Біреудің атынан

Біреудің атынан
жеке
блог

Мама...
Қайдасың?
Жоқ, әттең қанаттарым...
Өзің жоқта көрмеймін таң атқанын.
Қайда кеттің?
Қасында жүрсің бе, анам, Жаратқанның?!

Кешші, мама,
Шикі еді кейбір ісім
Жүрегіме мейлі менің от үйілсін
Білесің бе, анашым, әлікүнге
Бөлмең жақтан бұрқырайды хош иісің...

Мұңның жазды Жаратқан тұяқтысын
Құшағына жүр сені жиі ап түсім.
Білесің бе...
Кейде жылап отырғанда
Есікті ашып кіретін сияқтысың...

Қара жер құшты - жүрегіме сіңді мұң...
Балапаның, сан құлады, сынды мың...
Көше кезіп, жерді басып жүргенде
Дидарыңды басып жүрген сындымын...

Жүрмейінші...
Құшағыңа енейінші мен сенің
Қайтейін мен? Жан-тәнімді жеңсе мұң.
Сенсіз, мама, мәнсіз өмір кешемін
Сенімдімін, шексіздікке тең сенім.

Мерекеңді күтпеген соң көктемгі
Керегі не гүл басқанның көк белді?
"Басты көтер, алда өмірің" дейді ме?!
"Барлық сындар, бар қиындық өтпелі!"

Қайдан білсін?!

Ақшам болды бесінім...
Бөлшектелдім...
Қақ жарылдым...
Кесілдім...
Мәні қайда өмірдің?
Немереңнің иіскетіп маңдайынан
Қойғызбасам есімін...?!

Өмір мына мойыныма кек ілді...
Қамшылады бар жанымды, жекірді...
Жылайтын да жас қалмады...
Анашым...
Ет жүрегім мұз боп кеткен секілді...

Алып кетші...
Керегі маған қанат па?
Алшы десем
Алла жанды алат па?
Сағынғанмен шара жоқ қой... 
Өкініш...
Жаның болсын Жәннатта! 

Авторы: Назерке Семей