Сайлауға небәрі 93 адам келген. Бірақ 230 сайлаушы дауыс бергені күдік тудырған тұрғындар шу шығарды

Сайлауға небәрі 93 адам келген. Бірақ 230 сайлаушы дауыс бергені күдік тудырған тұрғындар шу шығарды
Фото: Автордан

Маңғыстауда Басқұдық ауылының әкімін сайлауда шу шықты. Байқаушылар мен тұрғындар сайлаудың қорытындысын заңсыз деп танып, қайта өткізуді талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 Сайлауда сенімді уәкіл болып жұмыс істеген Нұрбек Өмірзақов саяси науқанның әділ болмағанына ашынды. Ол учаскеде таң атқаннан дауыс беру аяқталғанға дейін жұмыс істеген. Айтуынша, сайлаудың қорытындысы қолдан жасалды.  

"Біз ешкімнің мүддесін қорғап тұрған жоқпыз. Бізге жұмыс істейтін әкім керек. Дауыс беруге келгендерді белгілеп, бастан-аяқ камераға жазып отырдық. Жақсы, дәретханаға кеткенде 10 тіпті, 20 адамды өткізіп алды делік. Қалайша 137 адам көзге көрінбей қалады. Бұл мүмкін емес. 93 адам келеді. Бірақ 230 дауыс шығарады", - дейді Нұрбек Өмірзақов.

Сенімді уәкілдер мен байқаушылардың уәжін қолдап, тұрғындар да әділдікті талап етті.

"Ауыл қоқысқа көміліп жатыр. Жол жоқ. Су жоқ. Судың тапшылығы жанымызға батып отыр. Халықтың жанайқайына құлақ асып, жұмыс істейтін адам келгенін қалаймыз",- дейді Басқұдық ауылының тұрғыны Күләш Салаева.   

Мұнайлы аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Бейімбет Сүлейменовтің айтуынша, ауыл әкімі болуға 3 кандидат тіркелді. Сайлау өтті. Алайда, құзырлы органға 4 байқаушыдан шағым түсті. Енді соған байланысты тексеру жүргізіледі. Ал, сайлаудың нақты қорытындысы 1 аптадан кейін белгілі болады. Айта кетейік,  Басқұдық ауылдық-округінде 16 мыңнан астам дауыс беруші тіркелген. Бірақ, сайлауға тек 1039 тұрғын қатысты.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы