Балаға оқуды ойын түрінде үйретеміз

Балаға оқуды ойын түрінде үйретеміз
жеке
блог

Бұрын ойлайтынмын, балаға тым ерте әріп танудың еш қажеттілігі жоқ деп. Уақыты келгенде, мектепке барарда ақырындап үйренеді деп. Бірақ соған қарамастан, үлкен ұлым 4,5 жаста оқып үйреніп алыпты. Иә, дәл солай, өзі үйреніп алды. Үйде кешке жақын демалып отырғанда баламның буындап оқып отырғанын естігенде өзім таң қалдым. Бірде-бір әріпті білмей оқып кетті демеймін, әрине. Әріптердің барлығын білді, бірақ дәл осылай оқып кететінін күтпедім. Күні-түні әріп жаттадық деп те айта алмаймын.  

Сол кезден ойлана бастадым, ол ненің себебінен болды деп. Сөйтіп, еске түсіріп, сараптап, біраз қорытындыға келдім.

Сонымен, балаларды оқуға қалай үйретуге болады?

Біріншіден...

Өзі сурет салғанды керемет жақсы көреді. Қағазы мен қарандаштары қолынан түспейді. Арасында үйдегі үлкендерге де салғызады сүреттерін. Сөйтіп, шамамен 4 жасынан бастап бір сурет салған сайын жанына атауларын жазып отырдық. Мысалы:

 мектепалды даярлық

Солай көптеген сөздерге көру есі (зрительная память) қалыптасты. Қандай әріптер бар екенін айта алмайды, бірақ сөзге қарап не жазылып тұрғанын анық айтатын болды. Жақын туыстарының аттарын да солай жаттап алды.

 

Екіншіден...

Әріптері және буындары бар қағаздан жасалған карточкалар жасадық. Олармен қарапайым сөздер құрастырдық. Мысалы, «А» әрпі мен «ТА» буыны бар карточкадан «АТА» сөзін жазды.

Тағы басқа көптеген сөздер құрастырып беруге болады. Баланы жалықтырып алмау үшін бір ретке 2-3 сөз жетіп жатыр. Кейін өзі де сұрайды.

 

Үшіншіден...

Бүл пункт тек қана баланың өзімен жүзеге асырылады. Баламның өзі ойлап тапқан методика десе де болады)). Кез келген кітап бетіндегі, ойыншықтардың сыртындағы немесе затбелгілердегі сөздерді көшіріп жазады, сосын келіп не жазылып тұрғанын сұрайды, сөйтіп бірнеше қайтара жазады. Оны да жаттап алады. Ең жақсы көретіні тәтесі сыйлаған «Кішкентай математик» деген кітаптың атауы болды. Жазатын қағаздарының қайсысын алып қалсаң болды,  «Кішкентай математик», «Кішкентай математик» деп жазылған болды. ))

 

Бұның бәрі ойын түрінде болған нәрсе және тек қана баланың терең қызығушылығымен. Өйткені, баланың қалауынан тыс оған зорлап ешнәрсе үйрете алмайсың.

Әрине, баланы оқуға оңай әрі тез үйретудің әртүрлі әдістемелері ғаламтор беттерінде өте көп қазір. Оның ешқайсысын көрген жоқпыз (5 жасқа толғаннан кейін бірақ бастаймыз деп жүргенбіз). Бірақ бұл әдісті тәжірибе жүзінде өзіміз жасақтадық десек те болады. Бұл ең тез әдіс, бала екі айдың ішінде оқып кетеді деп айта алмаймын, дегенмен, ойын түрінде, баланы шаршатпай, өзіңіз де шаршамай баланы оқып үйрететін бірден бір әдіс.

 

Балаларыңыз Сіздерді қуанта берсін!!!

 

Сіздердің басқа қандай кеңестеріңіз бар?




Бөлісу: