Біліміңді «Метрода» тексеріп көр

Біліміңді «Метрода» тексеріп көр
жеке
блог

Естеріңізге салайық, реалити-шоу еліміздегі ең қымбат «түсірілім павильоны» саналатын Алматы метрополитенінде түсіріліп келеді. Қазақстандықтар үшін метро жай ғана қатынас құралы емес, сондай-ақ қаланың баға жетпес құндылығы, мақтанышы. Әлемдегі бірегей жобаның идеясын қазақстандық команда жасақтаған. Отандық көрермендер оған оң бағасын беріп үлгерген, қазірде бағдарлама жоғары рейтингке ие. Шоу «31 арнадағы» «Үздік телеойын» атанды. Реелити-шоудың бастамашылары – «31 арна» мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауына ие болған «Метрополитен» ҚМК. 

Телешоудың ережелері қарапайым: 8 қатысушы жол бойында жүргізуші Данияр Батырбаевтың қойған сұрақтарына дұрыс жауап беріп отыруы керек (жолда 7 стансаны жүріп өтеді). Әрбір стансада дұрыс жауап бере алмаған бір ойыншы ойыннан шығып отырады. Ойлануға 30 секунд уақыт беріледі. Жауап беруге мүмкіндік алу үшін арнайы «жалаушаны» бірінші болып көтеру керек. Дұрыс жауап берген қатысушы ұпайы аз бір қарсыласынан құтылады. Ең соңында қалған ойыншы жеңімпаз деп танылып, 15 000 теңге көлемінде сыйлық алады. Ал суперойынға шыққан финалист екі есе көп ұтысқа ие болады.   

Бағдарламаның режиссері Виктор Капицевтің айтуынша, шоу қазақстандық көрермендерге жақсы таныла бастаған, қазірдің өзінде қатысамын деушілер түсірілім алаңына ерікті түрде келіп жатыр екен.   

- Біз бағдарламаны әлеуметтік белсенділігі жоғары, әлемде және елде болып жатқан оқиғалардан хабардар қазақстандықтарға бағыттадық, - дейді Виктор Капицев. – Өйткені бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрі қолжетімді болды. Сөйтіп біз қазақстандықтардың жан-жақты, білімді, тапқыр, көңілді әрі артта қалмағанын дәлелдегіміз келді. Бағдарламаның басты мақсаты осы.  

- Барлығын қызықтыратын сұрақ – бағдарламадағы тапсырмалар қаншалықты қиын? 

- Сұрақтар түрліше, табиғат пен асханадан бастап саясат пен олимпиаданы да қамтиды. Негізінен, өмірдің барлық саласын қамтуға тырысамыз. Тәжірибе көрсеткендей, 35 жастан асқан адамдар басқаларға қарағанда білімдірек болып шықты. Дегенмен бағдарламаға белгілі бір ақпаратты білмейтін қазақстандық тап болса, біз оған әлемде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып жүруді үйреткіміз келеді. 

- Виктор, жүргізушінің ауысқаны бағдарламаға қалай әсер етті?

- Әзірге айту қиын, бағдарлама эфирге шығып, рейтинг белгілі болған жағдайда ғана бұл туралы айтуға болады. Данияр Вадим сияқты емес. Оларды салыстыруға болмас. Даниярадың өзіндік ойынды жүргізу мәнері бар, ол шығармашылық адамы, тіпті дене бітімі мен терісінің түсі де өзгеше. Ол мүлде басқаша! Маған ол ұнап қалды.   

- Жүргізушілерді де білім деңгейіне қарай таңдадаңыздар ма? 

- Иә, осы рөлге үміткер болған он шақты жүргізушінің арасында кастинг жүргіздік, тапсырма ретінде оқиғаларды ойдан құрастырып, оларды шатастыруға тырыстық. Жүргізушілердің одан қалай сытылып шығатынын көргіміз келді. Өйткені біз түсірілім барысында бағдарламаға кедергі болмау үшін араласпаймыз. Себебі бұл реалити-шоу. Ал бізге керегі – ойыншының эмоциясы. Данияр осы сыннан өтті.

- Метро» бағдарламасы «31 арнаны» қалай сипаттайды?

- Біздің бағдарлама «31 арнадағы» «Үздік телеойын» атанғанын мақтанышпен айта аламын. Бағдарлама бұл арнаға барлық сипаты жағынан сәйкес келеді. Өйткені «31 арна» өзі көңілді, серпінді, танымдық арна ғой. Арна қандай болса, бағдарлама да сондай! 

Айта кетейік, «Метро» бағдарламасының жалғасы наурыз айында түсіріле бастайды. Сондықтан көктемде Алматы метросының жанынан құр өтпеңіз. Ал әзірге, ақпан айында «31 арнадан» бағдарламаны тамашалап, қатысушылармен бірге өз біліміңізді тексеріңіз!