Сағыныппын

Сағыныппын
жеке
блог

Адам баласы ең жақын адамын қаншалықты жақсы көрсе, соншалықты ренжітуге, жанына жара салуға құмар болады екен. Оған бірнеше рет көзім жетті. Бөтен адамға ешқашан мінез көрсетіп, бар еркелігіңді сала алмайтының да сондықтан шығар. Жаныңа жақын болмағандықтан. 

Студент кезімде бір қызбен қатты дос болдық. Айтолқын құрбым екеуміз егіз тамшыдай едік, сөзіміз де, ойымыз да үнемі бір жерден шығатын. 

Айтолқын екеуміздің түріміз де қатты ұқсайтын. Болмысымыз, мінезіміз, талғамымыз... Тіпті, киім киісімізге дейін. Атымыз да 8 әріп. Біреу "Қараторы, әдебиетті жақсы көретін, күзде дүниеге келген, жаңбырды ұнататын филфактың қызы!" деп жасырса, оның жауабы Айтолқын болса да, Мейіргүл болса да қате болмас еді.  

Екеуміз жатақханада бір бөлмеде тұрдық. 

Пенде болған соң, кейде келіспей қалатынбыз. Шынымды айтсам, не үшін ұрсысатынымыз, не үшін ренжісетініміз есімде жоқ. Бір себебі болатыны рас. Бірақ есімде жоқ! 

Кеше, қағаздарымды ақтарып отырып, Айтолқынның маған жазған хатын тауып алдым. (Екеуміз ренжіскен кездері бір бөлмеде тұрсақ та, бетімізге айтпай, хат жазып, үстел үстіне тастап кететінбіз). 

Көзіме тамшылап жас келді. Бүктелген тұсы сарғайып, ескіре бастаған хатты қолыма алдым. 

"Үнемі сыйласып жүрудің жолын ойлап, бас қатырам. Бәлкім, бөлек тұрғанда ғана арамыз асқақ, сыйлы, қадірлі болатын шығармыз деп ойлаймын. Тек жаман ойлама. Мен сенен қаша алмаймын. Ешқашан. Саған тартатын бір күш бар, мейлі сен менімен ренжісіп қалсаң да, тату жүрсең де ешкім түсінбейтін нәрсені түсінесің..." депті. Әр жолын аялап оқыдым. Бітпесе екен дедім. 

Өкінішті, мына өмірде бәрінің де бітетіні сияқты хат та бітті. Сағыныппын. Қатты сағыныппын. Құрбымды. Аяулымды. 

Дәл қазір қарсы алдыма отырып, үлкен, әдемі көздерімен менің жанымды ұғар ма еді. Жанымды жанарымнан-ақ түсінетін оның кейде үнсіз қасымда қадамдап келе жатқанының өзі қалай күш беретінін білсе ғой... Неге екенін, ол өмір бойы осылай жанымда жүретін сияқты болатын да тұратын, болатын да тұратын. 

Бірақ ол дәл қазір менің қарсы алдыма келіп отырмайды. Біріншіден, Атырауда. Екіншіден... Жә, бір себеп те жетер. Мен Алматыдамын, ол Алматыда емес. 

Университет бітірген соң бір жылдай уақыт өткеннен кейін ол Алматыға келді. Екеуміз жолықтық. Бірге болмаған бір жыл арамызды суытып тастапты. Тек үлкен, әдемі көздері ғана өзгермеген. Жанымда не болып жатқанын ұқпақ болып мөлдірей, кіршіксіз, қадала қарайды.  

Кейде мына өмірімде өзім үшін ұлы достықты бастан кешіргенім үшін шексіз қуанам. Бақытты сәтім ұзаққа созылмайды. Кеудеме күмәнді сауал қадала қалады. 

"Мұндай достықты енді кездестірер ме екем?"

Кездестірмес пе екем?.. 

Сурет: kartinki2008.ru, creative.su