Антон Хреков 31 арнадағы «Информбюро» ұжымына тренинг өткізді

Антон Хреков 31 арнадағы «Информбюро» ұжымына тренинг өткізді
жеке
блог
«Информбюро» бұған дейін еліміздегі ең танымал бағдарламалардың бірі болып келді, оның өзіндік көзқарасы, ерекше ұстанымы бар. Басқа бағдарламалардан өзгешелігінің оның бірегейлігінде. Бүгінде отбасылық арнаға айналған «31 арнаның» ақпараттық сипаттағы бірден-бір бағдарламасының қызметкерлері Антон Хрековтың сабақтарынан керегін алды деп есептейміз.
Антон Хрековтың пікірінше, кез келген ақпараттық концепцияны тұтынушыға бағыттау керек. Ол тұтынушының құқығын қорғап, халықтың сөзін сөйлеген жағдайда ғана жоғары рейтингтік көрсеткішке ие бола алады. Бір ғана ақпарат беріп қоймай, болған келеңсіз жайттардың қалай алдын алуға болады, оны болдырмаудың, одан сақтанудың амалдары қандай, кез келген құндылықты қалай өз игілігіңе пайдалану мүмкін деген секілді сұрақтарға жауап берген жағдайда ғана көрермен бұл бағдарламадан өз керегін таба алады. 
Әрине, «Информбюроның» да ұстанымы – қарапайым халықты жақтау, әділетсіз шенеуніктердің әрекетін әшкерелеу, сапасыз қызметтерді көрсету, өмірдің кез келген саласындағы жағымсыздықтарды бәрінен бірінші болып халыққа таныту. Сыни тұрғыда ойлай алатын, өзбетінше шешім қабылдау мүмкіндігі бар, елдегі ақпаратты ой сүзгісінен өткізе алатын көрермен тәрбиелеуді мақсат тұтқан бағдарламаның қазіргі тақырыптары қаншалықты сұранысқа ие деген сұраққа Антон Хреков бір сұхбатында былай деп жауап берген: «Мен саясаткер емеспін. Бар болғаны бизнес-тренермін. Менің мақсатым – қызметкерлерді шешім қабылдауға үйрету, біліктілігін арттыру. Қазіргі таңда мен саясатпен айналыспаймын, «субъективті», «объективті», «бағалау» тағысын-тағы сөздерді жиі қолданбаймын. Менің ойымша, ақпаратты хабар таратуда саяси көзқарасты негізге алуға болады, бірақ оны айналып өту үшін ақпарат берудің басқа да әдістерін қолдана білу керек. Егер барлық азаматтарға қатысы бар ұсыныстар келіп түссе, біз оны көрсетеміз. Бірақ, негізінен, әр адам нақты мәселені шешуде осыны қолданса болады ма деген сұраққа басты назар аударуға тырысамыз. Ал саясатпен айналысып, белгілі бір топтарды жақтау немесе мемлекеттің сөзін сөйлеу, біресе бейтарап күйде қалу дегендер қазіргі таңда ешкімге керек емес. Ол өткен жылдардың әңгімесі. Көрермендердің басым бөлігіне мұның қызық еместігін сеніммен айтамын. 
Қорыта келе айтарымыз, белгілі бизнес-тренер ең бастысы көрерменнің пікірімен санасу, олардың шынайы қажеттілігін беру, жасандылыққа бой алдырмау сияқты қасиеттер ақпараттық саланың журналистеріне тән болуы керектігін атап өтті. Антон Хрековтың пікірінше, тәжірибе алмасудағы басты мақсаты ақпараттық саланы насихаттау, басқа сала қызметкерлерін соған үгіттеу емес. Сөзінің соңында, біріншіден, нарыққа бейімделу керек, екіншіден,  басқа ақпараттық қызметтер арасында бәсекеге қабілетті болу, үшіншіден, қазақстандық көрермендердің қалауын ұсыну деген басты үш қағиданы ұстанған журналистің ісі сәттілікке жеткізетінін баса айтты.