ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫНЫҢ КҮНТІЗБЕСІ
жеке
блог

ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫНЫҢ КҮНТІЗБЕСІ

Қазақ он екі жылдық циклды «мүшел» деп атайды да, әрбір 12 жыл сайын дәуір жаңарып тұрады деп есептейді. Яғни, бір дәуір - 12 жылға тең. Кәзіргі зодиак шоқжұлдыз белгілері де осы мүшелге қатысты жайт болып табылады. Ол да – 12 және көпшілігі дерлік айуан мен жәндіктер кейпінен, кейінірек әр ел өзінше дамытып, өзгерткен.

 

Қазақ халқы жылды рухани-пәлсәпәлік жағынан бір біріне қарсы екі маусымға – қыс пен жаз – деп  бөлгенімен, тіршілік маусымын 4-ке жіктеген: жазғытұрым (көктем), жаз, күз, қыс. Әрбір жыл маусымы – 90 күннен тұрады. Күні бүгінге дейін елдің батыс аймағы 90 күн қыспен 13-наурызда қоштасып, Наурыз мерекесін 14-не қарсы алып келеді. Мұның мәні – 14-наурыздан бастап Көктем маусымы кіретінін және ол жаңа жылдың жас шағы екенін мойындаудан шыққан.

Жаңа жылдық төрт маусымы бұдан 5-6 мың жыл бұрын, Алматының солтұс-батысындағы 170 шм жердегі Аңырақай тауындағы жартаста қашалған ежелгі суреттерде бейнеленген. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі тұлға бейнеленіпті: оң жағында күндидарлы адамкейіпті киелі тұлға бері қарап тұр, бұл  -«Тәңір» аталып жүрген жарқын күш, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы сайтанкейіпті  - Ыңыр (Іңір – бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі уақыт); олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының 4 маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қарағайдай  ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сиыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз және қыс. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі жылдың киесі билеп жүр. Бұл – ежелгі наурыз мерекесі!  Бұл - Сиыр жылының Наурызын мейрамдау!