ШҚО-дағы ауылдардың бірінде мал қырылып жатыр

ШҚО-дағы ауылдардың бірінде мал қырылып жатыр
Фото: Ольга Шанталь

Риддер қаласына қарасты Пригородное ауылының тұрғындары ауыл шетінде мал қырылып жатқанын айтып дабыл қағып отыр. Қала басшылығындағылар мәселені растап, қазіргі уақытта себебі анықталып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Риддер тұрғыны Ольга Шантальдың сөзінше, жергілікті жұрттың өтініш-шағымы 10-12 күн бұрын түскен. Ауыл ішін күлімсі иіс жайлап, біртіндеп қолқаны қаба бастаған көрінеді.

"Мұның бәрін бір адам істеп отыр. Шаруа қожалық иесі болуы мүмкін. Малдың қалай өлгені түсініксіз. Әлдебір ауру болуы мүмкін, әйтпесе көтерем малға ұқсамайды", – деді Досжан Мұхаметов.

Мәселені әлеуметтік желіде көтерген Ольга Шантальдың сөзінше, жұмысбасты тұрғынның бірі өлген малын өзен жиегі мен алаңдарға тастап жүр.

"Осының ақ-қарасын анықтауды талай рет өтіндік. Бірақ нәтиже жоқ. Ірі қараның не себепті қырылғанын зерттеу қажет. Әйтпесе, мұны істеп жүрген кәсіпкер мал етін адамдарға сатады ғой", – деді белсенді.

Бұл ретте қала әкімдігіндегілер санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдерімен бірлесе, А.С. Дудкиннің шаруа қожалығы аумағына барып тексеріс жүргізді.

"Нәтижесінде малдың себепсіз қырылу фактілері расталды. Одан бөлек, санитарлық және экологиялық кодекстің бұзылғаны анықталды. Алаңдар мен су қоймалары маңында малдың өлекселері мен сүйектері табылды. Қазіргі уақытта Риддер қалалық прокуратурасына, ШҚО Экология департаменті және облыстық прокуратураға хат дайындалып жатыр", – деді Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Қосантаев.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы