түсінсе әлпештеп баққан гүлдерім түсінеді. Қатулы таулар мен ормандар, сағымға сүңгіген сұрғылт дала түсінеді. Орта ғасырда туған болсам үкілі дулығам айдай нұрланып, қос құлаш найзамды оң қолыма көтеріп, сарбаздарымды ертіп жорықта жүрер едім. Дала жаңбырына еркін малтығар едім. Дәл қазіргідей қапас-мұңға, абақты-дәрменсіздікке қамалмай, тұлпарымды жүйткітіп құстармен жарысар едім. Сұрапыл шайқасты жеңіспен аяқтап келіп, кешкі қыр басында жарақатымнан ыстық қан тамшылап, батысқа үнсіз көз салып тұрар едім. Бәлкім, сол кезде де сағынар едім сені...

Оның бәрі жай ғана арман ғой.

Біздегі көктем әлі толық күшіне келе алмай жатыр. Ауламда самсаған ағаштар да, қаулаған гүлдер де жоқ. Бірақ, сағыныш бар. Бәрі де, бәрі де, менімен бірге сені сағынады. Сенің тілеуіңді, амандығыңды тілейді.

«Ғұмыр Гүлінде» айтылатын мұнарлы көлге тағы бір барып қайтқым келіп жүр. Жаратушы Ие пешенемді алысқа жазса өмірімдегі соңғы тиянағым – осынау бір үнсіздік пен сағынышқа, үміт пен сұлулыққа толы осы көлдің бойы боларын жүрегім сезеді.

Бәлкім, қаусаған шағымда саған арнап еккен мынау бір түп қазтамақ гүлім мыңдаған жас жүректерге махаббат пен ізгілік отын себер. Парасат пен мейір бағыштар. Бәлкім, қаулай өсіп, қабіріме жетіп, Жаратқаннан О дүниелік рухыма рахым нұрын тілер.

Бәлкім, жер басып жүрген сенің тамырыңа мына тіршілікте мен сарқып жұмсай алмай кеткен ұлы күш пен қасиетті сезімдерді себер.

Бәлкім, жүректері жара мен шерге, уайым мен сағынышқа толған барша мейірімді жандардың ауласында өмір ағашы болып күн сөнгенше көктеп тұрар.

Бәлкім...

Бәлкім...

Мынау жырдың ыстық лебін саған арнадым.

 

Жансар

 

Нұрланып аспанның реңі,

Сәуірін күтеді жаңа.

Түнімен сағындым сені,

Бірігіп сағынды дала.

 

О, дала!

О, мұңды құстар!

сейілтші, мендегі түнді.

Қашанда мұң маған құштар,

Мұңдана сағынам кімді?..

 

Ауламда аяздың табы,

Уақыт тұр салмағы зілдей.

Жаңбырды көкседім тағы,

Үміт тұр күдерін үзбей.

 

Құрғатып мөлт еткен жасты,

Жұтамын аспанның нұрын.

Сені ойлап қауызын ашты,

Атаулы қазтамақ гүлім...

 

Соңымда саны жоқ қайғы,

Жаңбырға жуылған бағы.

Сүйемін сен туған айды.

Сүйемін сәуірді тағы.

 

Оның да айтары осы-ақ,

Алмашы құстардың шырқын.

Ғазауаты да кешірім жасап,

Бір күні жетермін, мүмкін...

 

Үнсіздік билеген жанға,

Гүлдер тұр кірпігін қағып.

Басымды сүйеймін таңға,

О, дала!

Неткен жап-жарық?..

 

Астана. Таң.  04:53

27-ші наурыз 2014 жыл

Сурет: stihi.ru, fonstola.ru