Күтумен өткен ғұмыр
жеке
блог

Күтумен өткен ғұмыр


apa...Ол сол күйі соғыстан оралмады. Ал жұбайы Мырзақыз келсе өзі киеді деп оған арнап gumyr2қара былғарыдан тігілген тон мен саптама етікті, көк жүнді қаракөлдің терісінен тігілген тымақты әр жазғы шілдеде кебежеден шығарып күнге жаяды. «Бәлкім келіп қалар» деген үміт оның кеудесінен жаны шыққанға дейін үзілмегендей...
   Сайрам ауданына қарасты Нұрғиса Тілендиев атындағы №50 шағын жинақты орта мектептің 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Мектепке осы мерзім аралығында қызмет атқарған, балаларға тәлім-тәрбие берген ұстаздар, мектептің қоғамдық өміріне белсене атсалысқан, бүгінде бақилық болған кейбір азаматтардың ұрпақтары, мектеп түлектері қонаққа шақырылыпты.

img 2919Жиынға мектептің ең алғашқы директоры болған Боранбай Үдербаевтың (жоғарғы суретте) немере інісі, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облыстық офтальмология орталығының бас дәрігері Дулат Үдербаев та (суретте) келіп қатысқан еді. Ол кісінің мектептің ең алғашқы директоры болған Боранбай Үдербаев туралы айтқан естеліктері кімді де болса толқытпай қоймасы анық. Соғысқа алдыңғылар сапында аттанып, сол күйі оралмай қалған Боранбайды жұбайы Мырзақыз өмірінің соңына дейін күткен екен.
     «Адам баласы жасы ұлғайған сайын қасындағы адамдардың қадір-қасиетін біле бастайды екен. Көңілімді торлаған сондай бір өкінішім бар, – деді Дулат Үдербаев күрсіне отырып. – Ол сол бар ғұмырын менің немере ағамды күтумен өткізген жеңгеміз Мырзақыздан Боранбай ағам жайлы неге барлық тарихты бүге-шігесіне дейін сұрап, жазып алмадым екен деген өкініш. Ол кісіні үнемі солай біздің қасымызда жүре беретіндей көріппін ғой.
    Соғыс аяқталып, елдегі жұрт етек-басын жинап алған соң әкем үлкен үй салған. Сол бес бөлмелі үйдің екі бөлмесінде Мырзақыз жеңгеміз тұратын. Ол бөлмелерді ата-анамыз сияқты біз де «отау» деп атайтынбыз. Жеңгеміздің көңіліне келеді дей ме, жоқ әлде әкем де өлді деуге қимай ма, біздің үйде еш уақытта Боранбай көкем мен Қаламбек ағамның соғыста қаза болғаны жайлы тіс жарып айтылмайтын. Сондықтан балалықпен үйде кімнің кім екенінің парқына аса бармаған болсам керек, үйдегі екі әйелдің бірі әже, екіншісі апа болатындықтан, самауырдың екі құлағын екеуі жағалай отыратын өз анамды «апа» деп, жеңгемді «әже» деп атадым. Әкем де інісінің әйелінің жарына деген адалдығына сүйсінетін. Сондықтан болар, інімнің майданнан аман-есен оралуына тілеулес болып тұрсын деген жақсы ырыммен Боранбай көкеме арнап қара былғарыдан тон, саптама етік, көк қаракөлдің елтірісінен құлақшын тіккізіп қоятын.
    Мырзақыз жеңгем көктем шыққан сайын өзінің еншісіндегі екі бөлменің киіздерін, кебежедегі бар заттарын сыртқа шығарып, күннің көзіне жайып қоятын. Жеңгеміздің заттарын сыртқа шығарысып жүріп, оның аса мұқияттықпен әлгі қара былғары тонды, саптама етікті, қаракөл терісінен тігілген құлақшынды қағып-сілкіп, тазалап, қолымен сипалап, иіскеп тұрғанын көреміз.
    «Әже, бұл кімнің құлақшыны?» – деген сұрағымызға жеңгеміз: «Бұл мұғалімнің құлақшыны. Ертең әскерден оралғанда өзі киіп тоздырады», – дейтін. Ерін соғысқа аттандырған күннен бастап бізбен бірге тұрған жеңгем 1989 жылы еншісін алды. Егіз қозыдай бірге жүріп, бірге тұратын абысындар сол кезде құшақтарын ажырата алмай жылағаны күні бүгінгідей көзімнің алдында».
    Боранбай Үдербаев 1912 жылы Созақ ауданына қарасты Бабата ауылында дүниеге келген. Әкесі Үдербай жұбайымен бірге Теңгеш (1900 ж), Өмірзақ (1902), Боранбай (1912), Қалыш (1914) және Гүлжан (1916) есімді ұл-қыздарды өсіріп, жетілдірген. ХХ ғасырдың басында Бабатада тұратын олардың біраз туыстары, шамамен 30-ға жуық отбасы қазіргі Ордабасы ауданына қарасты Шұбар елді мекеніне қоныс аударған екен.
    Үдербай біраз ағайындарымен бірге малдың жайылымын қимай Бабатада қалып қояды. Үлкен ұлы Өмірзақ небәрі 16 жасында әкесінің бар шаруасын өз қолына алып, тірлігін тап-тұйнақтай етіп, дөңгелетіп әкетеді. Сол кездің өзінде Шымкентке келіп мал сатумен айналысады. Ол қасындағы серіктерімен бірге малдарын айдап отырып, Шұбардағы ағайындардың ауылына түнделетіп жетіп, сонда түнеп, астарындағы аттарын да тынықтырып алып, ертеңіне мал базарға барып, малдарын саудалап қайтады екен. Қайтарда да ол шұбарлық ағайындарға соғып кетеді..
    1930-жылдары Кеңес үкіметі бай-құлақтардың дүние-мүлкін жаппай тәркілей бастағанда, 28 жастағы Өмірзақ та өзінің біраз малын сатып, інісі Боранбайға үлесін бөліп беріп, Шұбарға, ағайындарының қасына көшіп келеді. Ал Боранбай өзіне тиген үлесін алып, Ташкентке оқуға аттанады. Онда жоғары педагогикалық семинарияны тәмамдап, 1933 жылы Шұбарға қайта оралады. Жоғары білімді жас маман қазіргі Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылындағы жаңадан негізі қаланған мектепке директор болып тағайындалады. Сол жылы ол Мырзақыз есімді қызбен көңіл жарастырып, отбасын құрады.
    1934 жылы олардың Болат есімді ұлдары туылады. Болаттан соң тағы да бір ұл, бір қыз өмірге келеді. Отызыншы жылдардың соңына қарай елдің көзіқарақты, оқыған, білімді азаматтары жаппай әскер қатарына алына бастайды. Сол кезеңдерде, яғни 1939 жылдың 1-қыркүйегінде Боранбай Үдербайұлына да Арыс аудандық әскери комиссариатынан шақыру келіп, әскерге алынады.
     Әскерге аттанарда Боранбай жұбайы мен үш баласын Қайнарбұлақтан Шұбарға, яғни ағасы Өмірзаққа алып келіп, аманат етіп тапсырады. Содан Боранбайдың жұбайы Мырзақыз қайынағасы мен абысынының үйінде еншілес болып тұра береді. Ал Боранбай әскерден оралар кезде соғыс басталып кетеді.
      Өмірзақтың бірінші әйелінен Қаламбек есімді ұлы мен Құлқаныс деген қызы болған. Соғыс басталғаны туралы суыт хабармен қоса Өмірзақтың шаңырағында тағы бір үлкен қайғылы жағдай орын алады. Оның екі перзентінің анасы ұзақ аурудан көз жұмады. Сөйтіп, ол Мейірхан есімді қызға үйленеді.
    Бұрынғы абысынының орнына түскен Мейірхан Мырзақызбен түйдей құрдас екен, екеуі де 1914 жылы туылған. Абысындар қатар құрбыдай сырлас болып кетеді.

gumyr     Өмірзақтың тұңғыш ұлы 1925 жылы туылған Қаламбек те (суретте) 1943 жылдың 14-қаңтарында әскер қатарына алынып, соғысқа аттанады. Сол зұлмат соғыстан Өмірзақтың інісі Боранбай да (суретте әскери киімде), ұлы Қаламбек те қайтып оралмайды. Олардың өлгені туралы «қара қағаз» да келмеген. Тек хабар-ошарсыз кеткені туралы бір жапырақ хат қана олардың өлгеніне күмәнмен қаратып, келетініне үміттендіреді.
     Соғыстың ауыр да азапты күндері елдегі халық майдандағы әскерді азық-түлікпен, оқ-дәрімен қамтамасыз ету үшін еңбек етеді. Ашқұрсақ жүрген жас балалардың көпшілігі жұқпалы ауруларға шалдыға бастайды. Балаларға келген шешек, қызылша сияқты індет Боранбайдың балаларын да айналып өтпейді. Мырзақыз жаппай келген кеселден балаларының бірін де аман алып қала алмай, қан жұтып қайғы жамылады.
     Қайынағасы Өмірзақ пен абысынының қоржын тамының бір бөлмесінде балаларын ермек етіп, sogysеркелетіп, шұрқырасып отыратын Мырзақыз осылайша жалғыз қалады. Ендігі бар үміті, сүйіктісі, жан жары мұғалімінің (Боранбайды солай атайтын болған) соғыстан аман-есен оралуын тілеп, асыға күтеді.
    Соғыстан соң елдің экономикасын көтеру үшін тынымсыз еңбек майданы басталып кетеді. Өмірзақ ауылдағы мақта пунктінде мақта қабылдаушы. Оның жұбайы Мейірхан мен келіні Мырзақыз да сонда жұмыс істейді. Осылайша бейбіт өмірдің екінші жылы да әне-міне дегенше келіп қалады. Сол 1946 жылы қазіргі Бәйдібек ауданының Қазата ауылында тұратын Мырзақыздың әкесі Нұсқабай құдасы Өмірзақтың үйіне келеді. Қасына ауылының беделді қарияларының бірін ертіп алған ол қызының үйінде қона жатады. Қазан көтеріліп, ет желініп, сорпа ішіліп, құдалар ұйқыға жатады. Ертеңіне таңертең шай үстінде Нұсқабай келгендегі бұйымтайын Өмірзаққа суыртпақтап бастайды.
      «Соғыс аяқталған соң да бір жыл өтсін деп күттік. Сенің інің, менің күйеубалам Боранбай соғыстан оралмады. Егер қызымның үш перзентінің тым болмағанда біреуі тірі болса, алдыңа бұлай келмеген болар едім. Қу перзентім болған соң оның да ертеңгі күніне алаңдаймын. Мырзақыздың әлі де басы жас, небәрі отыздың төртеуінде. Біреудің етегінен ұстаса, перзентті болса, сол олжа болар еді», – деп, көзін шылаған жасты орамалымен сүрткілей береді.
      Сонда Өмірзақ құдасына: «Інім өкіметтің керегіне жарап, өтеуіне кетті. Келіп қалар деп әлі де үміт үзе алмай жүргеніміз жасырын емес. Рас, жастық шақ қайтып келмейді. Сондықтан келінімнің шешімі қандай болса да қолдаймын. Қайта тұрмыс құру ниеті болса, өз қарындасымдай шығарып салып, қорадағы малдан еншісін бөліп беруге мен дайынмын», – дейді.
     Дастархан басындағы мына әңгімені үнсіз тыңдап отырған Мырзақыз: «Мен мұғалімге өзім қалап қосылғанмын. Оның шаңырағының отын сөндірмеу менің парызым. Мен кеудемнен соңғы демім шыққанша үмітімді үзбеймін. Хабарсыз кеткен қаншама адам елге қайтып оралып жатыр ғой. Үйден өзім аман-есен аттандырған некелі жарымнан «қара қағаз» келмесе де қалай оны өлдіге санамақпын? Мен біреудің етегінен ұстап, қайта тұрмысқа шыққан кезде мұғалімім соғыстан қайтып оралса, не бетімді айтамын? Сонда кірерге тесік таппай қаламын емес пе? Мені сізбен ілесіп қайтады деп ойламай-ақ қойыңыз, өлсем сүйегім мұғалімнің шаңырағынан шығады», – деп әкесіне кесіп бір-ақ айтады.
      Сөйтіп әкесін шығарып салмай-ақ, отынға барамын деген сылтаумен беліне ешкі жүнінен есілген қылтықты арқанды орап алып үйден шығып кетеді. Мырзақыздың әкесі Нұсқабай қайтып мұндай әңгіме қозғамайды.
     «Анам Мейірхан әкеммен шаңырақ құрғаннан соң 1943 жылы тұңғыштары Жадыра дүниеге келеді. Ал 1949 жылы туылған Ақбол әпкемнен кейін 1951 жылы тағы да үшінші қызды өмірге әкеледі, – деп жалғады әңгімесін Дулат Өмірзақұлы. – Қазақ халқы ұлды үнемі қыздан артық санап, қарашаңыраққа мұрагер келді деп қуанатыны белгілі. Алайда әкемнің шаңырағында ұл емес, бірінен кейін бірі қыздар туылып жатқанына алаңдаған ағайын әкеме қолқа салып келеді. Ауыл-аймаққа сыйлы қариялардың бірі ақырындап өз ойын былай жеткізеді: «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген. Бүгінде соғысқа кеткен інің Боранбай да, оның артында қалған балалары да жоқ. Өзіңнің тұла бойы тұңғышың Қаламбек те соғыстан оралмады. Қыздар жат жұрттық екенін жақсы білесің. Ертең ізіңді басатын, шаңырағыңның түтінін түтетіп отыратын бір тұяқ керек. Сондықтан келініңе әмеңгерлік салтпен үйлен! Ұлды да, қызды да өмірге әкелген әйел ғой, бәлкім бұйыртса, келінің ұл тауып берер. Әрі десең бұл үлкен сауап іс».
     Сонда әкем: «Әйел басымен інімнен күдерін үзбей отырған келінге мен қалай үйленбекпін? Ол Мырзақызды інімнің өлгеніне мәжбүрлеп сендіру емес пе? Осы үшінші қызымның атын ырымдап Ұлжалғас деп қоямын, Алла бұйыртса, ендігі перзентіміз ұл болар. Көресі жарығы бар бір ұлым болса, құдайым он қыз берсе де көп демеймін», – деп келген кісілердің бетін қайтарған екен. Расында да, Ұлжалғастың артынан ұл жалғасып, 1953 жылы өмірге мен келіппін. Араға үш жыл салып, қарындасым Бақыт туылды.
     Сонымен Өмірзақ пен Мейірханнан тараған бес ұл-қыз олардың өмірін жалғастырып келеміз.
    Мен он жасар бала кезімде, яғни 1963 жылы үлкен әпкем Жадыра Темірланның маңындағы «Коммунизм» деген жерге тұрмысқа шықты. Әпкемнің өзі медбике, жолдасы Кемелбек рентгенолог болып жұмыс істейді. 1964 жылы әпкем мен жездемнің шаңырағында маңдайы торсықтай ұл туылды. Сонда әкем Кемелбек жездемнің әкесі Тілеу құдасына барып: «Тілеу, құданы құдай қосады деген. Өздерің өсіп-өнген әулеттенсіңдер. Мына өмірге екеумізге ортақ бір немере келді. Әкесі сенің ұлың болса, анасы менің қызым. Үйде еншісі бөлінбеген інімнің әйелі Мырзақыз құдағиыңды білесің. Соғыстың аяқталғанына қанша жыл өтсе де інімнен күдерін үзбеді. Мені құдам десең, осы екеумізге ортақ немерені Мырзақыздың бауырына салайық. Аты өшпесін, мына немереміздің фамилиясын Боранбаев деп жаздырайық», – депті.
       Айтқанындай-ақ содан әкем ұзаққа бармады, араға үш жыл салып, 1966 жылы асқазан обырынан көз жұмды. Мырзақыз жеңгеміз сонымен алты айлық кезінде Талғат Боранбаев деген жігітті өз перзентіндей бауырына басты. Өзінің тұңғыш перзенті қатар Мырзабек есімді көкеміз ердің жасы елуге келгенін тойлап тойға шақырғанда: «Әттең-ай, Болатым тірі болғанда ол да елуге келер еді, мен де бір ормандай ел болып отырар едім», – деп көзіне жас алған еді.
     Талғат ер жетті, техникум бітірді. Содан соң Талғатты үйлендіріп, жұмыс бабымен олар Алматыға қоныс аударатын болды. Сол 1989 жылы бүтін бір өмірін абысыны мен қайынағасының қасында өткізген Мырзақыз жеңгеміз енші бөлісті. Сонда анам мен жеңгемнің құшақтары ажырамай, еңкілдеп ұзақ жылағаны әлі есімде. Талғат пен Сағымжан келіннің тұңғыштары, Мырзақыз жеңгеміздің егіз немерелері Олжас пен Елжастың дүниеге келуіне екі ай қалғанда, 76 жасқа қараған шағында жеңгеміз өңеш обырынан көз жұмды. Араға тоғыз жыл салып анам Мейірхан да келінінің артынан бақилық болып кете барды».
     ...Ол сол күйі соғыстан оралмады. Ал жұбайы Мырзақыз келсе өзі киеді деп оған арнап қара былғарыдан тігілген тон мен саптама етікті, көк жүнді қаракөлдің терісінен тігілген тымақты әр жазғы шілдеде кебежеден шығарып күнге жаяды. «Бәлкім келіп қалар» деген үміт оның кеудесінен жаны шыққанға дейін үзілмегендей...