"Сыр мұнайын сауын сиырға айналдырған". Депутат Жайымбетов салықтың басқа қалаларға түсіп отырғанына қынжылды

"Сыр мұнайын сауын сиырға айналдырған". Депутат Жайымбетов салықтың басқа қалаларға түсіп отырғанына қынжылды

Қызылордада мұнай өндірілгенімен салығының рақатын басқа қалалар көріп отыр. Кезекті Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов осындай мәселе көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Ондай компаниялардың басты мекемелері басқа қалаларда. Сондықтан салықты миллиардтап басқа қалаға төлеп отыр. Нақтырақ айтсам, мұнайды сол өңірде өндіреді, салықты басқа аймақта төлейді. "Саутс Ойл" дегенді қараңыз: Түркістан облысына түсіргені - 55 млрд., ал Қызылорда облысына - небәрі 3 млрд теңге. Компанияда 830 адам жұмыс істесе, соның 60 шақтысы ғана Қызылорда филиалы мен Тереңөзек өкілдігінде тіркелген. Қалғаны - түгел түркістандық. "Саутс Ойл" Сыр мұнайын сауын сиырға айналдырғалы 20 жылдан асты. Бірақ осы уақыт ішінде демеуші де болмаған, қайырымдылыққа да қатыспаған" - деп қынжылыс білдірді депутат. 


Мархабат Жайымбетов бұл жергілікті жұрттың ашуына тиетінін айтты.


"Менің ойымша, қай аймақта мұнай өндірілсе, басты мекеме сол аймақта болуы тиіс. Сол өңірге салығын төлеп, халқын жұмысқа тартып, әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, қолдау білдіру қажет. Қара алтын қоры онсыз да қысқарған уақытта бұл - орынды мәселе. Қызылордада қазір кезіндегідей жылына 12 млн тонна емес, соның үштен бірі ғана шығып жатыр. Әсіресе, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының территориясында мұнайдың көп өнімі өндіріледі. Бірақ пайдасын көп көріп отырған жоқ. Бұл мәселе еліміздің басқа аймақтарында да бар. Экология зардабын сол өңірдің халқы көреді, жақсылығын неге көрмейді? - делінген депутаттық сауалда.

Назерке Саниязова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы