"Таңертең тұрсам, көз жоқ, бәрі тас қараңғы". Ерлан Төлеутай қалай екі көзінен айырыла жаздағанын айтып берді

"Таңертең тұрсам, көз жоқ, бәрі тас қараңғы". Ерлан Төлеутай қалай екі көзінен айырыла жаздағанын айтып берді
Фото: видеодан кадр

Өнертанушы Ерлан Төлеутай Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында қалай екі көзінен айырыла жаздағанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ерлан Төлеутай "Қазақ хандығын" жазған кезде зорыққаннан құлап қалғанын айтты.

"Қазақ хандығын" жазған кезде де 3-4 күн отырасың үстел басында сөз келмей, бір хал кешуіңіз керек. Сол ұзақ отырып, бәленбай қағаз шималап отырған кезде бірдеңе тыж ете қалады. Содан кейін сіз одан шыққыңыз келмейді, сонда қамалып отырып, айлап отыра бергің келеді. Бірақ енді одан да құлайсың, зорығып кетесің. Жазып-жазып, зорығып кетіп құлаған кезім де болды. "Қазақ хандығын" жазған кезде зорығып кетіп, үстелден құлаған кезім болды. Содан ауру болып қалдым. Қазір тез шаршап қалатын ауруға ұшырадым", - деді ол.

Сондай-ақ Ерлан Төлеутай қалай екі көзінен айырыла жаздағанын айтып берді.

"Негізі көзімнің кішкене ауырып жүргенін сездім. Жасаурай берді. Күнімен, түнімен жазу жазамыз ғой. Мен 18 сағат жұмыс істейтінмін. Өйткені Қазақфильмде жазулар, қағаздар өте көп болды. Оны үйге алып келіп істеймін, өзімнің кітабым бар. Сөйтіп, көзімнің ауыра бастағанын сездім. Қазақ хандығын жазып, түсіріп біткеннен кейін бірнеше жылдан кейін "Ақын" деген фильмді түсіріліп жатты. "Ерлан, сен мына сценарийіңді қазақша етіп бер" деді, мен "жарайды" дедім де жазып-жазып апарып бердім.

Күні бойы түсірілімде болдым, түсірілімдегі ақ жарық деген енді қатты ғой. Ақ жарыққа ұзақ қарап отырып қалыппын, білмеймін не ойлап кеткенімді. Түсірілімнен шығып, сыртта келе жатыр едім, көзіме шаш түсіп кеткендей сезім болды. Оны алып тастайын десем кетпейді. Айнаға қараймын ештеңе жоқ. Үйге келгесін әйеліме "көзімді қарашы, шаш тұр ма" дедім. "Ештеңе жоқ" деді.

Келесі күні түсірілімнің жалғасын түсірдік. Үйге келдім, таңертең тұрсам, көз жоқ. Бір жағым тас қараңғы, бір жағым бірдеңені бұлдырап көріп тұр. Қорқыныш болды. Дәрігерге бардық. Мына көзіңіз біткен, екінші көзіңізді тезірек құтқару керек деді. Содан ота жасатты, олар маған 7 пайыз көретін болдың деді. 7 пайыз деген де қараңғы ғой.  Кейін Мәскеудегі хирург шақырды, пандемия кезі еді, билет жоқ. Ол кісінің графигіне түсе алмай қалдым. Тапқаннан кейін қайта хабарластым, енді мен емес, балам сөйлесіп жатыр онымен. Мен депрессияға түсіп кеткенмін. Ол негізі оқушысын ұсынған, бірақ мен не болса да өзі жасасын дедім. Онда шетелге барып келейін, сосын келіңдер деді. "Сәуле бар ма көзінде" деп сұрады, мен "бір-ақ сәуле түсіп тұр" дедім. "Сол сәуле жойылмаса келсін, егер ол жойылса, келмей-ақ қойсын" деп қорқытты. Жойылмай бардық қой. Сөйтіп, ол кісі екі көзімді де ашып берді.

Кейін себебі неде деп сұрадым. Көз де сыртқы ми дейді. Ұйықтамай жұмыс істей бергендіктен, мидағы күш, ішіндегі қысым көзді жарып жіберген дейді. Соншама жұмыс істейсіз, соншама бейнет кешесіз, сонда бір жақсы атақ жоқ қой. Жақсы атақ керек жоқ, күн көрсетпейді ғой. Министрлігің де, биліктегілер де, қоғамдағы пысықтар да, бір сені қорлағаннан ләззат алады ау деймін", - деді өнертанушы.

А. Жапатова