Ел ішін аралап, адамдарды сынайтын періштелер

Ел ішін аралап, адамдарды сынайтын періштелер
жеке
блог

Періштелердің арасында ел ішін аралап, адамдарды сынайтындары да болады. Мына бір хадис соны баяндайды.

 Ертеде бірі алапес, екіншісі таз, үшіншісі зағип үш дос болған екен. Аллаһ тағала үшеуін сынау үшін оларға адам бейнесінде бір періште жібереді. Періште алапеске келіп «ең жақсы көретін нәрсең не?» – деп сұрайды. Сонда алапес «әрине, денім сау, көрікті болсам екен» дейді. Сол мезет оны періште қолымен бір сипап ажарлы адамға айналдырады. Періште одан: «Қай малды жақсы көресің?» –деп сұрайды. Алапес түйені атайды. Алдынан дереу он түйе пайда болады. Періште: «Бұларды Аллаһ саған ұзағынан сүйіндірсін», – деп әрі қарай жол тартып тазға жолығады. Оған да алапеске қойған сұрақтарын қайталайды. Таздың жауабы бесенеден белгілі... Періште оның басынан сипаған сәтте тазға шаш бітеді. Періштенің екінші сұрағына таз сиырды атайды. Сол сәтте оның алдына буаз сиырлар пайда болады. «Бұларды Аллаһ саған нәсіп етсін» дейді де періште келесі кезекте соқырға келіпті. Оған да әлгілерге қойған сұрақтарын айна-қатесіз қайталайды. Соқырдың да жауабы белгілі. Періште оның  да тілегін орындайды. Ал екінші сұрағына ол «қой» деп жауап береді. Ол тілегі де орындалады. Арада бірнеше уақыт өтеді. Оларға берілген малдың басы өсіп өріске сыймай кетеді. Күндердің бір күні періште әлгі көрікті адамға келеді. Мына саған көрікті сыйлаған Жаратушының құрметіне маған бір түйе берші дейді. Көрікті адам оған жауап та қатпайды. Періште енді оған: «Әй сен әлгі алапес емессің бе? Мына байлық Аллаһтың несібесі емес пе? – дейді. Сонда ол «жоқ, бұл аталарымнан қалған мирас» деп жауап береді. Періште «егер де жалған айтсаң Аллаһ баяғы қалпыңа қайта түсірсін» дейді. Расында да көрікті адам бұрынғы қалпына қайта оралады. Сараңдық танытқан таз да бұрынғы қалпына оралады. Соңында періште үшінші адамға келіп, «саған көзді сыйлаған Жаратушының құрметі үшін маған бір қой берші», – дейді. «Иә, расында мен соқыр едім. Бірақ Жаратушы ием маған көз сыйлады. Кедей едім мал беріп байытты. Оған қанша шүкір етсем де аз. Оның құрметі үшін қалаған қойыңды ал», – дейді. Сонда періште «Байлығыңды Аллаһ ұзағынан нәсіп етсін! Алайда, Аллаһ үшеуіңді сынаған еді. Аллаһ та сенен разы. Бірақ екі досың берілген нығметтің қадірін білмеді. Олар Аллаһтың азабына тартылады» деп лезде ғайып болады.  

Расында да Аллаһтың құдіреті мен шеберлігі күллі жаратылыс атаулыда айқын көрінеді. Жаратылған барлық болмыс – Ұлы Жаратушының баға жетпес өнер туындысы. Аллаһтың рақымдылығын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Құран бұл ақиқатты: «Қайда қарасаң да Аллаһтың жүзі (рақымдылығы, қайрымдылығы, құдіреті) сонда»,– деп түсіндіреді.